Қордайлық команда қарымды екен

Қордайлық  команда  қарымды  екен
ашық дереккөз
Қордайлық команда қарымды екен
«Бір атаның балалары» додасында әйгілі Көкеевтер ұжымын жеңген Сәрсенбаевтар әулеті чемпион атанды Ала допқа арбалған жанкүйерлер сенбі-жексенбі күндері «Бір атаның балалары» республикалық турнирін тамашалау үшін «Олимпик» спорт кешеніне ағылды. 32 отбасылық команда сынға түскен доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын, Елбасы барлық қазақстандықтардың сергек, саламатты өмір салтын ұстанған азаматтар болуы қажеттігін үнемі отандастарына айтып келе жатқанын сөз етіп, әр аймақтан келген (әр әулеттен құралған) командаларға сәттілік тіледі. Белгілі журналист, республикалық «Ел қайраты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Несіп Жүнісбаев мұндай жарыстардың көпшілікті бұқаралық спортқа тартудағы үлесі зор екенін айтып, шын жүйріктердің мерейі үстем болуына тілек білдірді.  Шағын футбол бәсекесіне еліміздің барлық аймағынан келген командалар әуелі 8 топқа бөлініп, айналмалы жүйемен ойнап, одан 16 әулет іріктеліп шықты. 1/8 ойынына қосылған командалар арасында Байрамуковтер, Анарметовтер, Тілешевтер, Сүлеевтер секілді есімі елімізге белгілі әулеттің өкілдері болды. Ал Көкеевтер (құрамында елімізге белгілі футболшы Жамбыл Көкеев бар) құрамасы 1/8 финал ойындарында сәтті өнер көрсетті. Олар әуелі жуалылық Дәуітовтер әулетін, келесі сәтте тараздық Лесбаевтар әулетін тартысты ойында ұтып, Иманбековтер отбасынан 4:0 есебімен басым түсті. Алайда, ақтық ойында қордайлық Сәрсенбаевтар әулеті Көкеевтер әулетінен 3:1 есебімен басым түсіп, биылғы турнирдің жеңімпазы атанды. Екі жыл қатарынан алтын тұғырдан көрінген Көкеевтер бұл жолы күміс жүлдені қанағат тұтты. Бұл жағдайға команданы алға сүйреуі тиіс Жамбыл Көкеевтің аяғынан алған ауыр жарақаты бар болғаны да әсер еткені анық. Қордайлық Жақсылықовтар әулеті Алматы облысы, Ұзынағаш өңірінен келген Иманбековтер әулетін үшінші орын үшін таласта 5:3 есебімен ұтып, қола жүлдеге ие болды. Турнирдің жабылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков сөз алып, өнер көрсеткен барлық әулетке алғысын білдірді. Қазақ футболының жанашыры Несіп Жүнісбаев мұндай жарыстарды өткізудің маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ, олар жеңімпаз және жүлдегер командаларды медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар