- Advertisement -

Тарихтың ащы сабағын

86

- Advertisement -

Мемлекет басшысы ҚХР-ға мемлекеттік  сапары аясында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Орталық партия мектебінде дәріс оқыды.

24Нұрсұлтан Назарбаев қытай халқын милитаристік Жапонияға қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

– Қытайдың Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесіне баға жетпейді. Қытай халқы көрсеткен төзімділік пен қайсарлық – қаһармандық пен ерліктің, батылдық пен патриотизмнің керемет үлгісі. ХХ ғасырдағы ең қанқұйлы соғысқа Қазақстанда да халықтың 25 пайызы жұмылдырылды. Олардың  көпшілігі майдан шебінен оралмады. Солардың қатарында қытай жерінде жан тапсырғандары да бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті дәріс оқу үшін ҚКП Орталық партия мектебіне кездейсоқ таңдау жасамағанын атап көрсетті.

–Мұндағы бүгінгі тыңдаушылар – Қытай компартиясының ертеңгі бағытын ұстанушылар. Сіздер – «қытай арманын» жүзеге асыру және ұлтты жаңғырту жолындағы алдыңғы лектің өкілісіздер. Өйткені «Қытай өрлеуі» деп аталған ХХІ ғасырдағы бірегей құбылысты біз бірінші кезекте бүкіл өңірдің дамуы үшін қажетті мүмкіндік ретінде қарастырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дәріс барысында екі мемлекеттің қарым-қатынастары сапалық тұрғыдан өсе түскені атап өтілді.

–Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 337 миллион доллардан 22 миллиард долларға дейін өсті. Соңғы екі жылдың өзінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын екіжақты келісімшарттарға қол қойылды. Біз түрлі салаларда 250-ден аса үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерді бекіттік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арнайы тоқталып, оны жүзге асыру үшін Ляньюньган портындағы логистикалық терминалды пайдалану, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік жолының құрылысы, «Қорғас» халықаралық орталығын іске қосу сияқты қадамдар жасалғанын айтты.

– Еуропалық одақ пен Азия-Тынық мұхиты өңірі елдері арасында жыл сайын 6 миллион контейнер жүреді. Осы жүк ағынының негізгі бөлігі – 98 пайызы шетелдік порттар арқылы теңіз флотымен тасымалданады. Бұл ретте Қазақстан арқылы өтетін құрлықтық транзиттік бағыт теңіз жолынан әлдеқайда қысқа. Енді тауарды екі апта ішінде жеткізуге болады. Осы стратегиялық басымдық – Астана мен Бейжің арасында трансұлттық транзит-көлік альянсын құру үшін негізгі шарт, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол»  бастамасының өзара толықтырушы сипатын да атап өтті.

–Біз 2014 жылдың желтоқсанынан бері индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Атап айтсақ, жалпы құны 30 миллиард доллардан асатын 48 инвестициялық жоба іріктеліп алынып, Қазақстан мен Қытай арасында индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде елдеріміздің көптеген халықаралық мәселелер бойынша ұстанымы ортақ екеніне назар аудара отырып, Ядролық қарусыз аймақ туралы шартқа қатысушы Орталық Азиядағы мемлекеттерге сөзсіз негативті кепілдік бергені үшін Қытайға алғыс айтты.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Орталық партия мектебі басшылығымен әңгімелесіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

                            * * *

Елбасы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу Қазақстан Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында өтті. Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі маңызды жайттарға қатысты ұстанымдарды қарастырды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшінші қыркүйек күні  Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің және қытай халқының Жапониямен соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатысты. Әскери шеру Қытай астанасы – Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өтті. Бұл – әлемдегі ең үлкен алаңдардың бірі. Әскери шеруге Қытай тарапы ерекше дайындалыпты. Тіпті, бір айдан бері Бейжің көшелерінде айрықша тәртіп орнап, елдік шараға қытай халқы бір кісідей атсалысқан.  Ұйымдастырушылар діттеген мақсаттарына қол жеткізді. Бұл – Қытай Халық Республикасы тарихындағы ең ірі әскери шеру. Оған ҚХР басшылығының шақыртуы бойынша 23 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Олардың қатарында, Ресей, Моңғолия, Мысыр, Чехия, Оңтүстік Корея, Пәкістан және өзге де елдердің президенттері бар. Сондай-ақ, парадқа 11 халықаралық ұйымның өкілдері келген. Әскери шеруде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун де болды. Салтанатты шараға шақырылған қонақтарды ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин зайыбы Пэн Лиюаньмен бірге Тяньаньмэньнің бас мінберінің алдында қарсы алды. Тяньаньмэнь бойымен Қытай қарулы күштерінің 50-ге жуық эшелоны, яғни 12 мың әскериі, 40 түрлі 500 техникасы жүріп өтті, аспанға 20 түрлі 200 ұшақ көтерілді. Парадқа қатыстырылған техниканың 84 пайызы заманауи, соңғы үлгідегі қарулар екен. Олардың бәрі ел назарына алғаш рет шығарылды.

Шараға қатысқан әскерлер қатарында Қазақстан жауынгерлері де болды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлерінің құрмет қарауылы ротасы шеруде жетінші болып сап түзеді. Олардың арасында ту ұстаушылар тобы және үш әскер түрі бар. Әскери шеруге қазақстандық әскерлерді құрмет қарауылы ротасының командирі, капитан Мақсат Байжігітов бастап шықты.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығы Қытайда ерекше аталып өтіп отырғандығы да бекер емес. Өйткені, бұл соғыстың соңғы нүктесі Қытайда қойылған болатын. Ал қытай халқының жапон басқыншыларын жеңуінде қазақстандықтардың да үлесі бар. Бүгінде Квантун армиясына қарсы соғысқан кеңестік әскерлердің құрамында қазақтардың да болғандығы анықталуда. ХХ ғасырдағы сұрапыл соғысқа Қазақстаннан аттанған жауынгерлердің жартысы оралмағандығы белгілі болса, Қытай жерінде қаза болғандар да бар екендігі айтылуда. Қазіргі күні ҚХР-дың бірқатар қаласын азат етуде опат болған сарбаздардың есімдері осы елдегі арнайы мемориалда жазылғанын да атап өтуге болады. Мәселен, Бейжіңнен 245 шақырым жердегі Чжанцзякоу уезінің Чжанбэй қаласында Екінші дүниежүзілік соғыста Қытай жерінде қаза болған кеңес әскерлері мен моңғол сарбаздары мемориалы маңында 21 адам жерленген. Олардың арасында Қазақстанның тумалары және еліміздің аумағынан соғысқа шақырылғандар бар. Ескерткіште 13 моңғол және 66 кеңес жауынгерінің аты қашалып жазылған.

Әскери шеру, негізінен алғанда, Жеңіс құрбандарын еске алу, тағзым ету шарасы ғана емес, сонымен қатар, ол ортақ қатердің алдында әлем халықтары бірлігінің көрнекті мысалы бола алады. Бұл ойды парадтан бір күн бұрын Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жанындағы Партия мектебінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеткізген болатын. «Қытай жерінде қаза болған қазақ сарбаздарын да мәңгі есте сақтағандарыңыз үшін барша отандастарымның атынан ҚХР үкіметіне алғысымды білдіремін», – деді Қазақстан Президенті. Осы орайда, Елбасы сұрапыл соғыста елдерді жаудан азат етуге үлес қосқан әрбір жауынгерді әрқашан құрметтеп, мадақтау қажет екенін, сондай-ақ, осындай қайғының қайталануына жол бермеу баршаның тарихи миссиясы екенін қадап айтты. Қазақстан Президентінің бұл пікірін әскери шеруде сөйлеген сөзінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин де құптады. Ол төрткүл дүние көз тіккен шерудің беташарында Қытай мемлекетінің бейбітсүйгіштігін ерекше атап өтті. Си Цзиньпин өз еліндегі әскерилер қатары жыл санап азайтылып келе жатқанын алға тартты. Мәселен, алдағы уақытта қытай әскерінің саны 300 мың адамға қысқартылмақ екен. Расында,  бұл әскери шеру «заман тыныш болса екен», «соғыс болмаса екен» деген тілектерге жол ашты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support