ҚИЫНДЫҚТЫ ЖҰМЫЛА ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕР ЖЕҢЕДІ

ҚИЫНДЫҚТЫ ЖҰМЫЛА ЕҢБЕК  ЕТКЕНДЕР ЖЕҢЕДІ
ашық дереккөз
ҚИЫНДЫҚТЫ ЖҰМЫЛА ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕР ЖЕҢЕДІ

Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық кәсіпкерлер палатасында «Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлемдік қаржы дағдарысына қарсы бағдарламасын түсіндіру туралы» «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Шараға қала әкімдігінің бөлім басшылары, кәсіпорын жетекшілері және жеке кәсіпкерлер қатысты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев әлемдік қаржы дағдарысы қандай да бір мемлекетке болмасын оңай тиіп жатпағанына тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен дағдарысқа қарсы Үкімет қабылдаған құжатпен қысқаша таныстырып өтті. Қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қайсар Сарытай Елбасы 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында алдағы жылдардың жаһандық сынақ уақыты болатындығын, сырттан келетін қауіптен қорғану үшін ішкі әлеуетімізді нығайту қажеттігін еске салып, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, былтыр мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші жылында біршама тірлік атқарылыпты. Барлығы 30,5 миллиард теңгенің 6 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 425 жұмыс орны ашылған. Баяндамашы сонымен қатар, қала бойынша атқарылған шаруаларды да тарқата айтып, дағдарысқа қарсы қолға алынып жатқан шараларға да кеңінен тоқталды. Осы кездері бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 172 тонна қант ірі сауда орындарына және 14,5 мың тонна ұн қаладағы 10 ірі наубайханаға арзан бағамен жеткізіліп, қамтамасыз етіліпті. Қала кәсіпорындары мен мекемелерінде жұмыс орындарын қысқартпау және еңбекақы бойынша қарыздарды өсірмеу мақсатында 1106 үшжақты меморандумға қол қойылған. Бөлім басшысы сондай-ақ мүлікті жария ету және жекешелендіру бойынша да қалада атқарылып жатқан жұмыстардан, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуынан да жан-жақты хабардар етті. Тараз қалалық әділет басқармасы басшысының орынбасары Нағима Ақынбекова, «Айвенго» ЖШС-ның директоры Любовь Попова және «Золотой Караван» туристік орталығы» ЖШС директоры Альбина Веймер сөз сөйледі. Сөз алғандардың да, пікір айтып, сұрақ қойғандардың да бір ғана мақсаты жұмыла еңбек етіп, дағдарысты еңсеру болды. Шағын және орта бизнеске көмек-қолдау көрсетудің жолдары кеңінен талқыланды. Жергілікті өнім өндірушілерге жағдай жасап, олардың өнімін тұтыну, ежелгі де жаңарған Тараз қаласын туризм орталығына айналдыру, басқа да бірқатар мәселелер көтерілді. «Дөңгелек үстел» отырысын қорытындылаған А.Сейсебаев кәсіпорын жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер айтқан мәселелердің бірде-бірі ескерусіз қалмайтынын, облыстық кәсіпкерлер палатасы бұдан былай да кәсіпкерлерге қолдау-көмегін көрсете беретінін жеткізді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар