Түймекенттегі жаңа мектеп

Түймекенттегі жаңа мектеп
ашық дереккөз
Түймекенттегі жаңа мектеп

құрылысы аяқталғанда оқушылар «үш ауысымда» оқуды ұмытады

Мектептерді жаңа модифи­кациялы кабинеттермен, оқулықтармен жабдықтау мәселелеріне жеткілікті мөлшерде қаражаттың бөлінуі білім деңгейінің артуына оң әсерін тигізуде. Әйтсе де, бүгінгі күні үш ауысымды және ыңғайластырылған апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқан мектептердің мәселесін шешу – ең негізгі міндеттердің бірі екендігі басты назарда. Түймекент ауылдық округінде де оқушы санының артуына байланысты орта мектеп оқушылары үш ауысыммен оқып жатыр. Аталмыш мәселеге орай «Түймекент-Ақжар» бағытындағы жол бойынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталған болатын. Жуырда құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысымен танысудың сәті түсті. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша, жалпы сомасы 704 миллион теңгеге бағаланған нысанда бас мердігер «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары қызу еңбек етуде. Әрдайым қызу құрылыс басынан табылатын учаске басшысы Бекенәлі Серікбаев бізді атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Өткен жылдың маусым айында іргетасы қаланған ғимарат бөлмелері кең, едені төселіп жатыр екен. Жылу қазандығының құрылысы, жылу жүйесі, кәріз суының желісі, су жүйесі де толығымен аяқталыпты. Спорт залдың жартысы біткен. – Жоба бойынша біраз өзгерістер енгіздік. Атап айтқанда, мектептің сыртын сәндік-металл сайдингпен қаптадық. Сондай-ақ, жоба бойынша мозайка орнына 620 шаршы метрге керамо-гранит төсейтін боламыз. Бірінші блок (бастауыш сынып) едені толығымен ағашпен қапталды. Белгіленген жоспарға сай әрекет етудеміз. Құрылыстың негізгі жұмыстары аяқталуына байланысты бүгінде мұнда 62 адам жұмыс істеуде, оның 17-сі – жергілікті тұрғындар, – дейді ол. Сәтін салса, үш ауысымдық орта мектептің оқушылары жаңа заманға сай жаңа ғимаратта сапалы білім алатын күн алыс емес. Түймекенттік оқушылар келер жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастамақ.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ, журналист.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар