Қазақты жамандама, қазақ бала

Қазақты жамандама, қазақ бала
ашық дереккөз
Қазақты жамандама, қазақ бала

Табиғат түрленіп, жер бусанатын наурыз айы жан жадыратар жақсылықпен басталды. Өйткені, биыл елімізде алғаш рет наурыздың бірінші күні – Алғыс айту күні ретінде аталып өтілуде. Бұл мереке – еліміздегі барша ұлт пен ұлысқа ортақ қуаныш. Осыған орай облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Тілге құрмет – елге құрмет» атты фестиваль өткізді. Оған өзге ұлт өкілдері, тіл жанашырлары және сала қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, басқарма мен орталықта көп жыл бойы тілдерді дамыту саласында еңбек еткен ардагер мамандар фестивальдың арнайы қонағы болды. 

Мемлекеттік тілді оқыту орталығының тіл үйренуші өзге ұлт өкілдері мен қызметкерлерінің орындауындағы «Атамекен» әнімен ашылған шара барысы шат-шадыманға толы болды. Ұлттық рухтағы әнді тебірене шырқаған он түрлі ұлттың өкілі өңірімізді мекен етіп отырған өз этностарының атынан «Рахмет, Елбасы!», «Рахмет, Қазақстан!» деп ұрандатқаны мерекелік жиын мазмұнын байыта түсті. Бұдан соң сөз алған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева бұл мерекенің маңызына тоқталды. «Алғыс айту күні – барша қазақстандықтарға арналған жалпыұлттық мереке. Бұл күні тек қазақ халқына алғыс айтылып, түрлі этностардың өзара татулығы нақышталып қана қоймайды, сондай-ақ әрқайсымыздың бір-бірімізге деген құрметімізді, отбасындағы түсіністігімізді, ата-ана, үлкендерге деген сыйластығымызды арттыратын күн. Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп жатқан барша адамдарды жақындастыруға бағытталған мереке», – деген Ғалия Боранбаева сала ардагерлеріне көп жылғы жемісті еңбектері үшін алғыс айтып, марапаттап, сый-сияпат жасады. Игі шара соңы Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» өлеңіне құрылған композициямен аяқталды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар