Елбасы: «жемқорлыққа бой алдырса, ешкімге аяушылық болмайды»

Елбасы: «жемқорлыққа бой алдырса, ешкімге аяушылық болмайды»
ашық дереккөз
Елбасы: «жемқорлыққа бой алдырса, ешкімге аяушылық болмайды»

Астана күні қарсаңында «Хабар» және «КТК» телеарналарынан көрсетілген «Назарбаевпен ең бастысы жайлы» атты деректі сұхбат елді тебірентіп жіберді. Мемлекет басшысы журналист Ерлан Бекхожинмен сұхбат құра отырып, тәуелсіз еліміздің қалыптасып, дамуы жолындағы маңызды оқиғалар төңірегінде бүкпесіз әңгімесімен бөлісті.  Деректі сұхбатта тоқсаныншы жылдардағы  экономикалық  қиындықтар,  сырттан  инвесторлар тартудың қарекеті,  елордасын Алматыдан Сарыарқа төріне көшірудің өзектілігі, күні кеше өткен Президенттік сайлаудың нәтижесі, алдағы күзде аталып өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық тойының маңыздылығы, бәрі-бәрі қамтылды.

Елбасы өз сөзінде Қазақ хандығының 550 жылдығын  кеңінен тойлауға  шақырды. «Біз мұны күштілеп тойлауымыз керек және біздің халқымыздың бір сәтте аяғы аспаннан салбырап түсе салмағанын, дамығанын, бұл жерде біздің бабаларымыздың болғанын, олардың бұл жерді қорғағанын, қан төгіп, қазір біз жасағанды армандағанын көрсетуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.  Сонымен қатар, Назарбаев қазақ халқының түгелдей тарихының жаулап алу емес, қорғау екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл – қазақ халқының өзі үшін, жерінің тұтастығы үшін, халықтың сақталуы үшін болған күрес. «Қазақтар үнемі қорғанған. Ешқашан шабуыл жасамаған. Сондықтан осы тарихты қайта қалпына келтіру керек және балаларымызға да тамырымыздың тереңде екенін айту керек», – деп қайталады Президент. Мемлекет басшысы  әңгіме ауаны өткен Президент сайлауына ойысқанда, «Саясаттанушылар түсінген шығар, мен өзім алғаш рет бізде ұлттың қалыптасқанын сездім. Қандай дінге, этносқа жататынына қарамастан халық бір адамға дауыс берді. Бәрі тең болды. Біз осы саясатты жалғастыруға тиіспіз. Осыны бәрі, қазақ та, украин, орыс та түсінуі шарт: біз осындай бірліктің арқасында ғана біртекті ұлт бола аламыз. Қазақша айтқанда, біз ұлт бола бастағанымызды осы сайлауда көрсеттік. Осы бағытта алға жылжысақ, бұл – керемет мәселе», – деп ағынан жарылды. Елбасы сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ туралы да пікірімен бөлісті. «Қазір Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәрі жақсы деуге болмайды, жалпы сауда түсіп кетті. Алайда, бұның болуы заңдылық. Соған қарап, сұмдықтың бәрін одақтың басына үйіруге болмайды. Өйткені, жағдай сондай. Біз бұндай қатерлер болатынын айтпап па едік? Бұндай жағдайдың болу себебі – баға құлдырады», – деді Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы ЕАЭО аясында жалпы сауда 15-20 пайызға төмендегендігін айтып, бұл осылай тұра бермейтінін, алда даму жанданып, сауда қайта көтерілетінін жеткізді. Өйткені, ЕАЭО аясында кәсіпорындар өзара әрекеттестік жасауда, жұмыс күші мен технологиялар да алмасып жатыр. «Мен сәуегейлік жасағым келмейді, бірақ біздің Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ міндетті түрде ынтымақтасатынына әбден сенімдімін. Бұл Алланың қалауымен болады. Бүгінгі кедергілер, санкциялар – бұлардың бәрі артта қалады. Еуразиялық экономикалық одақтың өзі Еуропа үшін қажеттілікке айналады. Ресейдің экономикасы да Еуропа үшін маңызды болады. Соның нәтижесінде үлкен ынтымақтастық міндетті түрде орын алады. Қазірдің өзінде Еуропада ЕАЭО-пен еркін сауда туралы ниет білдірушілер баршылық», – деді Елбасы. Деректі сұхбатта ел дамуына елеулі кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлық мәселесі де  қозғалмай қойған жоқ.  Елбасы «Жемқорлыққа бой алдырса, туған-туысыма да, достарыма да, балаларыма да аяушылық болмайды» деп ашық мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы ретте жемқорлыққа бой алдырған өзінің үш немересінің әкесін қатаң жазаға тартқандығын қалың жұртшылық естен шығармауы қажеттігін атап өтті. «Ли Куан Ю өзінің досын түрмеге отырғызғанын айтқан еді. Неге адамдар үш немеремнің әкесін түрмеге отырғызғанымды естен шығарады? Олардың аналарымен бірге маған көз жастарын төгіп келмеді деп ойлай ма? Келді. Мені уайымдамады деп ойлайсыздар ма? Әрине, уайымдадым. Бірақ, оның анық екендігіне көз жеткізгеннен кейін мен де тоқтамадым. Туған-туыс жиналды. Барлығы да: «Мұның барлығы сенің қолыңда, сен үшін не тұрады, жаба сал», – деді. Естеріңізде болса, екі жап-жас жігіт, банк басшысының орынбасарлары өлтірілді. Мұны қалай кешіруге болады? Одан қаншама кәсіпкерлер зардап шекті», – деді Н. Назарбаев. Елбасы мемлекет қаржысына мүлде қол сұғуға болмайтындығын қатаң ескертті. «Неліктен соңғы жылдары қылмыстық жауапқа тартылған Павлодар облысы әкімін, Атырау облысының әкімін, Қарағанды облысының әкімін естен шығарамыз. Олардың барлығы да менің танысым болды. Мен ұзақ уақыттан бері танитын, зор құрметпен қарайтын Қарағанды облысының әкімі премьер-министр лауазымына дейін көтерілген болатын. Қазіргі уақытта ол тергелуде. Өйткені, фактілер бар. Бұған араласуға болмайды. Министрлерді, министрлердің орынбасарларын түрмеге отырғыздық. Мен басқалар жайында айтып отырған жоқпын. Яғни, қазіргі уақытта ымырасыз күрес жүргізілуде және мұның барлығы бекер деп ойламаңыздар. Адам әр уақытта өз қателіктерін мойындамайды. Сондықтан бұл біздің барлық шенеуніктерді айықтыруы тиіс және олар бұл ретте ешқандай қамқоршының болмайтындығын түсінуі қажет. Мемлекет қаржысына қол сұғуға болмайды», – деді Президент. Осы орайда Елбасы «ЭКСПО» басшысына қатысты жағдайдың да өзі үшін оңайға соқпағанын жасырмады. «Міне, «ЭКСПО-2017» компаниясының басшысын орнынан түсірдік. Бұл мен үшін өте қиын жайт болды. Барлығы да ЭКСПО-ны жіті бақылап отыр. Мен оны шақырып алып: «Мен саған мұны тапсырамын, әрі оны өзім жіті бақылауға аламын! Дұрыс қара, қаржы мемлекеттікі, біз Ұлттық қордан қаржы жұмсап жатырмыз», дедім. Оны барлығы, Есеп комитеті, Қаржы полициясы, арнайы құрылған комиссия әрбір тиынды жіті бақылап отыр. Сондықтан, ақылға келгендері дұрыс, келмесе мәжбүрлейтін боламыз. Өсуге мүмкіндік берген, жылдар бойы тәрбиелеген, күш-жігеріңді жұмсаған, мемлекет қаржысын сеніп тапсырғандардың өзі отырған бұтаққа балта шауып, өз өмірлерін құрдымға жіберетіндігі өкінішті», – деді Елбасы. Деректі сұхбатта бейнемұрағат материалдары молынан қамтылған. Кешегі мен бүгінгіні салыстыра отырып, Елбасының бірнеше жылдар бұрын айтқан тұжырымдарының  айна қатесіз келгендігіне еріксіз таңданасың. Ұлт Көшбасшысының алысты болжай білетін көрегенділігіне тағы бір мәрте тәнті боласың. Жаңа дүние шынайылығымен кім-кімді де баурағаны сөзсіз.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар