Головкин мен Альварес күзде кездеседі

Головкин мен Альварес күзде кездеседі
ашық дереккөз
Головкин мен Альварес күзде кездеседі
Ал көктемде GGG кіммен шайқаспақ? Кәсіпқой бокста орта салмақтың серкесі, күрзі жұдырықты боксшы, WBA (super), IBF, WBC (interim), IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен WBC тұжырымы бойынша әлемнің толыққанды чемпионы Сауль Канело Альварес арасындағы міндетті кездесу күзге шегерілді. Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы қос боксшының промоутерлері өзара келісімге келуіне орай екеуіне де чемпиондық белбеулерін бір мәрте еркін қорғауға мүмкіндік берді. Бұл ұсынысқа негізінен Альварестің промоутері мүдделі болғанын айта кетейік. Енді көктемде рингке оралатын Геннадий Головкин қарсылас таппай әлек. WBO тұжырымының жаңа чемпионы ұлыбританиялық Билли Джо Сондерс қазақстандық боксшымен біріккен тұжырымдар кездесуін өткізуден бас тартты. – Головкин бе? Ол менен іргесін аулақ салсын. Бірден мойындаймын. GGG – әлемдік деңгейдегі боксшы. Дәл қазір оның мысын басу мүмкін емес. Мен үшін Головкинмен шайқасқаннан гөрі Мигель Котто немесе Сауль Канело Альвареспен рингке шыққан тиімді. Головкиннің командасы 6 миллион АҚШ долларын ұсына алады ма? Ұсына алған жағдайда ғана тәуекел етуге әзірмін. Олай болмаған жағдайда Гена менен аулақ жүрсін, – деді Билли Джо Сондерс әлемнің экс-чемпионы Энди Лиді жеңген соң. Сондерс жекпе-жектен бас тартты, Альварес күзге қалдырды. Енді Головкин кіммен қолғап түйістірмек? IBF тұжырымы бойынша Головкиннің белбеуіне багамдық Туреано Джонсон үміткер саналады. Одан бөлек, WBA тұжырымының тұрақты чемпионы Дэниель Джейкобс қазақстандық боксшымен қолғап түйістіруге тиіс. Алайда соңғысы асығар емес. Ал Туреано Джонсон әуесқой рингте Қанат Исламға жол бергені есте. Біз кезекті қарсыластың есімін білгіміз келеді...

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар