Санаулы күндер қалды

Санаулы күндер қалды
ашық дереккөз
Санаулы күндер қалды

дайындық жұмыстарын әлі де ширата түсу қажет

Облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттардың тіркелуі, аумақтық, округтік сайлау комиссияларының депутаттыққа кандидаттармен және сайлау учаскелерімен жұмысы, саяси партиялардың үгіт-насихат жүмыстарын жүргізуі мәселелері бұрнағы күні облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырып өткізген семинар-кеңесте басты әңгіме арқауы болды. Оны облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М.Сарыбеков ашып, жүргізіп отырды. 

Ол мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталып, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу басталғанын жеткізіп, осынау саяси маңызға ие, жауапкершілігі үлкен науқанды әзірлеу мен өткізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес өңірде бүгінге дейін атқарылған негізгі іс-шаралар жөнінде тарата айтып берді. Бүгінде облыс бойынша мәслихаттар депутаттығына барлығы 675 (оның ішінде 112-і – облыстық, 79-ы – Тараз қалалық, 484-і – аудандық мәслихат депутаттығына кандидат) үміткер тіркелген. Оларға сайлаушылармен кездесу үй-жайлары бекітіліп берілді, сайлаушылармен кездесу кестесі бұқаралық -ақпараттық құралдарында жарияланып, үгіттік баспа материалдарын орналастыру орындары белгіленді. –Аумақтық округтік сайлау комиссиялары бұдан ары кандидаттармен және олардың сенімді өкілдерімен өз жұмыстарын заң талаптарына сәйкес жүргізуі керек. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы шешімдерінің жергілікті жерлерде орындалуы тікелей сіздердің өкілеттіктеріңізге жүктеледі. Сонымен қатар, 28 ақпаннан бастап, әкім қол қойған сайлаушылардың тізімдерін учаскелік сайлау комиссиялары актімен қабылдап алып, әрі қарай сайлаушыларға таныстыруы керек. Сіздерге, міне, осы жұмыстарды басшылыққа алу міндеттеледі, – деген Махметғали Нұрғалиұлы сайлау кезінде халықаралық ұйымдардан байқаушылар миссиясының қызметін ұйымдастыруға байланысты елімізге, оның ішінде облысымызға тартылған өкілдердің алғашқы тобымен таныстырып, олардың бүгінде Тараз қаласымен танысу үстінде екенін, келесі аптадан бастап барлық аудандарға шығатынын айтты. Бұдан кейін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Талғат Жамалов ағымдағы жылдың 20 қаңтар-19 ақпаны аралығында өңірдегі барлығы 205 округтік сайлау комиссияларында белгілі бір қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар тарапынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылған мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың жалпы саны 691 азамат болғанын жеткізіп: «Алайда, олардың 15-і өз өтініштерін қайтарып алса, біреуінің құжаттары салық органдары тарапынан жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша тіркеуден алынған. Жалпы 16 үміткер тіркеуден өткен жоқ. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес, 24 ақпанға дейін тіркеліп, бүгінгі күнге нақтыланған кандидаттар саны 675 адамды құрап отыр», – деді. Жалпы, облыстық, Тараз қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттығына тіркелген осы үміткерлердің 77,5 пайызы ер-азаматтар, 22,5 пайызы әйел азаматтар екен. Ұлттық құрамына келсек, басым дені, 92,2 пайызы, жергілікті ұлт өкілдері, орыстар – 2,5, дүнгендер 1,8 пайызды құрайды, олардың қатарында басқа да ондаған этнос өкілдері бар. Жасына қарай бөлініс бойынша, 55 жасқа дейінгілер – 31,4, 45 жасқа дейінгілер – 25,1, 30 жасқа дейінгілер 12,1 пайызды құрап, жоғары білімділері – 83,7, арнайы орта білімі барлары – 10,7, орта білімділер 5,6 пайыздық көрсеткіш көрсеткен. Нақты айналысу қызметінен басымдық танытып отырған мемлекеттік ұйымдар мен ұжымдардың, коммерциялық саланың өкілдері екенін де атап өту ләзім. Партия ұсынымы бойынша «Нұр Отан» партиясы – 29,3, «Ауыл» партиясы – 0,7, КНПК мен «Бірлік» – 0,1, «Ақ жол» партиясы – 0,3 пайызды иеленіп отыр екен. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мадиева бүгінгі күнге дейін бірқатар жұмыстар атқарылғанын: кандидаттарды тіркеу аяқталғанын, сенімді өкілдерге куәліктер тапсырылғанын, сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясынан түскен жадынама­лар барлық аумақтық комиссияларға таратылып берілгенін айтып, саяси партиялардың үгіт-насихат жүмыстарын жүргізуі, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру, сайлау бюллетеньдерінің толтырылуы, таратылуы тәртібі, сайлаушылар тізімін ұсыну мерзімі, басқа да саяси мәні зор мәселелер жөнінде кеңінен түсіндірме берді. Қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының, облыстық округтердің, саяси партиялардың, құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар қызметінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуымен өткен семинар барысында Тараз қалалық, Жамбыл аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары Ж.Пәрімбек, Қ.Темешбаев өздеріндегі атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Махметғали Сарыбеков семинар жұмысын түйіндей келе: «Аудандар мен Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиялары өздерінің аумақтық бағынысындағы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын материалдық, ақпараттық және методикалық қамсыздандыру жұмыстарын жандандыру қажет. Жергілікті жерлерде сайлау комиссияларына қатысты барлық өзекті мәселелер бойынша облыстық аумақтық сайлау комиссиясын хабардар етулері тиіс», – деді. Ол, сондай-ақ күнтізбелік жоспарда белгіленген шаралардың мерзімінде орындалуын бақылау жұмыстары ескерілуін, сайлаушылар тізімі нақтыланып, мерзімінде тиісті аудан немесе қала әкімінің қолымен бекітіліп, қабылдап алу -өткізу актісімен қабылдануы қамтамасыз етілуін тапсырып, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын өз дәрежесінде, заң аясында жұмыс атқаруға шақырды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар