Ашық әрі бәсекелестік негізде

Ашық әрі бәсекелестік негізде
ашық дереккөз
Ашық әрі бәсекелестік негізде

Бүгінгі таңда, квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттің жылжымайтын мүлкін жекешелендіру жұмыстары қайта зерделеніп, Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы «Жекешелендірудің кейбір мәселелері» қаулысымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жалғасуда. Қазақстан Республикасының жекешелендіру туралы заңнамасы алғашқы кезден бастап экономикалық жетістіктері бүгінгі күні дамушы елдер үшін үлгі болатын алдыңғы қатарлы мемлекеттердің, дүниежүзілік қаржы институттарының тәжірибелеріне негізделді. Сонымен қатар, осы салада қабылданған әрбір жаңа құжат жемқорлықты болдырмайтындығымен ерекшеленеді, ал сауда жүргізуге сатушылар мен сатып алушылардың тура байланысын болғызбайтын заманауи технологияларды қолдану осы қағидаларды жүзеге асыруға жол ашады. Елбасы Жолдауында: «Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек» деп мемлекеттік маңызды мәселенің ашықтығына баса назар аударуды міндеттеді. Жекешелендірудің екінші толқынының нысандарын сату үшін электрондық порталға өзгерістер енгізілді. Барлық сауда-саттық жұмыстарын www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталымен бірлесе бірыңғай сауда алаңында электрондық пішінде өткізіледі. Бұл – сауда-саттықтың ашықтығын және бизнестің «бір терезе» қағидасы бойынша ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Порталда жекешелендірудің екінші толқынымен байланысты барлық қажетті ақпаратпен бірге нысандардың атауы көрсетілген сату кестелері, инфографика және сауда-саттыққа қатысу тәртібін түсіндіретін бейне-нұсқаулықтар орналасқан. Мемлекет меншігін жекешелендіру барысында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру жөніндегі тұрақты жұмыс комиссиясының құрамына облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі енгізілді. Облыс көлемінде 27 нысанның 22-сі жекешелендірілсе, оның ішінде Тараз қаласы бойынша 6 ұйымның бүгінгі күнге 4 нысаны жекешелендірілді. Нәтижесінде облыстық бюджетке 90,9 миллион теңге, оның ішінде Тараз қаласы бойынша 6,4 миллион теңге түсті. Атап айтқанда, «Орталық диспетчерлік қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы 51 пайызы мемлекеттік қатысу үлесі және «Жамбыл-Тараз» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы 10 пайызы мемлекеттік қатысу үлесі ағылшын әдісімен жекешелендірілді. «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы 51 пайызы мемлекеттік қатысу үлесі кейіннен сатып алу құқығымен 3 жыл мерзімге «Темір-Қазына» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілді. «Болашақ» балаларды сауықтыру лагері» қазыналық кәсіпорнын мүліктік кешен ретінде кейіннен сатып алу құқығымен 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендер қорытындысы бойынша «Жәрдем» психо-неврологиялық медициналық орталығы» ЖШС жеңімпаз болып танылды. «Дзержинец» демалыс орталығы 2016 жылдың 19 қаңтарында 3 жыл мерзімге кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға «Еламан» ЖШС-на берілді.

Молдажан АБСАТОВ, Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі коммуналдық секторының меңгерушісі.

Ұқсас жаңалықтар