Жүректері нәзік, соққылары жойқын

Жүректері нәзік, соққылары жойқын
ашық дереккөз
Жүректері нәзік, соққылары жойқын

Айгерим-чемпион-2-АтырауБұрымды боксшыларымыз халықаралық турнирде жеті алтынды жеңіп алды

Бокстан ер жігіттеріміз еліміздің даңқын асқақтатып жүр деп мақтансақ, соңғы кезде нәзікжанды қыздарымыз да осы спорт түріне бейімделіп, биіктерден бой көрсетуде. Оның бір айғағы ретінде күні кеше ғана Атырауда аяқталған бокстан қыздар мен әйелдер арасындағы халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының 21 медальді иеленгенін айтсақ та жеткілікті. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай майданда жауға қаймықпай қарсы тұрып, ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен КСРО Батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованы еске алуға арналған халықаралық турнирге Әзірбайжан, Польша, Тәжікстан, Ресей, Марокко елдері мен қазақстандық былғары қолғап шеберлері қатысты. Тартысты өткен дода барысында қазақстандық былғары қолғап иелері жеті алтын медальді олжалады. Байрақты бәсекеде алтыннан алқа таққан жетіліктің ішінде жамбылдық қаракөзіміз Әйгерім Көсемәлікеліні Асқарова (48 кг) да бар. Жерлесіміздің кезекті жеңісі жамбылдықтардың да мерейі, мәртебесі екені даусыз. Әйгерімнен басқа аталмыш дода әр салмақтар бойынша Жайна Шекербекова (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Назым Ищанова (60 кг), Валентина Хальзова (69 кг), Дариға Шәкімова (75 кг) және Мөлдір Базарбаевалар (81 кг) алтыннан алқа тағынып, ел намысын абыроймен қорғады. Сондай-ақ, өзге де қыздарымыз алты күміс, сегіз қола медальді қанжығаларына байлап, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Дүбірлі додада әлемнің алты елінен сексен үш қыз күш сынасқанын ескерсек, қазақстандық былғары қолғап иелері үшін бұл бәсеке жемісті болғаны сөзсіз. Әрі бұл келер жылғы қыздар мен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатына спортшы қыздарымыздың қаншалықты бабында екендіктерін көрсетіп берді. Айта кету керек, қазақтың батыр қыздарын еске алуға арналған турнир елімізде жалауын алғаш рет желбіретіп отыр.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар