Еркін ел әлеуетті әскерімен айбынды. Жамбылдықтар Отан қорғаушы күнін айрықша атап өтті

Еркін ел әлеуетті әскерімен айбынды. Жамбылдықтар Отан қорғаушы күнін айрықша атап өтті
ашық дереккөз
Еркін ел әлеуетті әскерімен айбынды. Жамбылдықтар Отан қорғаушы күнін айрықша атап өтті

1992 жылдың 7 мамыры... Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен, етек-жеңін енді жиған жас мемлекет – тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алып, қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-20полковник С. Нұрмағамбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының тарихында алтын әріптермен жазылды. Қарулы Күштердің құрылған күніне орай, «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Сол бір тарихи сәттен бері 22 жыл уақыт өтіпті. Бүгінде әлемді өзіне қаратқан Қазақстан өзінің Қарулы Күштерімен 22-інші ақ таңын қарсы алды. 2012 жылы Елбасының бұйрығымен «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» мемлекеттік мереке ретінде белгіленгені де белгілі. 

Патриоттық сезімге, патриоттық рухқа толы күн. Дәл осы күнді қазақстандықтар салтанатпен қарсы алып, айрықша атап өтеді. Біздің өңір де игі дәстүрден шет емес. «Баласағұн» орталық концерт залында «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 22 жыл толуына орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтан бастап, облыстағы басқарма, мекеме басшылары, әскери қызметкерлер және қала жұртшылығы қатысты. «Ұлттық қауіпсіздік – біздің баға жетпес байлығымыз. Баршаңызды Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты – ел тыныштығын қорғау, мемлекеттің тұтастығын сақтау. Ішкі және сыртқы саясатын жүйелі жүргізіп отырған жас қазақ мемлекеті де әрқашан ел қауіпсіздігін бірінші кезекке қойып келеді. Бүгінде Елбасының, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық көрегендігінің арқасында Қазақстан армиясының жаңа келбеті, отаншыл рухы қалыптасты. Қарулы Күштеріміз мемлекетіміздің тұрақты кепіліне айналды. Біздің армиямыз – егеменді мемлекетіміздің берік қалқаны, бейбіт өміріміздің тірегі, қорғанышы. Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Отан қорғаушылар күні – біздің мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн», - деді Кәрім Нәсбекұлы құттықтау сөзінде. Мереке күні өңірдегі үздік әскерилер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Б. Әбдібаев, осы департамент басшысының бірінші орынбасары М. Дәулетбақов, 5513 әскери бөлімі қаржы қызметінің басшысы Н. Савиева, осы бөлімнің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының бөлім басшысы Е. Рабишев, 28903 әскери бөлімінің хореографы С. Қуандықова және 14154 әскери бөлімінің аға технигі Қ. Әкімов бар. Жиында сөз алған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Т.Қойбақов бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші үшін бұл ерекше күн екендігін атап өтіп, жиылған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Ал, Кәрім Нәсбекұлы «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығының сардарлары мен сарбаздары нағыз патриот және өздерінің жауынгерлік ісінің нағыз майталмандары екенін іс жүзінде көрсетіп келетіндігін, оның дәлелі еліміздің тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш жауынгерлік шерудің өткен жылы Отар полигонында жоғары деңгейде өткенін мақтанышпен атады. Қорғаныс министрі Серік Ахметовтің №182 бұйрығы бойынша бұл күні бірқатар әскери қызметкерлер І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталса, майор А. Мұхамеджановаға – подполковник, аға лейтенант Ә. Какебаевқа – капитан, подполковник К.Сағымбаевқа полковник кезекті әскери шендері мерзімінен бұрын берілді. Ресми бөлім концерттік бағдарламаға ұласты. Айбынды сарбаздың киімін киген өнерпаздардың патриоттық сезімге толы әндері жиылған жұрттың рухын асқақтатты. Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан жалғыз тұңғыш әншісі Майра Мұхамедқызы сахна төрінен көрініп, «Көк тудың желбірегені», «Бүлдірген» әндерін нақышына келтіре шырқағанда, дүйім жұрттың жезтаңдай әншіге деген ыстық ықыласы ерекше байқалды. Салтанатты жиын барысында М. Мұхамедқызы өзіне көрсетілген құрметі үшін облыс әкімі К. Көкірекбаевқа алғысын білдірді. «Осындай бейбіт заманда өзімнің елімде, жерімде, сондай-ақ, бүкіл әлемнің сахналарында жайқала көсіліп әнімді шырқап жүрмін. Мен өте бақыттымын», – деді күміс көмей әнші. Сонымен қатар, «Қырандар», «Айдын» топтары көпшіліктің қошеметіне ие болды. Әнші Евгений Цой мен «Жастар» бишілер тобының орындауындағы «Майский вальсты» да халық қызықтап тамашалады. Жиын аяқталған соң, халық «Баласағұн» мәдениет сарайында орнатылған телеэкраннан Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында кең ауқымда өткен әскери парадтың тікелей көрсетілімін көрді.

Назгүл Әбушәріпқызы, 

«Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар