«Нобель сыйлығы дейсің... оған өмірім жетер ме екен?»

«Нобель сыйлығы дейсің... оған өмірім жетер ме екен?»
ашық дереккөз
«Нобель сыйлығы дейсің... оған өмірім жетер ме екен?»

Дулат исабеков:

«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың қабырғалы қаламгері Дулат Исабеков «Дәрігерлер «ісік ауруыңыз болуы мүмкін» деп, көңіл күйімді түсіріп жіберді»

2– Аға, Тараз топырағына қош келіпсіз, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шағын ауылдың қасіретін бейнелейтін «Тыныштық күзетшісі» қойылымы о баста әңгіме болып жазылып, кейін пьесаға айналғанынан хабардармыз. Алматыда алғаш қойылған кездерде «Кішкентай ауыл» деп аталғаны да мәлім. Жалпы бұл шығарма қалай туды? Екі аптаның ішінде әңгімені пьесаға айналдыру қиынға соққан жоқ па? – Уақытында мен бұл әңгімені аурухана төсегінде жатып жаздым. Алдымен «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа жылдық нөміріне жарияланды. Таң алакеуімнен Сағат Әшімбаев марқұм келіп, пікірін білдірді. Оны тарқатып айтсам өте ұзақ әңгіме болып кетеді. Келесі күні үзілістің кезінде қазақтың ірі актерлерінің бірі Әнуар Молдабеков жетіп келіпті. Төменгі жақтан өзінің мінезімен айқайлап, «Дулат, мына шығарманы міндетті түрде сахнада қою керек. Мен өзім ойнайтын боламын. Сөйтіп Ленин сыйлығын алатын боламыз» дейді жүзі жарқырап. Балконнан төмен қараған мен «Е, оны қайдан білдің?» десем ол: «Анық солай болады. Өйткені мен сахнадан көріп тұрмын! Мұндай шығарма болған емес», – деді екілене сөйлеп. Іле-шала Әнуар менің дәрігерлерге айтуыммен палатаға кірді. Әңгіме арасында оған жәй ғана: «Бұған алдымен сенің бастығың не дейді?» – дедім. «Әзірбайжан Мәмбетовке айтып келдім», – деді қысқа қайырып. Содан маған осы әңгімені сахналық нұсқасын жасау жөнінде ресми хат жазуын, сосын кірісетінімді айттым. Шыны керек, «Тыныштық күзетшісінің» сахнаға шығу нұсқасын көз алдыма елестетіп көрген жоқпын. Маған әңгіме күйінде жақсы сияқты көрінді. Осыны нақтылап айтып едім: «Жоқ, мен сахналық нұсқасын толық көріп тұрмын. Жазып беруің керек», – деді тайсалмай. Содан ауруханада жатсам да апай-топай нар тәуекел деп жазу үстеліне отырдым. Мұның жазылу тарихын айтар болсам, ауруханада бір жарым айға жуық жаттым. Ұзақ уақыт әрине. Бір күні теннис ойнап жүр едім, біреу келіп: «Дәрігерлер сізді палатада күтіп отыр, келіп кетсеңіз», – деді. «Не болып қалды екен?» деп барсам, бәрі күлімдеп, мейірбан кейіп танытып  «Сіз ренжімеңіз, алайда сізді онкология институтына ауыстырамыз»  демесі бар ма. Бұл сөздің өзі адамға жаман әсер етеді. Біртүрлі болып кеттім де, «А, соған келіп тірелген екен ғой...» дедім де, үнсіз қалдым. «Ой, сіз одан қорықпаңыз, ештеңе жоқ. Біз анализіңізді Мәскеуге жібердік. Әзірге нақты анықталмай тұр. Жатсаңыз осында жата беріңіз, бірақ ем-домды сол жақтағылар келіп жасайды» деді. Дәрігерлердің айтқаны осы болды. «Олай болса дәрігерлерді әуре қылып не қылам, барсам барайын, одан қорқатын несі бар. Жарайды, келістік» деген ишара таныттым. Үйге тез барып келдім, олардың зәресі қалмады. – Дәрігерлер қателескен болып шықты ғой... – Содан палатама келіп жаттым. Кірпік қаға алмаймын. Ұйқы жоқ. Таңға жуық сағат бестердің кезінде не түсім, не өңім екенін білмеймін, ортадағы үстелде өзім жатыр екенмін. Айналамда бір адамдар жүр. Әлден уақытта біреу тұрып: «Жата бер, қорықпа, мен бармын ғой қасыңда. Мен әрдайым күзетіп жүремін сені. Тыныштығыңды күзетемін», – деді. Көбінесе бір түстер көретінмін де, сондағы сюжеттерді түртіп қоятынмын. Алайда кейіннен біразы жарамай қалатын. Мұны да қағазға түсіріп қойдым да, қайтадан жаттым. Содан таңертең орнымнан тұрған соң концилиум болды. Осында қалатыным айқындалды.  «Рак таяқшасы жоқ» деген анықтамамен Мәскеуден анализдің қорытындысы келді. Сосын дәрігерлерге өте қатты ренжідім. «Бәрі анықталмай тұрып, адамға неге ондай сөз айтасыңдар» деп кейідім. Олар кешірім сұрады. Содан кейін осы әңгімеге отырдым. Қыс мезгілі болатын. Жедел жазып тастадым. «Қазақ әдебиетінің» жаңа жылдық нөміріне жарияланғаннан кейін Әнуардың келгенін жоғарыда айттым. Режиссер Сәулебек Асылханов та арнайы бас сұқты маған. Сәулебек Әзірбайжан Мәмбетовтен ресми хат алып келіпті. Шартты оқыған соң келісімімді беріп, іске кірісіп кеттім. Сәулебек, тіпті, аурухананың дәрігері сияқты болып кетті. Қайта-қайта келіп жүрді. Екі апта деп қалдың ғой. Одан да аз уақыт жұмсадым. Тіпті, бір жетінің ішінде осы пьесаны жазып шықтым. Олар да дайындық жұмыстарын бастады. Қателеспесем, сексен екінші жылы премьерасы болды. Өкінішке қарай, бірінші болып елпілдеп жетіп келген Әнуар Молдабеков репетицияға екі мәрте қатысты да, өмірден озды. Өзекті өкініш өрті өртеді. – «Кішкентай ауыл» деген тақырып көңіліңізге қонды ма, «Тыныштық күзетшісі» классикалық тақырып сияқты... – Шынын айтсам, бұл тақырыпқа өзім көп қанағаттана бермеймін. «Кішкентай ауыл» дегенің «Мальенкий аул» көп ұғым бере алмайды. Ақиқатын айтқанда, афишаға жазылатын ат емес. Өздері солай қалады. Өйткені соғыс жүріп жатқан кезде шағын ауылдан қанша құрбандық шықты, қазақтар сол майданға кәдімгі өз елін қорғағандай кірісіп кетті, әсілінде өз жеріне ешқандай бомба түскен жоқ, айдалада не үшін жүр деген сауалдар туындайды ғой. Бұл енді бүгінгі айтылып жүрген ойлар. Сол біз қорғаштаған кеңес одағы қайда? Қарап отырсаң біздің әкелеріміз де шейіт болды. Оның ішінде өзімнің де әкем бар. Осы мәселелер екшеліп, тақырыпты «Кішкентай ауыл» деп алуды жөн деп ұйғарыпты. Өз қалаулары... Әзірбайжан солай қолқа салып қоймаған соң келістім. Әзірбайжан көнбей: «Ну и что, люди подумают что пьеса про милиционеров» деп көндірді ғой. «Пьесаны екі аптадан артық жазбаймын» – «Қара адам» атты комедияңызды жазу барысында кілт тоқтап, «Тор» деген пьесаны жазып кеткен екенсіз. «Тыныштық күзетшісін» пьесаға айналдыру барысында қиындықтар туындады ма? – Әрине, қиын болады. Мен жалпы пьесаны әрі кеткенде екі аптада бітіремін. Одан асса, мен жаза алмай қаламын. Өйткені, шығарма өзі сүйреп, ұмтылдырып, тартып тұрмаса, өз басым жалығып кетемін. Әсіресе, «Тор» деген пьесаны жазу кезінде «Қара адам» деген комедияны жазуға кіріскен болатынмын. 17-18 бетке келген соң тоқтап қалды. «Қара адамды» жазуға талпынып отырғанымда бірден «Торға» кірісіп кеттім. «Тор» мені өзіне баурап алды. Сол шығарманы бар болғаны сегіз күнде бітірдім. Ал «Қара адам» әлі сол күйінде тұр. Тақырып тартпай қалса өзіңді қинай алмайсың. Шығарманы да, өзіңді де әбігерге салуға болмайды. Демек, бір кілті табылмаған туынды ол. Ондайда шығарманы қинауға жол жоқ. Күндердің күнінде бұл шығармаға қайта айналып соғуым ықтимал. Сол кезде «Қара адам» комедиясы «Мені жаз» деп сұранып тұрса, жаза саламын. Ал реті келмесе тартпада қалады. «Тыныштық күзетшісін» әңгімеден пьесаға айналдыру барысында қиындықтар туындағанымен, қосымша кейіпкерлердің образын жасағанда, сахналық бейнесін келтіргенде бәрі бір-бірімен үйлесе кетті. Сюжетті ұлғайту соншалықты мәселе туындатпады. Демесіннің ғана трагедиясын емес, елдің, шағын ауылдың трагедиясын беру миссияма айналып, үдемнен шықтым. Осылайша жазылды. – «Транзит жолаушы» деп аталатын қойылымыңыз ақсүйектер елі саналатын Англияда қойылды ғой. Онда бас кейіпкерлерді ағылшындар сомдапты. Бұл қаншалықты көңіліңізге қонды, кейіпкерлердің болмысын, қазақы менталитетін ағылшын актерлері мінсіз аша алды ма? – Бұл шығарма да бастапқыда повесть ретінде қағаз бетіне түскен еді. «Өкпек жолаушы» ғой негізгі тақырыбы. Бұған да театр ұсыныс жасап, интеллектуалды, тыныш, Чеховтың стиліндегі пьеса керек екенін айтып, осы «Өкпек жолаушыны» жазып беруімді өтінді. Шығармаға аңсары қатты ауғандарын да жасырмады. Өтініштерін орындап, жазып берген соң, М. Әуезов атындағы академиялық театрда премьерасы болды. Қазақ театрларының барлығында да «Ескі үйдегі екі кездесу» деген тақырыппен шықты. Орысша баламасы – «День встречи в одном доме». Орыс театрлары осындай атаумен сахнаға алып шығып жүр. Жалпы, «Транзитный пассажир» тақырыбымен орысшаға аударылды ғой. Қазақ театрларын былай қойғанда, орыс театрларынан алғаш рет Санкт-Петербургтің театрының сахнасында тұсауы кесілді. Ол жерде Ресейдің Халық әртісі Виктор Харитонов өзі бас режиссер да болады, одан бөлек Айтөренің образын ашса, зайыбы, Ресейдің еңбек сіңірген артисі Лариса Филиппенко қойылымның басты рөлі саналатын Зейнепті сомдады. Оны көзіммен көріп қайттым. Қысқасы, бұл пьесаны ағылшындар қалай алды? Мен жетпіс жасқа толған жылы Әуезов атындағы академиялық театрда «Бір драматургтың фестивалі» деген үлкен фестиваль өтті. Оған министрліктің өзі тікелей мұрындық болғанын да айта кеткен дұрыс. Бұл идеяны сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхаммед көтерді. Мұхтар ініме алғысым шексіз. Астанаға барғанымда Мұхтар маған: «Дулат аға, сіздің пьесаларыңыз барлық жерде жүріп жатыр. Жетпіс жылдықты біз бұрынғыдай атап, шапан жауып, ат мінгізе береміз бе, одан гөрі театр мерекесін жасасақ қалай болады? Сіздің қойылымдарды қанша театр сахнаға алып шығып жүр? Жиырма болса, жиырмасын, отыз болса, отызын шақырып, халықаралық театр фестивалін өткізейік», – деп ұсыныс айтты. Сол ұтымды ұсыныстың арқасында осыдан бірер жыл бұрын 10-16 қазан аралығында фестиваль дүркіреп өтті. Өзімізден алты театр, Түркиядан, Софиядан, Санкт-Петербургтен және өзге көптеген Ресей театрлары қатысып, шараның шырайын кіргізді. Осы фестивальдың дүмпуі өте мықты болды. Бір драматургтың пьесаларынан мұндай фестиваль өткізу оңай емес. Ресейдің «Театральная жизнь» журналынан адамдар келді. Сол