Қазақстан – Ресей: жаңа ынтымақтастық жолында

Қазақстан – Ресей: жаңа ынтымақтастық жолында
ашық дереккөз
Қазақстан – Ресей: жаңа ынтымақтастық жолында

9d04b504f025cf8faa26185619cc2a03Елбасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Қазақстан Президенті кездесу барысында В.Путиннің елімізге сапарына деген ілтипатын білдірді. – Сіздің Қазақстанға соңғы мемлекеттік сапарыңыз төрт жыл бұрын болды. Осы уақыт аралығында ортақ мәселелерге көзқарасымызды үнемі өзара үйлестіріп, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін түрлі алаңдарда шешіп отырдық. Сіздің бұл жолғы сапарыңыз да осынау күрделі кезеңдегі ынтымақтастығымызды нығайтуға және кеңейте түсуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. В.Путин өз кезегінде жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. – Маған – Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына сипаттама берудің керегі жоқ. Бұл – жай өзара сенімді серіктестік қана емес, барлық мағынасында одақтастық қарым-қатынас. Қазақстан – біздің ірі сауда-экономикалық серіктесіміздің бірі. Бүгінде 6 мыңға жуық Ресей компаниялары Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, долларлық эквивалентпен есептегенде мол көлемдегі инвестиция жинақталды. Сіздің төл бастамаңыз – Еуразиялық экономикалық одақ қарышты дамып, экономикаларымыздың тиімді дамуына жағдай жасауда. Біз көптеген серіктестеріміздің ЕАЭО-мен түрлі форматта ынтымақтасу ниетінде екенін көріп отырмыз, – деді Ресей Президенті. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Қазақстан Президенті Ресей біздің еліміздің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін атап өтті. – Біз Еуразиялық экономикалық одақта өзара ықпалдасып отырмыз. Елдеріміз екіжақты байланыстар аясында экономика, ғылым және гуманитарлық салалардағы жобаларды табысты жүзеге асыруда. Соған орай біз екі мемлекеттің ынтымақтастығына қосымша серпін беретін осы жолғы кездесуге айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев өзара тауар айналымы көлемінің қазіргі құлдырауы әлемдік экономика дамуының кезеңділігіне және негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуіне байланысты уақытша құбылыс екеніне назар аударды. В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың барлық, соның ішінде саясат, экономика және қауіпсіздік бағыттарында тиімді дамып жатқанын айтты. – Біз статистикалық көрсеткіштердің аздап төмендегенін байқап отырмыз, бірақ нақты көлем тұрғысынан іс жүзінде өзгеріс жоқ. Біз 2013 жылы қабылданған, 2015 жылы мерзімі аяқталатын екіжақты жоспар негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің әріптестеріміз 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуде. Оны жыл аяғына дейін бекітеміз деп үміттенемін, – деді Ресей Президенті.

Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөздер қорытындысына арналған бірлескен брифинг өткізді.

1a9889baed2846f9b25c31ae6b316013Мемлекет басшысы брифинг барысында Ресей Президенті сапары мәртебесінің биіктігі екі ел қарым-қатынасының ерекше сипатын айғақтайтынын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйткілдердің салдарын жеңілдету үшін бірқатар нақты шаралар белгіленгенін айтты. Бұл – Ресейдің газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі «Центральное» және Хвалынское» кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ынтымақтасу, транзит үшін Каспий теңізінің бойымен Парсы шығанағына шығатын жаңа жолды пайдалану жайын пысықтау мәселесі. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының аяқталуы, сондай-ақ инфрақұрылымдық саладағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттардағы серіктестікті дамыту үшін зор әлеуетіміз бар, – деді Қазақстан Президенті. Біз Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, әсіресе Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздік мақсатында кеңейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдың мәні зор. Біз Владимир Владимировичпен осы өңірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен мен сүнниттер арасындағы текетіресті өз мақсатына пайдалану белсенді жүруде. Алайда, бұл әңгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт – біздің бәріміз үшін, әсіресе Орталық Азия өңірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз «Ислам терроризмге қарсы» форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті. Қазақстан мен Ресейдің әлемдегі ахуалдың өрістеуіне және оны бағалауға қатысты көзқарастары ортақ екені, екі елдің халықаралық мәселелерді шешу жөніндегі қадамдарының тығыз үйлесімділігі, бұл мәселелер бойынша пікір алмасулар мұны тағы да дәлелдегені атап өтілді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапына Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер А.Айымбетовтің ғарыш экспедициясын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғыс айтты. Ресей Президенті өз сөзінде бүгін сындарлы әрі мазмұнды келіссөздер өткенін атап көрсетті. Дәстүр бойынша бұл кездесулер ашық әрі достастық ыңғайында өтті. Біз сауда, инвестиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөліп, екіжақты қарым-қатынастардың барлық мәселелері бойынша пікір алмастық, – деді В.Путин.

Ұқсас жаңалықтар