Бірлік пен татулық негізі

Бірлік пен татулық негізі
ашық дереккөз
Бірлік пен татулық негізі

облыстық «Ана тілі – айбыным!» атты тіл фестивалі өтті

«Туған тілім – тірлігімнің айғағы

Тілім барда айтылар сыр ойдағы Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім, мен де бірге өшемін» – деп ақын жырлағандай тіл – халықтардың жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі болып келеді. Туған тілін мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек ету – кез-келген ұлт өкілінің қасиетті парызы. Осы орайда қалалық Мәдениет үйінде «Ана тілі – айбыным» атты тіл фестивалі өтті.Халықаралық ана тілі күні мерекесіне орай өткен бұл фестивальді облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Оған өңіріміздегі жоғары оқу орындарының түрлі ұлт өкілдерінен тоғыз топ қатысып, өнер көрсетті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және өңіріміздегі өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілдерін дамытуына қолдау білдіру мақсатына арналған шара барысы қызықты әрі тартысты өрбіді. Топтар үш кезең бойынша яғни, таныстыру, өз ұлтының салт-дәстүрін көрсету, өнер сайыстыру тұрғысынан бақ сынады. Алғаш болып сахнаға көтерілген Жамбыл политехникалық колледжінің қазақ тобы ұлттық рухты жанитын қазақи нақыштағы киіммен, ән-жырмен, өлең жолдарымен көпшіліктің көңілін тебірентіп, қошеметке бөленсе, Мемлекеттік тілді оқыту орталығының тыңдаушыларынан құралған дүнген және кәріс тобы да әр кезең бойынша өздерінің салт-дәстүрінің ерекшелік тұстарын жаңғыртты. М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың әзірбайжан, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің неміс, Тараз политехникалық колледжінің орыс, ТарМПИ-дің украин, Жамбыл медициналық колледжінің өзбек және Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжінің түрік ұлты өкілдерінен құралған топтар да өз кезегінде шара барысында көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Әсіресе, неміс, орыс, украин ұлттарының өздеріне тән өнерлері жиналғандардың қызығушылығын оятса, өзбек, түрік, әзірбайжан ұлттары салт-дәстүрлерінің қазақ ұлтымен кейбір ұқсастықтары өзара татулық пен берекенің негізіндей әсер қалдырды. Қатысушы өнерпаздардың орындауындағы айтылған әндер, мың бұралып билеген билері мен оқыған жыр жолдарынан да Отанға деген махаббаты, елге деген сүйіспеншіліктері аңғарылып тұрды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар