Дүнгендер қазақтарға дән риза

Дүнгендер қазақтарға дән риза
ашық дереккөз
Дүнгендер қазақтарға дән риза

Еліміздің күнтізбесінде тағы бір ерекше мерекелі күн пайда болды. Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Ендігі жерде бұл күні сонау бір кездері елімізге еріксіз көшірілген сандаған ұлт, ұлыстар өкілдерінің ата-бабаларын құшақ жая қарсы алып, қамқорлық көрсеткен қазақтарға, баланың анасына, шәкірттің ұстазына, мұқтаж жандардың меценаттарға, қысқасы, барлық ұлттың , қазақстандықтардың бір-біріне алғыс айтуы, қайырымдылық көрсетуі үрдіске де енбек. 

Шын мәнінде, сол бір аумалы-төкпелі кезеңде туған жер, өскен өңірлерінен күштеп көшіріліп, тағдыр тәлейімен еліміз аумағына арып-ашып жеткен сандаған халықтар өкілдерінің қай-қайсысы да өздерін еш жатырқаусыз қарсы алып, төріне шығарған, жарты күлше нанын бөліп берген жергілікті ұлт өкілдерінің кеңпейіл, қонақжайлылығы алдында айрықша қарыздар. Мұны қордайлық Шисыр Сибо, Суалихар Уджир қариялар да қос қолдарын көтере қолдайды. Бүгінде екеуі де құрметті еңбек демалысында, көп жылдық бейнеттерінің зейнетін көріп, ұрпақтарының ортасында әдемі қариялық шақтарын өткеруде. Кезінде бірі партия және кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарып, колхоздың бас зоотехнигі, директоры да болды, екіншісі барлық саналы ғұмырын сауда саласына арнады. Олар еңбектің не екенін, адамдармен қалай жұмыс істесуді жергілікті ұлт өкілдерімен етене араласа жүріп үйренгендерін де жасырмайды. «Қазақтар, жалпы, жатырқауды білмейтін халық қой. Бүгінгідей бақуатты да бақытты күнге жетуіміз – солардың бізді жомарт жүректерінің жылуына бөлеуінің арқасы. Қазақ елі дегенше, бауырмал ел десейші!» дейді қос қария жарыса ризашылықтарын жеткізіп. Бяньху (дүнгендердің ұлттық батыры, Қытайда ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болған) ұрпақтарының Таң елінен көп қыспақ көріп, қазақ жеріне қоныс аударып көшіп келгендеріне де жүз қырық жылға жуықтапты. Дүнген халқының тағдырын жақсы білетін Шисыр Сибо Қазақстанға ата-бабаларының қалай келгенін егіле отырып әңгімелейді. Алтайдан асып, Гималайды басып, сонсоң Түркияға шұбырған қазақтар сияқты дүнгендер де Тянь-Шань тауларын айналып, қырғыз асып, Қазақстанның Қордай өңіріне келеді. Жаратылысынан еңбекқор дүнгендер Қордайдың шығысындағы тау бөктеріндегі жазықта диханшылықпен шұғылданады. Кеңес үкіметі орнағанда ұжымшарға бірігіп, колхоз да салды. Қарақоңыз шатқалынан тұрақ тапқан үш жүздей ғана дүнген отбасы бүгінде әлденеше есеге көбейген. Саны жөнінен аудан халқының ширек бөлігін құрап отыр. Масаншыны ауыл ғып көркейтіп отырған да солар. Салт-дәстүрлерін, тілі мен дінін ұмытпаған. Масаншылықтар түгелдей ораза ұстайды. Барлық дүнген үйінде бау-бақша бар. Ертеден кешке дейін тынымсыз еңбек етіп жатқан ересектерді, ер мен әйелдерді және қыз бен жігіттерді көресің. Тал-теректері ну тоғай болып жайқалған дүнген ауылы жылдан-жылға көркейіп, гүлдену үстінде. Жамбылдық дүнгендер арасынан шыққан ғалым, профессорлар М. Сушанло, Ф. Макеева, Р. Бәкіров, М. Хасанов, суретші М. Паншаев тағы басқа да есімі танымал жерлестеріміз есімдері мақтанышпен аталады. Айтпақшы, Шисыр мен Суалихар қариялардың бір барғанымызда бізді қол қусыра қарсы алып, кезекпе-кезек ерекше қонақжайлылықпен күткені бар. Өздері коттедж үлгісінде салынған зәулім үйлерде тұрады екен. Үй былай тұрсын, әулілерінің өзі биік дуалдармен қоршалып, үстіне шатыры шалқақ бастырмалар тұрғызылған. Қариялардың бірі дүнген ұлттық тағамының түрлеріне тойдырса, екіншісі қазанға мол етіп ет салдыртты. Шисыр ағамыздың қыз, келіндері қазақтың қадірлі асын қонақтарына, бізге, мейлінше дәмдеп ұсынуға барын салып бақты. Бұл құрметі – барша қазақтарға деген құрметі деп түсіндік. Сонау бір кезгі қысылтаяң сәтте халқымыз өздеріндей «мың өліп, мың тірілген» еңбекқор дүнгендерге жатырқамай, бауырмалдық танытып, қамқор құшағын жая білді. Қазақ жерінен екінші Отанын тапқан дүнгендер, міне, содан бері ел басына түскен ауыртпалықты жергілікті ұлт өкілдерімен бірге көтерісіп, бірге жасасып келеді. Олар ортақ үй – Отанымыздың бір уығы болып шаншылып, шаңырағымыздың шалқақ, босағамыздың берік болуына жанашырлықпен ат салыса да бермек.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар