Сала мен сапа

Сала  мен  сапа
ашық дереккөз
Сала мен сапа
Тұтас ұлттың болашағы білім беру үрдісінің нәтижелілігіне байланысты болғандықтан, сала ісі әрқашан басты назарда. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен селекторлық режімде өткен кезекті аппарат кеңесінде білім саласындағы бақылау департаментінің атқарған жұмыстарының нәтижесі талқылануы да сондықтан.

Жауапты мекемелер жұмысында үйлесім жоқ. Неге?

Бақылау департаменті  қалай бағалайды? Білім және ғылым министрлігінде Білім және ғылым саласын бақылау комитеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, әр өңірде департаменттер құрылған. Ондағы мақсат –сапаға баса көңіл бөлу. Себебі, білім саласындағы жұмыстың түпкі нәтижесі сапа екені белгілі. Облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Әли Байтанаев өңірдегі білім сапасын аса жоғары бағаламай отыр. Оның айтуынша, 2015 жылы Білім және ғылым министрлігі және Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің келісімі бойынша өңірдегі 180 тәрбие және білім беру мекемелері аттестаттаудан өтуі тиіс болыпты. Одан 118 мектептің 78-і, 55 балабақшаның 39-ы, 7 колледждің 5-еуі ғана өткен. Жалпы, аттестаттаудан өтпеген білім мекемелерінің қандай талаптарды орындай алмай отырғаны белгісіз. Алайда, Әли Шәймерденұлы білім беру мекемелеріне қатысты түскен арыз-шағымдардың толастамауының өзі оқыту ісін ұйымдастыруда жүйесіздіктің бар екенін көрсетеді дейді. Департамент басшысы былтыр 15 арыз-шағым түскенін айтады. Шағымдарда көтерілген мәселелерге қарай сала ісінде кездесетін кемшіліктерді топтастыруға болады дейді. Арыздарды тексеру кезінде білім мекемелерінің басшыларын заңсыз тағайындаудан бастап, жаңа оқу жылында сағат бөлуде, баланы 1-сыныпқа қабылдау кезінде құжат дайындауда, мұғалім санаттарын көтеруде олқылықтарға жол берілетіні анықталған. Оқушы білімін бағалауда кейбір мұғалімдердің біліксіздігі де осындай тексерулер барысында, мектеп оқушыларының білім сапасының төмендігі департамент мамандарды жүргізген тестілеу кезінде белгілі болыпты. Әли Байтанаев өз баяндамасында нақтыланған жайттардан мысал келтіріп, бірқатар ұстаздардың аты-жөнін де атады. Білім басқармасы не дейді? Алайда, білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова департамент анықтаған кемшіліктердің көпшілігін жоққа шығарып отыр. Әсіресе, жиын барысында бірнеше рет мысалға арқау болған Тараз қаласындағы №49 мектеп-гимназиясына қатысты фактілердің негізсіз екенін алға тартты. – Облыс бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің анықтамасында Тараз қаласындағы №49 мектеп-гимназиясы бойынша «Білім туралы» Заңның 51-бабында оқушылардың сапалы білім алуы үшін әр пәнді мамандықтарының бейініне сәйкес мұғалімдер өтуі қажет» деп көрсетілген. Анықтамада көрсетілген 11 педагогтің барлығы тиісті мамандықтарына сәйкес қызмет атқарады және мамандықтары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығымен бекітілген «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары» талаптарына сәйкес келеді. Мектеп-гимназияға екінші рет келген (04-06.11.2015 ж.) тексеруші қызметкерлер анықтамада көрсетілген мұғалімдердің екі оқу орнын бітіргенін ескермей, соңғы мамандықтары бойынша қорытынды жасаған. Алғашқы аттестаттау қорытындысында мұғалімдердің барлығының мамандықтары атқарып отырған қызметтеріне сәйкес деген қорытынды жасалған болатын. Бақылау департаментінің анықтамасында Тараз қаласындағы №49 мектеп-гимназиясы бойынша «...бұл таңдалған бейіндер жаратылыстану-лицейлік бағыт болып табылады» деп көрсетілуі дұрыс емес. Өйткені, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 31-тармағына сәйкес «Жалпы орта білім екі қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математика бағыттары бойынша бейінді оқыту негізінде жүзеге асырылады». Саралап оқыту және білім алушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында оқытудың осы екі бағыты аясында жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытуға арналған үлгілік оқу жоспарына сәйкес аралас (ұқсас) пәндер бойынша бейіндендіру енгізіледі. Анықтамада көрсетілген «жаратылыстану-лицейлік бағыт» деген ұғым мемлекеттік білім беру стандартында мүлде жоқ. Яғни, осы анықтаманы жазу барысында тексерушінің бейінді оқытудың негізгі бағыттарын, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын білмейтіндігін аңғаруға болады, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы.

Басқарма басшысы мектеп мұғалімдерінің біліксіздігіне және атқарып отырған қызметтеріне мамандықтары сәйкес келмейтіндігіне қатысты айтылған сындарға да нақты жауап беріп, негізсіз айыптаулар айтып таласқанша сапаға қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Бірлесе істемеген жұмыста береке жоқ

Айтылған сындарға қатысты облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жауап беріп, өз пікірін ортаға салды. «Әли Шәймерденұлы, сіздің білім мекемелерін аттестаттау туралы сындарыңызды ескеруге болады. Бірақ, менің қолымда үш құжат тұр. Онда сіз Қордай ауданындағы балабақшалардың бірін аттестациядан өткендігі туралы құжатқа алдын ала қол қойғансыз. Бұл қалай? Салада кездесетін кемшіліктерді жою үшін жүргізілетін жұмыстарды бір жүйеге түсіруіміз керек», – деді. Білім басқармасы – оқыту үдерісіне жауапты, бақылау департаменті сапаға қол жеткізуді бағалаушы мекеме. Нақтырақ айтсақ, өз құзыреті шегінде білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функцияларды, сондай-ақ оның құзыретіне қатысты салаға бақылау жүргізетін және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын аумақтық орган. Екі мекеменің міндеттері әртүрлі болғанымен мақсаттары ортақ. Алайда, білім басқармасы мен бақылау департаменті бірлесе жұмыс істеуге құлықты емес секілді. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы осыны қатаң сынға алды. Айтылған кемшіліктер бойынша аудан әкімдері және білім бөлімінің басшыларынан жауап алды. – Білім саласының жұмысы жемісті болса, ертеңгі ел болашағы жарқын. Екі мекеме бірінің ісін бірі жоққа шығарып, екі жағалауға тартып отырса, не болады? Бұл не, тайталас па? Білім басқармасы бірлесе жұмыс істеуге шақырып отыр. Неге ортақ абырой, ортақ мақсат үшін бірге жұмыс жүргізбейсіздер? Бірлесе істемеген жұмыста береке жоқ, – деді өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар