Бюджетке өзгерістер енгізілді

Бюджетке  өзгерістер  енгізілді
ашық дереккөз
Бюджетке өзгерістер енгізілді

Бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХІІ сессиясы Байзақ ауданының №10 сайлау округінен сайланған депутат Оразалы Телеуовтің төрағалығымен өтті. Сессия басталмас бұрын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыстың Құрметті азаматы атанған Жапар Шәріпов, Лидия Ахметова, Сағынхан Әміреқұлов, Әбдінұр Әсілбеков, Федор Клименко, Берікшал Имашев, Бақыт Оспанов, Бағлан Қарашолақовқа арнайы төсбелгі мен лентаны салтанатты жағдайда табыс етті. Конституцияның 20 жылдық мерекелік медалімен Ғалымжан Сағынтаев, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекелік медалімен Асаубай Майлыбаев, Халит Базаралиев, Ерқанат Манжуов және Тимур Жанке марапатталды. Салтанатты сәт үстінде Кәрім Нәсбекұлы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай биыл облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан 20 адамға облыстың Құрметті азаматы атағы берілгенін, олардың арасында облыстың бұрынғы басшылары Амалбек Тшан, Бөрібай Жексембин, Қанат Бозымбаевтың және өңірімізден түлеп ұшқан басқа да көптеген лайықты адамдардың бар екендігін ерекше атап өтті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. Баяндамашы Бюджет кодексіне сәйкес және ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 4 желтоқсанындағы қаулысы негізінде 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет параметрлеріне нақтылау жасалғанын айтты.

Нақтылау нәтижесінде облыстық бюджет кірістер және шығындар бойынша 189 950 мың теңгеге ұлғайыпты. Нысаналы даму трансферттері жалпы 168 306 мың теңгеге көбейген. Жомарт Амангелдіұлы республикалық бюджеттен және ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша Ұлттық қордан қосымша қаржыланған нысандар мен жобаларды айта келіп, мәслихат депутаттарынан 2015-2017 жылдарға нақтыланған облыстық бюджет жобасын бекітіп беруін сұрады. Жобаны талқылау барысында Т.Рысқұлов ауданы №30 сайлау округінен сайланған депутат Халит Базаралиев сөз алып, аграрлық салаға көбірек қаржы бөлу керек деген мәселе көтерді. Бұл орайда облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы бүгінгі таңда ауыл шаруашылық құрылымдарына мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары арқылы несиелер, субсидиялар бөлініп жатқанын нақты мысалдар арқылы айтып берді. 

Облыстық мәслихат депутаттары 2015-2017 жылдарға нақтыланған облыстық бюджетке өзгерістер енгізуді бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың келесі ХХХХІІІ сессиясының төрағасы болып №6 сайлау округінен сайланған депутат Арман Еділбаев сайланды.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар