Егінші мәрт, жер жомарт

Егінші мәрт, жер жомарт
ашық дереккөз
Егінші мәрт, жер жомарт

Аудандағы Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі «Мұрат және К» шаруа қожалығының құрылғанына он жыл болды. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 миллион теңге көлемінде несие алып, қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиыры санын бүгінгі таңда 70-ке жетті. Жекеменшігінде 60 жылқы мен 700 уақ мал да өріс сәнін келтіріп отыр. 

Қожалықтың малшыларға арналған үйі мен қора-жайы аумағындағы шағын көлге былтыр 10 мың балық шабағы жіберіліпті. Балықтың ақамур, дөңмаңдай, сазан түрлері көлде өсіп өніп, көбейіп жатыр. Ұжымның атқарушы директоры Мұрат Әуелбекұлы алдағы уақытта балық шаруашылығын дамыту мақсатында өздерінде өңдеу цехын ашатынын айтып қалды. Мұнда әзірге 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмыс кезінде қосымша 15-20 азамат еңбекке тартылады. Бес трактор, 3 комбайн қожалық жұмысын едәуір жандандыруда. Шаруашылықтағы малшы үйі былай тұрсын, төрт түлік малға арнап салынған қора-жайына да газ құбыры тартылғаны бізді таң-тамаша қалдырған. Мұның жайын Мүкең «Кезінде ата-бабаларымыз «Жатар орын – жарты құрсақ» деген сөзді бекер айтпаған. Мал өнімінің мол болуы көбінесе қораның жылы болуына да байланысты. Қора-жайдың уақтылы жылытылып тұруы қыста күн суық күндері туған төлдің орынсыз шығынының алдын алуға да септеседі», – деп түсіндірді. Тегінде «Мал баққанға бітеді» рас қой. Қожалық, сондай-ақ, күздік бидайды – 162, мақсарыны – 200, арпаны – 500 және 40 гектарға жоңышқа өсіріп келеді. Шаруашылықта еңбек етушінің жұмыс сапасына, іскерлігіне мән беріледі. Есесіне қолынан бәрі келетін еңбеккердің алатын жалақысы жоғары. Қожалықтың көздеген жобалары іске асқанда тағы ондаған адамды жаңа жұмыс орнымен қамти алады. – Алдағы уақытта қонақ үй, тойхана, дәмхана секілді бірқатар қызмет көрсету нысандарын салсақ дейміз. Әлбетте, сиыр, жылқы, қой санын көбейту мәселесін де назардан тыс қалдырмаймыз, – дейді қожалық төрайымы Әсит Арықбаева. Көлге жіберілген 10 мың шабақтан өсіп, көбейген балықтан түсетін пайда да жаман болмас. Қысқасы, қожалық иелері сан салалы жұмысты ұқсатып, байлықтың өзін тауып отыр.

Есет ДОСАЛЫ,  «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар