Қазақ батырларының туын желбіретіңдер, жампоздар!

Қазақ батырларының туын  желбіретіңдер, жампоздар!
ашық дереккөз
Қазақ батырларының туын желбіретіңдер, жампоздар!

Бокстан Катар астанасы Дохада жалауы желбіреген әлем чемпионатын жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаев жеңіспен бастады

Қазақ хандығының 550 жылдық тойының дүбірі сонау Катар еліндегі Доха қаласында жекпе-жекке шыққан боксшыларымызды да жігерлендіруде. Әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасының сегіз боксшысы бақ сынап жатқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Әлемнің 77 елінен 260 былғары қолғап шебері топқа түскен байрақты бәсекені қазақстандық боксшылар сапынан 52 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Олжас Сәттібаев бастады. Алғашқы кездесуінде Украина елінің чемпионы Игорь Сопинскиймен шаршы алаңда шайқасқан жамбылдық жампоз үшін жекпе-жек оңайға соққан жоқ. Куба, Украина, Ресей боксшылары қай салмақта болсын, қарымды келетіні белгілі. Көлеңкедегі аутсайдер саналғанымен, өзінің қабілет-қарымы жоғары екенін байқата білген Игорь Сопинскийдің жұдырықтасу мәнері, жылдамдығы алғашқы раундта жүйкемізге ши жүгірткені жасырын емес. Дегенмен, бастапқы толқуын баса алған Олжас Сәттібаев екінші, үшінші раундтарда мол тәжірибесін ұтымды пайдаланып, басымдықты өз қолына алды. Кездесудің үшінші кезеңінде бетін қан шайған украиналық боксшының шаршақы екені көзге айқын аңғарылып тұрды. Ұрымтал тұста қос қолын сәтімен сермеген Сәттібаевтың соққылары Сопинскийдің тұмсық тұсына да, құлақ шекесіне де дөп тиіп жатты. Әсіресе қосарлана тиген екілік комбинация украиналық өреннің мысын басқандай еді. Шешуші сәтте шеберлігін таныта білген жерлесіміз жеңісті жұлып алып, мерейімізді асырды. Жаса, қазақ оғланы дедік біз де! Бірінші кезеңнен іркілмей өткен жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаев енді тоғызыншы қазан күні болгариялық былғары қолғап шебері, Еуропа чемпионы Даниель Асеновпен жұдырықтасып, келесі кезеңнің мәселесін шешетін болады. Сонымен қатар, кеше 60 келі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық боксшы Закир Сафиуллин де ринг төріне көтерілді. Толығырақ газетіміздің келесі санында жазамыз.

Табиғат Абаилдаев

Ұқсас жаңалықтар