Алғашқы алтын

Алғашқы алтын
ашық дереккөз
Алғашқы алтын

Нижат Рахимов Хьюстонда (АҚШ) өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасының алғашқы алтын жүлдесін иеленді

Ұлттық құраманың 77 келідегі өкілі Нижат Рахимов жұлқа көтеруде өзіне берілген үш мүмкіндігін сәтті пайдаланды. Алғаш 155 келіні, екінші мүмкіндікте 160 келі зілтемірді оңай көтерді. Үшінші мүмкіндігінде 165 келіні еңсеріп, жұлқа көтеру бағдарламасында 4-орын алды. Серпе көтеруде 3 мүмкіндіктің екеуін ғана нәтижелі орындаған ол бірінші мүмкіндікте 195 келіні көтерсе, екінші мүмкіндікте бірден 12 келі қосып, 207 келі зілтемірді бағындырды. Ал Рахимов соңғы үшінші мүмкіндігінде әлем рекордына тең 211 килограмм салмақты көтермекке талпынғанымен, бұл салмақ оның ырқына бағынбады. Нижат Рахимов қос сайыс нәтижесінде 372 (165+207) келіні еңсеріп, ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды. Екінші орынды 372 (171+201) келіні көтерген ҚХДР өкілі Ким Гван Сон иеленді. Осы ретте айта кету керек, Рахимовтың cалмағы Ким Квонг Сонгтан бір килограмға жеңіл болғандықтан, ереже бойынша алтын медаль қазақстандық атлетке бұйырды. Қола медаль 363 (162+201) келіні көтерген мысырлық Мохамед Ихабтың еншісінде. Нижат Рахимов – Әзірбайжанның тумасы. Өз елінің құрамасындағы біршама сәтсіздіктерден кейін өткен жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға қатыса бастаған. Еске сала кетейік, осы салмақтың «В» тобында сынға түскен қазақстандық Айдар Казов 346 (152+194) келіні көтеріп, өз тобында үшінші, жалпы есепте 9-орын алды. Бұған дейін Хьюстонда қазақстандықтар сапынан 56 килоға дейінгі салмақта Арли Чонтей тұғырға шығып, серпе көтеруде құралақан қалған еді. Ал 53 килоға дейінгі салмақтағы Маргарита Елисеева 6-орынға табан тіреп, командаға қажетті ұпайын алып берген болатын. Хьюстондағы әлем чемпионаты қарашаның 28-іне дейін жалғасады. Бұл жарысқа 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында алтын медальді жеңіп алған жамбылдық жампоз Жасұлан Қыдырбаев, күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл, Лондон Олимпиадасының чемпиондары Светлана Подобедова мен Майя Манезалар да қатысып, бақ сынауда.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар