«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кереге қанат Қырандар

Кереге қанат Қырандар
ашық дереккөз
Кереге қанат Қырандар

Құсбегілер додасында Бағдәулеттің бүркіті озды

Ұлттық спорт түрлерін дамыту басты назарда десек, атадан мұра болып келе жатқан ғажайып өнер құсбегіліктің қызығы да, қиындығы да бір басқа. Біз оны Б.Момышұлы атындағы «Атшабарда» екі күн бойы тамашалаған кісінің қанын қыздырып, рухын жаныған құсбегілер арасындағы республикалық турнирде жан жүрегімізбен сезіндік.

Бұл турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және облысымыздағы «Қауырсын» құсбегілер клубының 35 жылдығына арналды. Құсбегілер сайысының ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз сөйлеп, бабадан мирас болған бүркіт баптау өнерінің бүгінге жалғасып жеткені үлкен мақтаныш екенін айтты. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов, құсбегілік өнерден мемлекеттік жаттықтырушы Күнтуған Базарбек жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді. 

Руслан Мағзұмов төрешілік еткен қолына құс қондырған құсбегілер додасына Астана қаласынан және еліміздің он облысынан 23 бүркіт, 8 қаршыға қатысты. Қансонар десе шаруаның бәрін ұмытатын, бойында қазақтың қаны ойнаған көп көрермен екі күн бойы «Атшабар» алаңынан табылды. Алғашқы күні бүркіттерді қоянға түсіру бойынша сайыс өтті. Бұл сыннан 11 бүркіт іріктеліп, сынақтың келесі түріне лайық деп танылды. Бәсеке екінші күні қызды. Жарыс үстінде өзге облыстардан келген бірнеше құсбегілермен тілдестік. Астаналық құсбегі Арманбек Күнтуғановтың бүркіті 18 жаста екен. Сайысқа түскен қырандардың ең жасы үлкені. Аты – Ақбалақ. Алматы облысынан келген 20 жасар құсбегі Алмас Сейітжановтың бүркітінің аты – Тастүлек. Абзал Әбенов Ақжелең деген бүркітті баптап келіпті. Ол да Алматы облысынан. Бұл турнирдің ең жас қатысушысы қызылордалық Сармат Әбдікерімұлын да сөзге тарттық. 15 жасар құсбегі Сарматтың бүркітінің аты Нарын екен. Иесі Нарынның барын салатынына сенімді. Бұл бүркіт кейінгі жылдары республикалық жарыстарда жүлдеге ілініп жүр екен. Жастай бабадан келе жатқан текті өнер құсбегілікке ден қойған, қазақы болмысты жалғастырған жігіттерге сәттілік тіледік. Әуелі бүркіттерді өз иелерінің қолға шақыру кезеңі басталды. Төрешілер тарапынан қатаң бақыланған бұл шарт бойынша 9 бүркіт өз иесін дәл тапты. Астаналық Арманбек Күнтуғанов пен павлодарлық Бекболат Ысқақовтың ғана бүркіті бағытты таба алмай, алысты шарлап кетті. Келесі сәтте бүркіттердің бабы қарсаққа салу арқылы анықталды. Бұл сайыста төрт бүркіттің ғана бабы келісіп, жүлденің ауылына жолдама алды. Атап айтар болсақ, қызылордалық Сармат Әбдікәрімұлының, астаналық Серікбек Күнтуғаның, алматылық Алмас Сейітжанның және жерлесіміз Бағдаулет Бабажанның құсы ортадан үздік шықты. Жеңімпазды анықтау үшін қырандар қарсаққа қайта жіберіліп, қанша секундта ұстайтынына дейін қадағаланды. Алайда, бұл жолы Серікбек пен Алмастың бүркіті қарсақты іле алмады. Бағдәулет пен Сарматтың бүркіті жорғалап бара жатқан қарсақты екінші жолы да қанжығаға бөктерді. Бүркітшілер жарысының қорытындысы бойынша Меркі ауданынан қатысқан Бағдәулет Бабажанның бүркіті жеңімпаз деп танылды. Жүлделі екінші орын қызылордалық ең жас құсбегі Сармат Әбдікәрімұлының еншісінде кетті. Жүлделі үшінші орынды астаналық Серікбек Күнтуған мен алматылық Алмас Сейітжан өзара бөлісті. Қаршыға салу сайысы да тартысты өтті. Қаршыға баптап жүргендердің бәрі мектеп жасындағы жасөспірімдер. Әуелі олардың құстарын кептерге салып сынады. Алайда, Бақтияр Нұрғали мен Шернияз Бауыржанның құсы ғана жемтігін дәл тапты. Дегенмен, келесі кезектегі жарысқа қатысушы құстарды қоянға салу сынағына бес қаршыға жіберілді. Осы сыннан озған қаршығалар жүлдеге ілікті. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының кішкентай құсбегісі Шернияз Бауыржанның қаршығасы жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орын да жамбылдық Бақтияр Нұрғалиевтың еншісінде. Үздік үштіктен Алматы облысынан келген Ақберен Құрманғалиевтың қаршығасы көрінді. Жарыстың марапаттау рәсімінде облысымыздағы «Қауырсын» құсбегілер клубын құрған белгілі құсбегі, табиғат жанашыры Жапар Сатылғановқа ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы төрағасының Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, турнирге қатысушы барлық құсбегілер облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хаттарымен, Мойынқұм ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. * * * Дода соңында облысы­мыздағы құсбегілік өнерді алғаш жаңғыртушы, аймағы­мызда алғаш құрылған «Қауырсын» құсбегі­лер клубының жетек­шісі Жапар Сатылғановпен аз-кем әңгімелескен едік. – Жапар Тілеужанұлы, турнирдің өту барысы көңіліңізден шықты ма? – Құс баптау, бүркіт ұстауға әр қазақ қызығады. Соның ішінде ең сабырлысы, шыдам­дысы құсбегі болуға жарайды. Бүгінгі турнир жоғары деңгейде өтті. Әр облыс­тан келген бүркіт, қаршыға құстардың бабы келіскен екен. Бүркіттердің алғыр­лығы бұрынғы турнир­лермен салыстарғанда өте жоғары. – Елімізде алғашқы­лардың бірі болып «Қауырсын» құсбегілер клубын құрдыңыз. Ендігі мақсат қандай? – Ендігі мақсатымыз – дүние­жүзілік құсбегілік одағын құру. Оның ордасы, орталығы осы Таразда болуы қажет деп есептеймін. Құсбегілердің республикалық турнирі біздің облыста әр бес жыл сайын өтіп келеді. Бұл дәстүр үзілген емес. Себебі бұл қазаққа керек. Қазақтың құсбегілік өнерін ЮНЕСКО мойындап отыр. Сондықтан, дүниежүзілік құсбегілік одағын құратын мезгіл жетті. Біз әр облыстан келген құсбегілермен, спорт мамандарымен осы мәселені турнир барысында ақылдастық. Әр облыста бүркітшілік, қаршыға салу өнері кеңінен дамып, қолдау табуы қажет.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар