Күйімен көңіл тербеген

Күйімен көңіл тербеген
ашық дереккөз
Күйімен көңіл тербеген

Күйші-сазгер Аман Малдыбаев туралы бір үзік сыр

Күй өнері – халқымыздың рухани құндылығының маңызды бір саласы. Ол ұлтымыздың байырғы және бүгінгі мәдениетімен тығыз байланысқан. Күй жанрының өнердің басқа саласынан ең басты айырмашылығы – адам баласы ауызбен айтып, бояумен бейнелеп бере алмайтын табиғаттың тылсым сыры мен сұлулығын музыка ырғағымен жеткізе білуінде. Жаңа ғасырдағы қазақ күйі қайда бет алып барады? Қандай жаңалықты иеленіп, нендей қиындыққа кезікті? Дәстүрлі өнердің жаңа заманға лайық ұсынылуы қай деңгейде? Осындай қадау-қадау мәселелер ұлттық өнерден хабары бар әрбір қазақты толғантпай қоймайды. Осы тұрғыда қазақтың қасиетті қара домбырасын жанынан бір елі тастамай, күй өнерін насихаттап, дамуына барынша үлес қосып келе жатқан күйші-сазгер жерлесіміз Аман Малдыбаевтың есімі былайғы жұртқа таңсық емес. Өйткені, өз өнерімен дүйім  елді тамсандырып, өнер әлемінде өрге жүзіп жүрген Аман Малдыбаев қасиетті домбырамен елге қызмет етіп келеді. Адам бойындағы асыл қасиеттің өскен ортасымен, туған өңірімен қатар қалыптасуы табиғи заңдылық. Сонау ғасырлар айрығында шығыс шайырларынан  бастау алып, күні бүгінге дейінгі әдебиет пен өнер саңлақтары және тарихшы ғалымдар арасында шежірелі Таразды өз шығармашылығына арқау етпегендер сірә, кемде-кем шығар. Сондай даралардың соңын жалғаушы сазгер, өңіріміздің мақтанышы Аман Малдыбаев десек артық айтпағандық. Оның «Көне Тараз» күйі көркемдік деңгейі, мазмұндылығы және музыка тілі тұрғысынан орны айрықша шығарма екені даусыз. Негізінде, ел ішінде қандай да бір өңір тарихын сөзбен я тілмен, болмаса қылқалам құдіретімен өрнектей білген өнерлілер қатары жетерлік.  Қазіргі таңда ондай таланттар жиі ұшырасып жатады. Десек те, нақ осы Аман Малдыбаев шаһар тарихын күймен бейнелеген. Өнердің құдіреті, шығарманың құндылығы әсер еткендіктен болар, аталған күйге ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тәнті болып, ризашылық білдірген. Сондай-ақ, бұл «Көне Тараз» күйі қазақ музыкасының «Алтын қорына» енгенін де елеп өткеніміз орынды секілді. Ол ғана емес, «Ғаламат», «Мұңды саз», «Шоқай датқа», «Мұңлы тамшылар» және тағы басқа күйлердің, сондай-ақ, «Шырайлым», «Жалын кешкен», «Жастар маршы», «Наз сезім», «Аққу әні» секілді әндердің авторы Аман Малдыбаевтың өзге де туындылары елімізді айтпағанда, біршама шетелдерден де тыңдармандарын тауып жатқанынан хабардармыз. Ендеше, есімі елеулі сазгер-күйшінің өмірлік әрі шығармашылық тұрғыда қалыптасу барысына көз жүгіртіп көрейік. Аман Малдыбаевтың өнердегі жолы кейінгі жас ұрпаққа өнеге боларлықтай ғибратқа толы. Балаң шағынан-ақ «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген тәмсілмен тамырласа жаралған ол ойын баласы ретінде теңбіл доппен емес, қасиетті қара домбырамен серік болып, сырласып есейеді. Келер күнге деген арманын да сол ұлттық саз аспабымен астастыра білген Аман Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр бөліміне оқуға түсіп, одан кейін өнердегі білімін Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде жалғастырады. Мұнда халық аспаптары бөлімін бітіріп, екі жылдық дайындық курсынан кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның  халық аспаптары  бөліміне түсіп, арманын шынайы өмірге айналдыру жолында үлкен өнерге құлаш сермейді. Осында оқып жүріп, ол белгілі өнер қайраткерлері, тамаша сазгерлерден дәріс алады. Атап айтар болсақ, Николай Лавщенко, Борис Ерзакович, Шамғон Қажығалиев секілді тумалардың тәжірибесінен өз бойына тәлім жинай біледі. Білім ала жүріп, жетекшісі әрі дирижеры Шамғонның қамқорлығының арқасында Академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде қызмет ету мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, фольклорлық-этнографиялық «Мұрагер» ансамблінде де өз өнерін көрсетуде аянып қалмайды. Осы оркестр құрамында ол еліміздің түкпір-түкпірінде тіпті, сонау Украина мен Мәскеуде де болып, түрлі байқауларда бағы жана бастайды. Содан жоғары музыкалық білім алып шығысымен шақырту бойынша, Аман Малдыбаев негізгі еңбек жолын туған қаласында бастап, күні бүгінге дейін талантын Тараз бен оның тамаша табиғатына арнаудан жалықпай келеді. 1989 жылы Жамбыл қаласына келіп «Әулиеата өрендері» атты фольклорлық ансамблін, 1991 жылы ТарМУ-да «Шежіре» фольклорлық ансамблін ұйымдастырып, оған өзі жетекшілік етеді. Бүгінгі таңда қазақ эстрадасының жұлдызы Досымжан Таңатаровтың алғашқы өнер жолын Аман Малдыбаевтың ансамблінде бастағанын тілге тиек ете кетудің артығы жоқ. Жалғыз Досымжан емес, эстрада жұлдызы, Президенттік ансамбльдің және «Белес» тобының жетекшісі, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері өзінің інісі Мадияр Малдыбаев, республикалық конкурстардың лауреаты Нұрлыбек Қадырбергенов, өңірде жүрген әншілер Құралай Ғайымова, Гүлшат Сопбекова, Жанар Үстемірова және өзге өнерпаздардың Аман Малдыбаевтың дәрісін бойына сіңіріп өскен шәкірттері екенін былайғы ел біле бермейді. Сазгердің ән-күйлерін орындап жүрген әнші-күйшілер талай байқауларда лауреат атанып, зор жетістіктерге жетіп жүр. Аман Малдыбаевтың ерте кездегі туындылары өзінің құндылығын ешқашан жоғалтып көрген емес. Оның «Бәйшешек», «Тайшолпы» күйлері облыс орталығында  өткен әр мереке сайын үлкен әсермен орындалып, жергілікті тыңдарман қауымының құлақ құрышын қандырып келеді. Ал ұстаздық жолы ұзақ жылдан бері абыройлы жалғасып келе жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. Дубайға барып, Президент оркестрінің әншісі Әлихан Дүйсенбаевпен бірге бейнебаян түсірді. Малдыбаев Құдай сыйлаған өнерінің арқасында талай шет мемлекеттің топырағын басып, қазақтың қасиетті күй, ән өнерін сырт елдерге насихаттаған. Сондықтан, Аман Шоңбайұлы Елбасымыздың Алғыс хатымен, бірнеше Халықаралық ұйымдардың медальдарымен марапатталған. Халықаралық БҰҰ-ның «Құрмет белгісі» орденін, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің  «Мәдениет қайраткері»  төсбелгісін кеудесіне таққан. Кейінгі жылдары Аман Шоңбайұлы басқа қырынан да өзін көрсетуде. Олай дейтініміз, ел аузындағы айтулы көркем фильмге түсіп, басты рөлдердің бірін жақсы орындап шыққанын айтпай кету жарамас. Ермек Тұрсынов  режиссерлік еткен «Шал» фильмінде негізгі рөлдердің бірі Қалтайдың образын барынша ашып, алып шығу Аман Малдыбаевқа аманатталды. Бұл тұрғыда өзін қалай, қай деңгейде көрсете білгенін көрермен өзі топшылап жатар. Біз білетін бір анық – Аман ағаның талантты күйші-сазгер екендігі. Кейіпкеріміздің перзенттері де өнерлі, талантты өрендер. Оның себебін  «Әке көрген – оқ жонар» деген ғана мақалмен шектей алмайсыз. Бұл орайда күйшінің өзі: «Ұлдарым анасының құрсағында жатқанда айы-күні  жақындап отырған келіншегімнің  жанында отырып күй тартатынмын. Перзенттерім өмірге келгеннен кейін бесігін тербетіп отырып, талай рет ән айтып, күмбірлетіп күй шертіп әлдилеуші едік» деп ұлдарының өнерге жақын болуының себебін түсіндірді. Адам – ұрпағымен ұлық. Ал сол шаңырақ шаттығын ұлғайтар ұрпағының  бойында ұлттық болмыс біте қайнасып тұрса үлкен мәртебе. Аман Малдыбаев бұл жағынан алғанда бақытты әке. Үш ұлының үлкені Әлібек оқушылар арасында өткен халықаралық «Азия дауысы» ән байқауының дипломанты, жас сазгер. Тараздағы түрлі жиын, мерекелік іс-шараларда, саксофонын сызылтып тұрған Әлібекті талай көріп жүрміз. Өнердің кереметін қойсаңшы, Әлібек әкесімен бірге Германияның ең көрікті он қаласын аралапты. Ортаншы ұлы Рүстем Белоруссияда өткен халықаралық  ән конкурсының I орын иегері, Мәскеуде, Новосибирскіде өткен халықаралық өнер додаларының дипломанты, Кенже ұлы Қазыбек – қобызшы. Жас қобызшылардың Халықаралық «Жез киік» байқауында  лауреат атанса, республикалық  жас  орындаушылар  аламанында II орынды олжалады. Қазыбек бұл жүлделермен шектеліп қалған жоқ. 2012 жылы халықаралық  «Шабыт» фестивалінде айы оңынан туып, белгілі қобызшы Қазыбек Әбенов атындағы арнайы жүлдені  иеленді. Өмірлік жолдасы Салтанат Қосаева да өнерден алшақ емес. Бір кездері Қазақ Ұлттық консерваториясында Шамғон Қажығалиев, Болат Сарыбаев, Ғазиза Жұбанова секілді профессорлардан сабақ алған, Бекболат Тілеухан, Сәкен Тұрысбеков секілді саңлақтармен студенттік күндерін бірге өткізген кейіпкеріміз  бүгінгі таңда еліміз мойындаған өнерпазға айналып үлгерді. Өзі ғана емес, отбасымен өнегелі өнерпаздар болып танылып жүр.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар