«Біз қазақ халқы алдында әрқашан қарыздармыз»

«Біз қазақ халқы алдында   әрқашан қарыздармыз»
ашық дереккөз
«Біз қазақ халқы алдында әрқашан қарыздармыз»

Алғыс айту күнінде түрлі этнос өкілдері осылайша ағынан жарылды

«Сонау бір қиын шақтарда бөтен жұрт демей, құшағын ашқан, байтақ ел, рахмет саған!..». 

Достық алаңындағы мерекелік іс-шараны театрландырылған қойылыммен ашқан түрлі этнос жастары сонау бір кездері туып-өскен жерінен күштеп көшірілген ата-бабаларын жатсынбай қарсы алып, меймандостық танытқан жергілікті ұлт өкілдеріне деген шынайы алғыстарын осылайша тебірене жеткізді. Тұтас халықтардың тағдыры-тәлейі арқау етілген бұл көрініс көзге жас алдырмай қоймады. Бүгінде қазақ жері бір атаның баласындай болып ұйысқан сандаған ұлыстың жерұйығы – бақыт мекеніне айналғанын ешкім жоққа шығара алмасы анық.

Бұл жөнінде жиналған қауымға корей ұлтының ақсақалы Михайл Сон тебірене әңгімелеп берді. «Бір кездері Қиыр Шығыстан пана іздеп келген бізді туған бауырындай құшағын жая қарсы алып, қамқорлық танытқаны үшін ұлы қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Елбасымыз бізге табиғаттың жаңарып, жандануымен тұспа-тұс аталып өтілетін тамаша мереке ұсынып отыр. Оны мерекелеу ғасырлар бойы үзілмей жалғасатын үрдіске айналатынына сенімдіміз», – деді ол. «Алтын керуен» туристік орталығының директоры Альбина Веймер де өз сөзінде немістердің саяси қуғын-сүргін жылдарында меймандос, кеңпейіл қазақтар арасынан пана тапқанын, енді бұл жер олардың ұрпақтарының туған жері – Отанына айналып отырғанын толғана жеткізді. Бұдан соң шара облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері «Алғыс бәйтерегіне» өздерінің туып-өскен мекеніне, қазақ еліне деген алғыстарын арнайы қағаздарға жазып, ілуі рәсіміне ұласқан. Осы тұста led-экраннан суреттері көрсетіліп, елімізді әлемге танытуға өз үлестерін қосқан И.Ильин, Д.Тен, Г.Головкин, И.Байрамуков, О.Шишигина, М.Манеза секілді саңлақ спортшыларымызға да алғыс айтылды. «Алғыс қобдишасы» маңындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың, қылқалам шеберлерінің, бірқатар отбасылар атынан келінінің енесіне, ұлының ата-анасына, ерлі-зайыптылардың бір-біріне алғыстарын айтуы да өнеге етерлік үлгі болды. Барлық қатысушылар мен филармония әншілерінің ақын Н. Қашағановтың сөзіне жазылған Ә. Салабековтің «Рахмет саған, туған ел!» әнін қосыла шырқауымен шараның маңызы мен мәні ашыла түскен.

«Қазақстан – бақыт мекені» атты бұл мерекелік шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев орынбасарларымен бірге келіп, қатысып отырды. Бұл күні Тараз қаласында «Қазақ хандығы» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі, аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында, балалар үйлерінде қайырымдылық шаралары, ұйым, мекеме, кәсіпорындарда «Мен – қазақстандықпын» акциясы, кинотеатрларда «Жерұйық» фильмінің көрсетілімі, қайырымдылық концерттері, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, көрмелер, фестивальдар ұйымдастырылды. Әсіресе, облыс орталығындағы бірқатар шаштараз, монша иелерінің жағдайы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мүшелеріне тегін қызмет көрсетуі де Алғыс айту күнінің шарапаты екені анық. Ал «Smаll» супермаркеті бұл күні 400 дана тәтті нанды тегін таратып, тұрғындарға 29 ақпан-8 наурыз аралығында жуғыш заттарды 20-30 пайыз жеңілдетілген бағамен ұсынып отыр. «Арзан» супермаркетінің де осы аралықта өткерілетін жуғыш заттарға, балалар тағамына, шоколад өнімдеріне, басқа да тауарларға жеңілдіктері бар. «Дәмдес» супермаркеті мереке күні халыққа бөлке нанды 25 теңгеден сатты. Қысқасы, «Алғыс айту философиясы», «Алғыс айту тарихы», «Туған еліме мың алғыс» бағыттарының барлығы қамтылуымен аталмыш мереке облыстың барлық қала, аудандарында кең көлемде аталып өтілді. 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуы күнімен тұспа-тұс келіп, күнтізбемізге жаңадан енген мерекенің ешбір дінмен де байланысы жоқ. Дегенмен, жылдың бір күнінде не үшін рахмет айту керек екенімізді ойлана жүрсек, артықтық етпейтін секілді. Көптеген адамдар материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болса да, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып қалып жатады. Ең бастысы – алғыс айта білу ғой!

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар