«Ақ жол» арқылы айтсақ,

«Ақ жол» арқылы айтсақ,
ашық дереккөз
«Ақ жол» арқылы айтсақ,

Ертеректе жаратқан Алланың әр адамның болмысына дарытқан мінезінің өзгеруі қиын болар деп ойлайтын едім. Жасым ұлғая келе ол тұжырымымның қате екендігін ұғындым. Оған ес біліп, ат жалын тартып мінгелі көз алдымда жүрген адамдардың кейінгі жылдары бастапқы ұстаным, көзқарастарынан арылып, мүлдем басқа жанға айналып шыға келгендігі себепші болды. Олай деуім, саналы ғұмырымның үштен екісі коммунистік партия үстемдік құрған бұрынғы тоталитарлық жүйенің тұсында өтті. Жасыратыны жоқ, коммунистердің жас ұрпаққа білім және тәрбие беру, ұрлық-қарлық жасағандарды құрықтау, жоқ-жітік жандарға қамқорлық жасау жөніндегі ұстанымдары маған ұнайтын да еді. Рас, олардың атеистік көзқарасты уағыздауда, ұлттық салт-дәстүрлерге қысым жасауда, діни лауазым иелерін қуғындауға ұшыратуда әсірешілдікке салынып кететін кездері де болды. Коммунистердің Алланың ақ жолына қайшы келетін қылықтарына зығырданым қайнап, амалсыз ішімнен тынған сәттерім де аз емес. Ал енді сол коммунистік партияның үстемдігі келмеске кетіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде көрген-түйгенімді ой таразысында безбендеп көрсем, күні кеше ғана дінге сенетіндерді қыжыртып жүретін партия комитетінің хатшысы деңгейіндегі кейбір белсенділер бүгінде сәждеге бас қойып, дін уағыздаушысына айналып кетті. Меніңше, әр адам шама-шарқы келгенше өзін қоршаған қоғамдық ортаға сын тұрғысынан қарауға тиіс. Міне, осы тұрғыдан келгенде, өз басым, қазіргі «ел ағасы, тон жағасы» болып жүргендердің біразын күні ертең заман өзгерсе, қоса құбылып түрленіп шыға келетіндер немесе қолынан еш нәрсе келмейтін, тек көкелерінің арқасында ғана лауазымға қол жеткізіп, мемлекеттің жегізген ақ нанын ақтамай жүргендер шығар деп ойлаймын. Өйткені, қартайып қалғаныма қарамастан, үйде тек жатпай, өзім тұратын аумақтағы елдің қамын ойлап, қасымыздан өтетін көше бойынан аялдама соғып берулерін сұрап, Тараз қаласының әкімдігіне бес жыл қатарынан арыз жаздым. Қалалық әкімдіктегілер де «қаражат мәселесі шешілген жағдайда орнатамыз» деп жауап қайтарудан жалықпады. Соңынан әйтеуір облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев араласып, тапсырма беруімен біздің бес жыл бойы қолымыз жетпей қойған аялдаманың да құрылысы қолға алынып, пайдалануға берілген. Сөзімнің соңында айтарым, біздің көшедегі көп қабатты №78 үйдің алдындағы тротуармен жауын-шашынды күндері ересек адамдардың өзіне жүру қиынға түседі. Содан соң, асығыс салынған осы үйдің қасынан балаларға арналған ойын алаңы салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз бұл жөнінде қала басшылығындағы тиісті жауапты шенеуніктерге өтініш те айтып көргенбіз. Бірақ айтқан тілегімізге баяғы аялдама салу туралы мәселе көтерген кезіміздегідей шығарып салма жауап алдық. Сірә, тағы да бір биік лауазымды, жұртшылыққа жаны ашитын азамат табылып, нұсқау бермесе, дұрыс қойылған  мәселенің өзінің шешіле қоюы екіталай сияқты. Сондықтан, «Ақ жолды» облыс басшыларына тілек айтар мінбер ретінде пайдаланғанды жөн көрдік.

Рахымжан Бөлекбаев. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар