«Ел мерейі мен Елбасы - егіз ұғым»

«Ел мерейі мен Елбасы - егіз ұғым»
ашық дереккөз
«Ел мерейі мен Елбасы - егіз ұғым»

20Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Шу ауданының Құрметті азаматы Махмұт Базарқұлұлы ҚАСЫМБЕКОВ өзі түлеп ұшқан білім ордасынан екі жылда бір   отызға тарта оқушыны Астана қаласына шақырып, кездесу ұйымдастыруды, оларды елорданың көрікті жерлерімен таныстыруды дәстүрге айналдырып келеді.  Биылғы басқосуға тілші ретінде менің де қатысуымның сәті түсіп еді. Сол  мүмкіндікті пайдаланып,  бүгінде белгілі мемлекет қайраткері  деңгейіне көтеріліп отырған жерлесімізбен қысқаша тілдескенді жөн көрдік. – Құрметті Махмұт Базарқұлұлы, еліміз биыл айтулы мерекелерді атап өтуде. Алда  күтіп отырған жақсылықтарымыз да көп. Осы орайда өзіңізден әсіресе «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туралы пікіріңізді білгім келеді.  Бұл көрме ғылым, экономика және құрылыс салаларына қандай жаңалықтар әкелуі мүмкін? Елімізге тигізетін пайдасы қандай? – Біз бұрын Кеңес одағының құрамындағы көп республиканың бірі болып келсек, енді осындай ірі-ірі халықаралық іс-шараларды өткізу арқылы ең алдымен елімізді әлемге танытуымыз қажет.  Әлем еліміздің мүмкіндігін, халқымыздың өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін кеңірек  танып білетін болады. Таныса, білсе, олардың біздің елімізге деген сенімі артады. Ал бұл елімізге инвестициялар мен жаңа технологиялар әкеледі. Осының бәрі айналып келгенде халқымыздың әл-ауқатын арттырады. Біз бүгінде Орталық Азиядағы мемлекеттер арасында, жан басына шаққанда, ең көп инвестиция тартып отырған елміз. Еліміздегі тыныштық, тоқшылық,  береке-бірлік  пен саяси тұрақтылық - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған осындай игі саясатының жемісі. Біз мұны білуіміз керек. Қазақстан ЭКСПО көрмесін ТМД мемлекеттері арасында  бірінші болып өткізгелі отыр. Оны өткізу – зор мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік.  Өйткені, мұндай құрметке ие болу үшін ЭКСПО-ға мүше болып кіретін елдердің  барлығы бірдей дауыс берулері керек. Ал бізді жаппай  қолдаған себебі: олар біздің осы іс-шараны өткізе алатын экономикалық мүмкіндігімізге сенді. Екіншіден, еліміздегі татулық пен тұрақтылықты бағалады. Үшіншіден, қазіргі халықаралық беделімізді ескерді. Төртіншіден, бүгінде әлемде ең өзекті мәселелердің бірі - экологиялық  ахуал болғандықтан, біз соны жақсартуға ықпал ететін, көптің көкейінен шыққан «жасыл экономика» тақырыбын ұсына алдық. Қазіргі деректер бойынша көрмеге 100 мемлекет пен ұйымдар қатысады деп күтілуде. Олар өздерінің жетік технологияларын, ғылыми жетістіктерін әкеліп көрсетеді. Өз павильондарын ашады. Астанада бұрын болмаған ғимараттар бой көтереді. Көрме аяқталғаннан кейін ол ғимараттардың барлығы да кеңсе, пәтер ретінде өз халқымыздың игілігіне беріледі. Көрмеге келушілер таңғажайып технологиялармен танысады. Әлемге танымал өнер шеберлерінің концерттерін тамашалайды.  Ілгеріде қазақ даласында атақты Қоянды, Қарқара жәрмеңкелері өтеді екен деп естуші едік қой, ал мынадай көрмені қазақ даласы  бұрын-соңды көріп-білген емес. Көрме ғимараттарын салуға жаңа құрылыс технологиялары қолданылып, сапалы құрылыс материалдары пайдаланылуда. Онда мыңдаған қазақстандықтар жұмыс орындарын табуда. Олар сонда жұмыс істеу арқылы кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Көрме  құрылыстарына арнап отандық кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынады. Көрме қонақтарына арнап еліміздің аграрлық саласының кәсіпорындары  азық-түлік өнімдерін өндіреді. Қонақ үйлер мен  дәмхана, мейрамханалардың халыққа қызмет көрсету сапасы мен мәдениеті артады. Көрмеге біздің еліміз де ғылым және технология салаларындағы өз жаңалықтары мен жетістіктерін ұсынады. Демек, Астананы тұрғызғанымыз сияқты, ЭКСПО көрмесін өткізу де ел экономикасын дамытудың  өзіндік бір локомотивіне айналуы тиіс. Көрме жұмыс істейтін үш айдың  ішінде оны тамашалауға 2 миллионнан  астам адам келеді деп күтілуде. Соның 300 мыңы шетелдік қонақтар болуы мүмкін. Бұл туризм саласын  жандандыруға да септігін тигізеді. Ал көрмеде күн сайын 55 мыңнан, ал кейбір демалыс күндері 150 мыңға дейін  адамнан болып,  бас-аяғы оған 5 миллионға тарта келуші кіріп-шығады деп болжануда. Осы орайда мынадай да бір деректі айта кетейін. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазіргі «Азия жолбарыстарының» бірі – Оңтүстік  Корея әлемдегі  кедей, қалалары мен ауылдары лас мемлекеттердің бірі  болған екен. Бірақ осындай халықаралық шараларды жиі-жиі өткізе жүріп, қонақтар келер алдында жиылып-теріле келе, ол бүгінде қалалары мен ауылдары ең таза мемлекеттердің біріне айналды. Демек, мұндай ауқымды іс-шараның тіпті осындай да пайдалы жақтары бар. Әрине, қазіргі әлемдегі экономикалық дағдарыс  ой-ниетіміздің бәрінің ойдағыдай іске асуына теріс әсерін тигізуі де  мүмкін.  Бірақ жақсылық жағына қарай үміттенейік. – Сіз жоғары лауазымды қызметпен бірге  шығармашылық жұмысты да қатар алып келе жатқан тұлғалардың бірісіз. Президентіміз жайлы құнды  деректі дүниелерді жарыққа шығардыңыз. Олар бірнеше тілге аударылды. Алдағы уақытта Елбасымыз туралы тағы да кітап жазу ойыңызда бар ма? – Менің туындыларымның  барлығы да, ең алдымен, ел тәуелсіздігіне байланысты жазылған дүниелер. Ал еліміздің тәуелсіздігі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың баға жеткісіз ерен еңбегімен тығыз байланысты. Ол сонау Кеңес одағы тарап, экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс орындары  тоқтап, халық жаппай  жұмыссыз қалып, күйзеліске ұшыраған, ұлтаралық ахуал барынша ширыққан өткен ғасырдың 90-шы жылдары республикамыздың келешегі  үшін бірден-бір дұрыс даму жолын таңдап, елімізді сол қиындықтан алып шыға білді. Арада 20 жылдай өткен кезде республикамызды әлемдегі жоғары қарқынмен дамып отырған 50 елдің қатарына әкеліп қосты. Сондықтан тәуелсіздіктің тарихын Елбасымыздың  еңбегінен бөліп қарай алмаймыз. Біздің елімізде ел мерейі мен Елбасының егіз ұғым екендігі де сондықтан. Ал мен осы оқиғаларды, Елбасымыздың еңбегін, азаматтық қырларын, қайраткерлік қарымын көзіммен көріп жүргендіктен, соны жазып, жұртшылыққа жеткізіп отыруды өзіме парыз санадым. Сол көзіммен көргендерді  дер кезінде жазып отырмасам, кейіннен, уақыт өте келе, оны  біреулер жалаң  ой-қиялға беріліп, тіпті, бұрмалап  жазуы да  мүмкін ғой. Оның үстіне,  біз бұрын көшпелі халық болып жаугершілік замандарды бастан көп өткергендіктен, жазба деректеріміз бен құжаттарымызды көп сақтай алмағанбыз. Осы тәуелсіздігіміздің арқасында, бүгінде тарихшы мамандарымыз ондай деректерді шетел архивтерінен там-тұмдап жинастыруда. Қысқасы, менің жазып жүргендерім - Елбасымыздың еңбегі арқылы көрсетілген тәуелсіздігіміздің шежіресі. Мен көрген-білгенімді тек нақты деректерге сүйеніп қана баяндадым. Оны мүмкіндігінше алдағы уақытта да жалғастыруға тырысамын. –Қалай ойлайсыз, қазіргі жастарымыз  бүгінгі заман талабының үдесінен шығып жүр ме? – Мені қазіргі жастарымыздың білімге, ізденіске құштарлығы қуантады. Жаңалыққа ұмтылып, қадамын уақытпен тең басуға талпынған  кез-келген жанның түбінде талабына нұр жауары анық. Бізде ондай талапты, талантты жастар аз емес. Соларды көргенде, әрине,  қуанасың. Олар білімді, мақсаткер, бірнеше тіл біледі. Біреулері мемлекеттік жоғары лауазымды қызметте,  біреулері бизнесті дөңгелетіп, енді біреулері өз өнерлерімен, спорттағы жетістіктерімен елімізді әлемге танытып жүр. Байыптап қарасақ, осының бәрі де тәуелсіздігіміздің арқасы. Қазіргі жастардың мүмкіндіктерін, мәселен, менің замандастарымның мүмкіндіктерімен салыстырып қарауға мүлде келмейді.  Себебі, қазіргі жастардың алдынан кең жол ашылған. Олар «Болашақ» бағдарламасымен ең таңдаулы шетелдік университеттерде білім алуларына болады. Өз елімізде де тамаша университеттер бар. Жақсы оқыса, мектептің өзінде-ақ қазақ,  орыс және ағылшын тілдерін біліп шығады. Одан кейін олардың алдынан бүкіл әлемнің көкжиегі ашылып сала береді. Тек ол үшін бала кезден жақсы оқып, ізденіп, келешегіңді дұрыс айқындап, мақсатты еңбектене білу керек. Қазіргі қатаң бәсеке заманында адамның жақсы дамуының, жақсы  өмір сүруінің одан өзге жолы жоқ. Нарық заманында нашар маманды жақын туысының өзі де жұмысқа алмауы мүмкін. Неге? Бұл – жұмыс берушінің әлдебір тасбауыр немесе  безбүйректігінен емес. Мұны одан заманның өзі талап етеді. Өйткені, ол жалқау, білімсіз туысқанын жұмысқа алса, күні ертең компаниясының  банкротқа ұшырайтынын, өзінің де қиын жағдайда қалуы мүмкін екенін ойлайды. Сондықтан жат та болса, білікті маманды жұмысқа алуға  мәжбүр болады. Ал қазіргі жастарымыздың бойынан көрініп қалатын кейбір келеңсіздіктер жайлы айтар болсам, менің ойымша, отбасылық құндылықтар  төмендеп бара жатқан сияқты. Жастарымыз қара басының қамын көбірек күйттейді. Бұл әсіресе қала жастарының бойынан көбірек көрінеді. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетін жастарымыз бар. Оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Сөйтіп жүріп ұрлыққа, қылмыс жасауға барады. Есірткінің, жат діни ағымдардың құрығына ілініп жатады. Сөйтіп, өздерінің келешегіне өздері қастық жасап алады. Жастар арасында отбасын құруға жеңіл-желпі қараушылық,  қиындыққа төзбей, ажырасушылық деректері өршіп барады. Әрине, осының бәрі кімді болса да алаңдатпай қоймайды. – Елбасымыздың: «Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды құрметтеу – алдымен өзің туған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», – деген сөзі бар. Осы қағиданы берік ұстанған сіз өзіңіз түлеп ұшқан білім ордасынан отызға жуық баланы Астанаға шақырып, кездесу өткізіп тұрасыз. Бүгінде дәстүрге айнала бастаған бұл шараны өткізудегі мақсатыңыз не? – Ең алдымен, мектепте оқып жүрген балалардың арасында ұмтылыс пен бәсеке болса екен деймін. Педагогикалық кеңестің шешімімен солардың ішінен 25-30 оқушыны шақыртам.  Мұндай мүмкіндікке ие болу үшін олар жыл бойы жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, өздерін тәрбиелілік тұрғысынан да жақсы көрсете білулері керек.  Көптің ішінен өзін көрсетіп, оқ бойы озып шыққандар ғана елордамызға келуге жолдама алады. Менің мақсатым - балалардың терең де тиянақты білім алуға ынта-ықыласын арттыру.  Астанада болып жатқан үлкен өзгерістерді, жақсы үрдістерді көрсету, соған талпындыру, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту. Адамның бала кезде алған әсері ерекше болады емес пе?  Кім білсін, Астананы көру арқылы баланың бойында осы қалада білім алу, болашақта қызмет атқару, әйтпесе, өзі туған өлкені қала сияқты етіп дамыту арманы оянатын шығар. Олар да өсіп, қызмет жасап, жағдайлары келіп жатса, өзінен кейінгі жастарға  қамқор қолын созатын болар. Ал қазіргі заманда бәсекенің, білімнің не үшін қажет екенін осы әңгімеміздің бас жағында айттым. – Енді ұлт жоспары, бес реформа, 100 қадам бағдарламалары туралы да айтып өтсеңіз. – Сіз қойып отырған сұрақтардың бәрі де өте ауқымды жауаптарды  талап етеді. Ал мына сұрақтарыңыздың жауабына келетін болсақ, өзіңіз білесіз, Елбасымыз сонау 1997 жылы Қазақстанды әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына  қосу туралы міндет қойып еді. Ол міндет тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының ауқымында негізінен орындалды. Соның нәтижесінде  Қазақстанның экономикалық қуаты, халқымыздың әл-ауқаты мүлде басқа деңгейге көтерілді. Әрине, қазір де қоғамда түрлі қиындықтардың, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылардың  бар екендігіне қарамастан, Қазақстанның осы жылдардағы жетістіктері – бүгінде бүкіл әлем мойындаған шындық. Бірақ енді осыған тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Өйткені, тоқтап  қалған жерден қашанда тоқырау басталады. Жоғары қарқынмен дамуға тек біздің еліміз ғана емес, барлық елдер де  ұмтылады. Сондықтан Президентіміз енді Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Ал бұл оңай міндет пе? Жоқ, оңай емес, өте қиын міндет! Бірақ жақсы өмір сүргіміз келсе, әлемдегі дамыған елдермен тереземіз тең болғымыз келсе, тарихтың тозаңында қалып қоймай, Мәңгілік ел болғымыз келсе, біз соған жетуге ұмтылуымыз керек. Ал оған қалай жетеміз? Елбасымыз оған қол жеткізудің бағдарламасын да ұсынды. Оны өз еліміздегі мамандар да, шетелдік экономистер мен саясаткерлер де жоғары бағалады. Яғни мұның өзі бес институттық реформаны –  кәсіби   мемлекеттік аппарат құру мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету; индустрияландыру мен экономикалық өсімге, біртектілік пен бірлікке, есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға қол жеткізу аясында 100 қадам жасау арқылы жүзеге асырылатын болады.Оның бәрін таратып айтып отыратын болсақ, әңгімеміз ұзап кетеді. Мұның бәрі баспасөз бетінде жарияланып, кеңінен насихатталуда. Қазір Үкімет оны іске асырудың нақты тетіктерін белгілеу бойынша жұмыс жүргізуде. Оны Елбасымыз бекіткеннен кейін қызу да күрделі жұмыс басталады. Біздің халқымыздың қолынан бұған дейін де талай асулардан абыроймен асып, қиындықтарды еңсеру  келген. Сондықтан, әрине, бұл тағдыр шешерлік маңызды міндеттің де үдесінен шығуға толық  мүмкіндігіміз бар. Ол үшін бүкіл еліміз болып жұмыла еңбек етуіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен   Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, журналист.

Ұқсас жаңалықтар