Чемпиондардың қанатын қатайтқан

Чемпиондардың қанатын қатайтқан
ашық дереккөз
Чемпиондардың қанатын қатайтқан

Ол жастайынан спортқа әуес болатын. Шыныққан адамның шымыр да ширақ келетінін албырт шағынан сезініп, түйсініп қойған. Басқа спортты бір төбе көріп, боксты бір төбе санаған Жұмахан Нұғманов өз мансабынан гөрі шәкірттерінің биік белестерді бағындырып, асқаралы асуларды алуына көп үлес қосты.

Иә, шәкірт шыңдауда талмай тер төккен Жұмахан Нұғманов 1955 жылдың 16 желтоқсанында қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қазақ ауылында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтын тәмамдаған соң, Гончаров атындағы (сол кездегі) қазақ-көлік жол университетінде білім алды. Осы күнге дейін шүмектеп тер төгіп жүрген кейіпкеріміз 1996 жылы мұхиттың арғы бетінде өткен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, боксшы Болат Ниязымбетовті дайындаған бапкер екенін екінің бірі біле бермейді. Ол аз десеңіз, 2004 жылы ежелгі эллиндер елінде, Афины төрінде өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа таққан оғлан Бақтияр Артаев пен оның бапкері Нұрлан Ақүрпековтің алаңсыз дайындалуларына бар мүмкіндікті жасапты. Нұрлан Ақүрпековті баулыған Жұмекеңнің өңір спортының дамуына да сүбелі үлес қосқаны аян. Бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген қайраткер атақтарының кейіпкеріміздің елеулі еңбегінің өтеуі ретінде берілгені – оның өңір мен ел спортының өркендеуіне сүбелі үлес қосқандығының айғағы болса керек. Еліміздегі жалғыз Қазақ деп аталатын ауылда жарық дүние есігін ашқан Жұмахан Нұғманов 1996-2004 жылдар аралығында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысының міндетін атқарушы, басқарма басшысы қызметтерін атқарды. Дәл сол жылдары, анығырақ айтқанда, 1996 жылы өңір футболының тасы өрге домалағаны мәлім. «Тараз» командасының сол кездегі суперлигада қарсылас шақ келтірмей, ел чемпионы атанған болса, команданың биік тұғырдан көрінуіне Жұмекеңдердің де сүбелі үлес қосқаны мәлім. «Тараз» одан кейінгі жылы да чемпион атануға шақ қалып, алтын матчта павлодарлық «Ертіске» жол бергені «еңбек өтілі бар» жанкүйерлердің әлі күнге жадында. Жан жүрегімен өңір спортының дамуы үшін айрықша тер төгіп жүрген Жұмекең 2004-2011 жылдар аралығында облыстық Олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебінің тізгінін ұстаса, 2012-2013 жылдар аралығында облыстық бокс клубын басқарды. «Осы жылдары облыс спортшыларының, боксшыларының мүмкіндігінше жақсы өнер көрсетуіне қолдан келген көмекті аяған жоқпыз. Олжас Сәттібаев, Ғани Жайлауов сынды былғары қолғап шеберлеріміздің, жеңіл атлет Тахир Мамашаевтың жасындай жарқырауы үшін барынша сеп болдық. Спортшыларымыздың әлі де ел намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғайтыны анық», – дейді кейіпкеріміз өз ойымен бөлісіп. 1989-1991 жылдары сол кездегі Ленинград қаласындағы Лесгафт атындағы мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтының аспирантурасын аяқтаған Жұмекең спортты тән саулығы ғана емес, ғылымға да телиді. 2013 жылы Бүкіләлемдік әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) Алматыдағы конгресіне қатысқан ол өзі ғана жоғары биіктерді бағындырып қоймай, Қазақстанға еңбегі сіңген үш бірдей жаттықтырушыны дайындағаны талайлар үшін тәлім екені сөзсіз. Бүгінде «Тараз» футбол клубының қарыштап дамуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген Жұмахан Нұғманов: «Алпыс дегенің – тал түс. Сондықтан, облысымыздың спорт саласының дами түсуіне әлі де болса бір кісідей үлес қосуды парыз санаймын. Алынбайтын асу, бағынбайтын биік болмайды. Жамбыл жері қашанда сом білекті, жолбарыс жүректі саңлақтарымен мақтана білген. Көк Туымызды көктен желбірететін боксшыларымыз да, басқа да спортшыларымыз жеткілікті. Мағжан ақын айтқандай, «Көздерінде от ойнаған» жалынды жастарға өз басым әрқашан сенемін», – дейді ағынан жарылып. Біз де Жұмекеңді мерейлі жасымен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар