ТАТУЛЫҚТЫҢ туын ұстап

ТАТУЛЫҚТЫҢ  туын ұстап
ашық дереккөз
ТАТУЛЫҚТЫҢ туын ұстап

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Мойынқұм ауданында «Үлкен ел – Үлкен отбасы» форумы өткен болатын. Форумда ауданда тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлттың өкілдері бас қосты. Жиынға келген аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, өзбек қызы Шоира Қасымходжаеваны сөзге тарттық.

– Шоира Иолдашходжақызы, әлемдегі көптеген елдер үшін үлгіге айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының биыл мерейтойы. Қалай ойлайсыз, 20 жылдың ішінде Ассамблея өзіне жүктелген міндетті атқара алды ма? – «Үлкен ел – Үлкен отбасы» форумының өткізілуінің өзі осы сұрақтың нақты жауабы деп ойлаймын. Ауызбіршілік болмаса, өзге ұлттың өкілдерін бір жерге жинау мүмкін бе? Бұл – форумға қатысушылардың халқымыздың бірлігіне, бірегей дәстүріне, туған жеріміз – Ұлы Дала еліне деген сүйіспеншілігі. Мойынқұм – бірлік пен татулықтың мекені. Мен осы ауданға 2007 жылы жас маман ретінде келгенмін. Мойынқұм даласы маған ұнайды. Мұнда маған және менің отбасыма барлық жағдай жасалынған. Мойынқұм ауданында қызмет атқарып жүрген басқа да ұлт өкілдерін, «Мәңгілік Ел» идеясының айналасына ұйыстыруға және қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға адал қызмет етуге шақырамын. – Сіз үшін басты байлық не? – Мен үшін ғана емес, әрбір қазақстандық үшін басты қазына татулық пен тыныштық екеніне сенімдімін. Бейбітшіліктен асқан байлық жоқ. Бір айта кететіні, форумда ауданның көркеюі мен дамуына үлес қосқан «Мыңарал тас компаниясы» ЖШС-ның бас директоры Мұртаза Бұлұтай, «Хантау цемент зауыты» директоры, «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Бәкір Исабеков, «Ырыс» шаруа қожалығының жетекшісі Айдар Жиенқұлов, «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-ның бас директоры Зелина Катранова, «Мөлдір» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ғаният Қашқынбеков аудан әкімінің арнайы бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Ішкі тұрақтылықты сақтауда әлеуметтік жауапкершілік мәселесінің маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін сезініп, игі істерге қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер мен өндіріс басшыларының еңбектерінің еленгені дұрыс-ақ.

Уалихан Жайлау, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар