Темір гараждың «тәлкегі»

Темір гараждың «тәлкегі»
ашық дереккөз
Темір гараждың «тәлкегі»

О заманда бұ заман темір гараждан дау туады деп кім ойлаған? Кәдімгі есігіңнің алдында ескерусіз тұратын темірден жанжал туындай беретінін қайдан білейік. «Бақсақ, бақа екен» дегендей жүре берсең, әр түрлі жағдайды көре береді екенсің. Сонымен, оқырмандардың ішін көгертпей әңгімемді бастап жіберейін. Әділ төрелігін өздеріңіз айтыңыздар. Айдың-күннің аманында гаражынан айырылған мен емес – Тараз қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Оңғарбек Сәлімбай. Ол кісіге әлгі темір гаражды туу-у сонау 1989 жылы туған балдызы К. Бәйменова сыйлапты. Бір жағы тоқсан жас жасап, жүріп-тұруы қиындаған, дәрігерге қаралуы көбейген құдағиы (О. Сәлімбайдың анасы) есіктің дәл алдынан автокөлікке міне қойсын, зыр деп емханаға бара қойсын деген жанашырлықпен сыйлаған. Әйтпесе, жап-жасыл сырмен сырланған гаражын көзі қиып кім береді? Балдызы берген сол гаражға О. Сәлімбай ұзақ жыл көлігін қойып жүрді. Өзі жоқ кезде Тұрар Жапаров, Сейтхан Жаманқараев, Сейіт Отыншиев деген достарына берген. С. Отыншиев бір күні көшетін болып, гараждың кілтін көршісі Талғат Сембаевқа беріп кетеді. Бергенде «осы гаражды саған сыйладым» деп емес, «Кілтті Оңғарбек ағаға, болмаса баласы Ғалымжанға бере салыңыз» деген өтінішін айтады. Артынша О. Сәлімбайдың шаңырағында қайғылы жағдай болып, біраз уақыт ес жия алмай қалады. Ал Талғат аманатқа берілген кілтпен көршінің темір гаражын пайдалана береді. Арада біраз уақыт өтеді. Яғни, 2014 жылдың шілде айында О. Сәлімбай балдызы сыйға берген жасыл гаражын іздеуге көшеді. Барса, жасыл гаражы баяғы орында тұр. Бірақ, қожайыны – Талғат. Бұл кісі Талғатты тауып алып, жағдайды түсіндіреді. Талғат түсінгендей болады да «Пайдалана тұрайыншы, аға. Мәшинемді қайда қоямын?» дейді. Бұл кісі әуелі қатуланып тұрғанымен, көнеді. Талғат екі айға жалдағанына 10 мың теңге береді О. Сәлімбайға. Қысқасы, Талғат алты ай бойы гараждың ақысын беріп, көршісінің темір гаражын пайдаланады. Бір күні Талғат «Ау, мен есігімнің алдында тұрған ескі гаражға неге теңге төлеуім керек?» дегендей, амалға көшеді. Ойында түк жоқ, бір күні О. Сәлімбай Талғаттан гаражын пайдаланғаны үшін ақысын сұрайды, тіпті гаражды босат, – дейді. Сол, сол екен Талғат: «Гараж менікі. Қане, гараждың иесі сіз екеніңізді растайтын құжатыңызды көрсетіңізші. Қайда барсаңыз, онда барыңыз» дейді. Жайбарақат жүрген О. Сәлімбай әп-сәтте сергелдеңге түседі. Өйткені қолында гараждың иесі екенін дәлелдейтін құжаты жоқ еді. Балдызы да құжат-пұжатқа қарамай, сыйлай салған ғой. О. Сәлімбай сол күннен бастап, сотқа шағымданады. Гаражының біраз құжатын жинастырып, өзінікі екенін растайтын біраз куәлар да табады. Қазір О. Сәлімбайдың қолында Төле би даңғылы, №9 үй ауласындағы темір көлікжайды уақытша пайдалануын алты жыл мерзімге ұзартқаны туралы Тараз қаласы әкімінің қаулысы бар. Сондай-ақ, О. Сәлімбайдың атына Төле би даңғылы, №9 үй ауласындағы көлікжайдың құжаттарын заңдастыру жөнінде жерге орналастыру туралы Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Тоқсабаевтың да бұйрығы бар. Мұның бәрі ойыншық емес. Оның үстіне Тараз қаласы ішкі істер бөлімінің №2 полиция бөлімшесінің тергеушісі, полиция капитаны Бердібек Жүнісбековтің «Қазіргі уақытта тергеп-тексеру барысында жинақталған құжат бойынша аталған гараж бойынша Т. Сембаев пен О. Сәлімбай арасындағы оқиға азаматтық тәртіпте шешілуге жататын оқиға болып табылады. О. Сәлімбайдың арызымен жиналған құжаттарды негізге ала отырып, қазіргі уақытта гараж иесі Оңғарбек Сәлімбай екендігі жиналған құжаттармен және С. Отыншиевтың жауабымен толығымен анықталып, дәлелденді» деп көрсеткен құжаты және бар. Темір гараж судьяларға да біраз жұмыс болды. Бұл дауды әуелі Джаңбырбаева қараған. Ол судья: «Бұл істе Т.Сембаевтан өндірілетін материалдық шығын жоқ» – дейді. Мұнысы қалай? Талғат бес жыл бойы О.Сәлімбайдың гаражына автокөлігін қойып келеді. Енді Қалдыбаев деген судья қолға алды. Ал, жездесіне темір гараж сыйлаған Қ. Байменова түкке түсінбей аң-таң. «Мен 1989 жылы сыйлаған кезде ол гараждың сырты жасыл сырмен сырланған еді. Сол жасыл бояу өшпей әлі тұр. Жездеме гаражды айырылып қалсын деп емес, пайдалансын» деп бердім деп алаңдап отыр, әрине. Сол гаражға 1999-2005 жылдары автокөліктерін қойып жүрген Тұрар Жапаров және Сейітхан Жаманғараев та О. Сәлімбайдың темір гаражынан туындаған «тәлкекке» түсіне алмай дал. Судьялардың да жағдайын түсінуге болады. Әйтпесе, титтей темір гараждан таудай дау туады деп ойлап па? Ендігі мәселе Тараз қалалық №1 соттың судьясы Қалдыбаев қараған отырыста шешіледі. «Тасыр-тұсыр» еткен темір гараждың «тәлкегі» де сол кезде бір жайлы болып қалар. №9 үйдің ауласындағы темір гараж болса, «Қай жеңгенің менікі» дегендей, маңқиып тұр.

Есет Досалы, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар