Өндіріс өнімділігі үшін серпін керек

Өндіріс өнімділігі үшін серпін керек
ашық дереккөз
Өндіріс өнімділігі үшін серпін керек

Алмас-МадиевАлмас Мәдиев, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық даму басқармасының басшысы.

Елбасының халыққа арнаған Жолдауы – елдің алдағы уақыттағы даму бағдарын айқындап, атқарушы биліктің жүзеге асырар нақты міндеттерін белгілейтін маңызды құжат. Бұл міндеттерді жүзеге асыру ел экономикасын өрге бастырып қана қоймай, қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеруге де игі ықпалын тигізеді. Мемлекет басшысының жиырмасыншы Жолдауын көпшілік жаһандық дағдарыс дендеп тұрған кезде игілік әкелер жақсылықтың жаршысындай үлкен үмітпен күткені де сондықтан. Тұрғындардың күткеніндей-ақ Жолдауда көкейде жүрген өзекті мәселелер айтылып, оны шешудің нақты жолдары ұсынылды. Осылайша еліміздің дағдарыс кезеңінде ел экономикасын дамытудың бағыт-бағдары айқындалды. Маңызды жобалар жүзеге асырылатын болды. Соның бірі – индустриялық-инновациялық бағыттағы серпінді жобалар. Инновациялық технологиялар мен шешімдерді өндіріске енгізу – дамудың жолы. Біздің елімізде оған қажетті алғышарттар қалыптасқан. Ғылыми әлеует, өндірістік-қаржылық инфрақұрылым және ең бастысы, кәсіпкерлердің талпынысы бар. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру болғандықтан, ең алдымен өндіріске жаңа серпін керек екені айтпаса да түсінікті. Облысымызда жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнімдерінің (атқаратын жұмысы мен қызметтерінің) көлемі мен оларда қызмет атқаратын жұмысшылардың саны жыл өткен сайын еселеп артып келеді. Өңірімізде тіркеуге алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бойынша жұмыс атқарып отырғандарының жалпы саны 75004 бірлікті құрайды. Оларда жұмыспен қамтылғандар саны бүгінгі күнге 127528 адамға жеткен. Шағын және орта бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою және бизнес ахуалды жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Елбасының «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне босаған ғимараттарды беру, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бір ғана Тараз қаласының өзінде жыл басынан бері әкімшілік ғимараттар, кафелер, дүкендер, жазғы алаңшалар және басқа да нысандар соғуға жалпы көлемі 863 гектар 889 жер телімі бөлінген. Кәсіпкерлікті дамытудың арқасында облысымызда соңғы жылдары көптеген жаңа мекемелер пайда болды. Мысалы, қаламызда еліміздегі тұңғыш рет полимерлі бұйымдар шығаратын «Құрылыс Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Сонымен қатар, «Асату» жаймасын шығаратын «Mark of perfection», Жамбыл ауданында елімізде бірінші рет медициналық бұйымдар шығаратын «Супер-Фарм» серіктестіктері, Байзақ ауданында жеміс-жидекті жылыжайда өсірумен айналысатын «Манап» шаруа қожалығы, Жуалы ауданында сүт өнімдерін өңдейтін «Мешелова» жеке кәсіпкерлік субъектісі және тағы басқа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда облысымыздағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму көрсеткіштері – жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын айғақтайды. Бұл – өңірімізде кәсіпкерліктің барлық түрлерінің сапалы және тұрақты түрде дамуына айрықша мән беріп, қолайлы жағдай жасалып отырғанының дәлелі. Бүгінде Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда жалпы құны 581,7 миллиард теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 6,6 мың, ал іске қосылғанда 5,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл жалпы құны 30,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 425 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген болатын. Бірінші жартыжылдықта құны 23,8 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске қосылып, 81 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жалпы, барлық инвестициялық жобалардың қалай жүргізіліп жатқаны тұрақты бақылауда.

Ұқсас жаңалықтар