Ресейден қазылар алқасының мүшелеріне белгілі азаматтар қабылданды. Ресейліктер «Бізде мұндай болмаған» деген баға берді. Марқұм Әшірбек Сығайды өз қалауыммен қазылардың төрағасы жасадым. «Шетелге табына береміз бе осы, халықаралық фестиваль болса, міндетті түрде Ресейден, басқа елден қазы алып келіп, төраға қыламыз. Өзіміздің Әшірбек солардан кем бе?» деп министрлікпен келісіп, бекіттірдім. Осы фестивальдің қалай өткені интернет арқылы әлемге тарамай ма?!. «Айтматовтыкі «Ғасырдан да ұзақ түн» болса, менікі «Ғасырдан да ұзақ апта» болды» – Ғаламтор арқылы ағылшындарға жетті дейсіз ғой... – Өзімнің жолым да болған шығар. Күндердің күнінде Англиядағы «Айтматов академиясының» Президенті, Қырғызстанда туылған, сегіз жасынан бастап Германияда болған, қырғызшасын әлі ұмытпаған, сол академияның ашылуына мұрындық бола білген, Айтматовпен бірнеше жыл тығыз жұмыс жасаған, «адамзаттың Айтматовы» саналған Шыңғыстың шығармаларын Еуропада жаңғыртуды мақсат еткен Рахима Абдуалиева бастаған азаматтар Астанаға, Алматыға жолдары түсті. Мені тауып алды. Содан тау баурайында отырып екі-үш адам сөйлескенбіз. Шыны керек, бастапқыда өзім: «Англия біздің пьесаны қояды дейсің бе?» деп сенген де жоқпын. Өйткені олар консервативті мемлекет, сондай ұлт. Өздерінен басқа оларға ештеңенің керегі жоқ. Өйтетін жөндері де бар. Бүкіл әлем әдебиетінің классиктері сонда. Мәдениеттің нағыз мәйегі де сонда шоғырланған.   Содан пьесаны ағылшыншаға аударуға келісімге келдік. Егер ұнап жатса, әдеби нұсқасына кірісуге болатыны да айтылды. Ақыры не керек, бір жылдай үнсіз кеткен соң күмәндана бастағанмын. Бір жылдан кейін хаттар жазыла бастады. «Пьесамен танысып шыққан көптеген театрлар болды. Соның ішінде бір театр (қазір атауын ұмытып тұрмын) қоюға ишара білдіріп отыр» делінген хатта. Алайда оларда шетелдің пьесасын қою деген өте қиын мәселе. Заңдылық жағын екшейді. Одан бөлек: «Автор қаламақы сұраса, біздің театрдың ақшасы жоқ» деген жауап беріпті. Англияны қойшы, Қазақстанның театрларының өзінде көптеген драматургтер тегін беруге бейіл ғой. Ал Англиядан ұсыныс түсіп жатқан кезде қалай ғана келісім бермейсің? «Жарайды, келісім беремін» деген тоқтамға келдім. Содан не керек, өткен жылдың наурыз айының жетісінде премьераға бардық. Әрі менің кітабымның тұсаукесері өтті. Олар менің «Гауһартасымды» «Жемчужина» деп аударды. – Қателеспесем, Томпсон аударды ғой, иә? – Иә, Томпсон аударды. Өзі момын, келбеті сантехникке ұқсайтын біртоға жігіт екен. Премьера өте жоғары деңгейде өтті. Кембридж университетіндегі кітаптың тұсаукесеріне де жұртшылық молынан жиналды. Бұл дегеніміз, бір сөзбен айтқанда, қазақтың тұңғыш рет тұманды Альбионға шығуы ғой. – Аға, ақиқатын айтыңызшы, Сіздің шығармаңыз қанша дегенмен қазақы болмыстағы туынды. Менталитет қазақтыкі. Онда басты рөлдерді ағылшындар сомдады. Қаншалықты игере алды, қаншалықты көңілге қонды, еуропалық менталитет басып кеткен жоқ па? – Мен де бұлар ағылшынша, еуропаша кетеді ғой деп, өзің сияқты ойлағанмын. Өйткені Санкт-Петербургте орыстың стиліне салып жіберді. Зейнеп орыстың әйелі болып шыққан. Алайда маған қатты ұнағаны – бұны қойған режиссердің өзбек жігіті болғаны. Юлдош Жорабаев – бәрін жақсы білетін режиссер. Біз кейде «мықтымыз» деп асып-тасып жатамыз. Дегенмен өзбектерге де көз қырын салып қойған жөн. Оларда да бәрі жақсы. Әйгілі «ВВС» арнасының шығыстағы өкілдігінің басшысы да өзбек екен. Спектакльге қайта келсек, алдында бұлар қазақтың спектаклін қалай қойып жатыр, қазақтың дәстүрін қалай меңгерген, біздің ұлттық киімімізді қалай дөп тапқан, орамал тартуын, жүрген жүрісін қалай айна-қатесіз келтірген, «бетім-ай!» деп бетін шымшығандағы мимикасын, еркектің бетіне қарамай шәй ұсынатынын қалай салған деп ойлағанмын. Кейіннен Юлдош соның бәрін жасағанын білдім. Премьера біткеннен кейінгі сұхбатта Зейнепті сомдаған актрисаның өзі: «Маған ең қиыны адамның бетіне қарамай сөйлеу болды. Бізде азаматтың бетіне қарамау деген – өтірік сөйлеумен пара-пар. Амал жоқ солай жасауға тура келді», – деп ағынан жарылды. Осылайша менің Зейнебім Англияда қазақ болып шыға келді. Образ тұрғысынан. Араға аз ғана уақыт салып, олар бұл қойылымды Астанаға алып келді. Ол кезде өнер десе ішкен асын жерге қоятын Иманғали Тасмағамбетов әкім болатын. Сол Иманғали өнерге керек еді... Иманғалимен Алматыда жолыққанымда ол: «Ой, аға, бұл спектакль үш тілде жүріп жатқанын білемін. Қыркүйек айында тілдер фестивалі өтеді. Соның аясында өзімізге шақырайық», – деп қолқа салды. Қаржыны көп талап ететініне қарамастан өзі қадағалап, іске кірістік. Ұлыбританиядан он адам, Санкт-Петербургтен тоғыз адам келді. Қызылордадан да актерлер Астанаға ат басын бұрды. Иманғалиға «Ал «фестиваль өтті» деп қайтарасыңдар ма, сый-сияпат жасайсыңдар ма оларға» деп едім бар болғыр інім: «Дулат аға, менен ондайды сұрамаңызшы, бірінші рет өткізіп жүрген жоқпын ғой», – деп, мені тоқтатты. Кейін театрларға өз тартуын жасады. Өз кезегінде ағылшындар қызылордалық театрдың спектаклін көріп, риза болды. Тіпті өздері бірінші орынды Қызылорда театры алды деп шешіпті. Кейіннен маған «осы театрды Лондонға шақырсақ қалай болады?» деп хат та жазды. Әлбетте, бұл қуанышты хабар. Содан мен оларға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа хат жаздырдым. Шамалы уақыттан соң қуаныштан жүрегі жарылардай болып Қырымбек қоңырау шалып тұр. «Дулат аға, бұл – үлкен жаңалық. Біздің театрды Англияға шақырып жатқанда біз қалайша қарап отырамыз? Ұлттың мүддесі үшін ақша аяйтын әкім қандай әкім? Мен қолдаймын. Бұл – біздің абырой. Мұнда кәсіпкер жігіттер толып жатыр» деді. Содан Қызылорда театры 25 сәуірде Англия жерінде, ақсүйектер елінде өнер көрсетті. – Осы қойылымға арнайы барып, спектакльді көре алмай қайттыңыз... – Иә, мен 22 сәуірде сонда болдым. Келесі күні менің кітабымның тұсаукесері тағы да жоғары деңгейде өтті. Кембридж университетіндегіден де деңгейі биік болды. Лордтар палатасының өкілі, баспасөз хатшысы келді. Лордтар палатасынан өкілдің арнайы келуі ол жақта сирек құбылыс екен. Айтпақшы, мен лордтар палатасында, ақсүйектердің арасында Айтматов атындағы халықаралық сыйақысын алғаным бар. Оның үстіне, кітабымның аудармасы ағылшын баспасөзінде кеңінен жарияланды. Өкілдің ат басын бұруына сол да себепші болған шығар. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» деген шығармасы бар ғой, мен бұл сапарымды «Ғасырдан да ұзақ апта» деп айтар едім. Енді қара, мен жиырма екінші сәуірде Англияда болдым. Келесі күні кітаптың тұсаукесері, сөйтіп жүргенімде Астанадан қоңырау шалды. Бейбітшілік және келісім сарайында спектаклім қойылатынын, Президент келетінін айтты. Тіпті, мені іздеп қалуы мүмкін екенін де министр ескертті. Рахима Абдуалиеваға айтып едім: «Ой, Дулат байеке, болмайды, ертең премьера. Театрдың бәрі Сізді іздейді. Сіз үшін дайындалып жатыр», –  деді. Мен жағдайды түсіндірдім. Бір сөзбен айтқанда, жоспардың бәрі табан астында бұзылды. Рахимаға тәптіштеп ұқтырдым. «Ертең Президент келсе, автор қайда десе, министрден қазбалап сұрамай ма? Ол ыңғайсыз болады», – дедім. Мынандай сәйкестікке әбден қаным қарайды. Қарашы, екеуі де 25 сәуірге белгіленген. Егер осыны бір-екі жыл бұрын бір күнде болсын деп дайындаса ешқашан сол күнге тура түспес еді. Бір жағы дұрыс болса, екінші жағы бұзылуы анық қой. Алдыңғы билет күйді. Табан астында ұшаққа билет алдық. Қырсыққанда тікелей рейс жоқ. Астанаға тек Стамбул арқылы жетесің. Сөйтіп Лондон–Стамбул–Астана маршрутымен Елордаға жеттім. Спектакльді көрдім. Елбасы келмей қалды. Мемлекеттік хатшы бастаған басқа азаматтар келді бастысы. Қойылым көңілден шықты. Содан не керек, Алматы–Лондон–Стамбул–Астана–Алматы–Тараз бағыты бойынша көне шаһарға «Тыныштық күзетшісін» көруге келдім. Бір жағынан шаршадым, екінші жағынан, өкініштісі, Лондон театрында болмадым. Бірақ, жағдайды естідім. Белгілі азаматтарға да, халыққа да қатты ұнапты. Бәрі мені іздеп, жоқтапты кәдімгідей. «Автор болуы керек еді» депті пікір айтқандар. Дегенмен Англияға барғанымда Лондондағы театрды көрдім. Тура Ресейдің «Үлкен театрының» формасында салынған екен. Іште осындай өкініш бар енді. Қазақ тіліндегі шығармаң Англия төрінде ана тілімізде қойылып жатса, драматург ретінде оны көре алмасаң әрине өкінесің. Қазақ диаспорасынан барғандар «Қазақ тілін Англияда естиміз деген ойымыз болып па еді? Ұлт екенімізді, ел екенімізді сезіндік» деп әбден көз жастарын сығыпты. Шерхан айтпақшы, «Бір кем дүние»...  Айтпақшы, «Транзитный пассажир» француз тіліне аударылса, «Ескерткіш операциясы» неміс тілінде тәржімаланды. Екеуі де көңілден шықты. «Транзитный пассажир» келесі жылы Парижде қойылады. «Ескерткіш операциясын» әзірге білмеймін. «Асқар Сүлейменов секілді мықтылар болса, Бағилалар өздігінен табылады» – Сіз сценарийін жазған «Гауһартас» фильмі негізінде 1975 жылы шықты. Екі жылдан кейін премьерасы болды. Шыққан мерзімімен алып салыстырсақ, 40 жыл өтіп кетіпті. Әлі де сұранысқа ие. Дегенмен, тенденциялар өзгерді. Ресейдің әлгі «Тағдыр тәлкегі» атты классикалық фильмі бүгінгі заманға сай қайта түсірілді. Сізге «Гауһартасты» замана ағымына сай технологиялармен әрлеп, қайта түсірейік, өзгерістер жасап беріңіз» деп ұсыныс жасаса келісер ме едіңіз? – Жоқ, бірден айтайын, ол мүмкін емес. «Гауһартас» осы күйінде «Гауһартас» болып қалады. Осы күйінде «Гауһартас» болып қалмаса, мүлде болмай-ақ қойсын. Менің «Гауһартасым» осы. Бұндай ұсыныстарға біржақты қарсымын. Бұл фильм құнды туынды болған соң шығар, қырық жыл бойы экраннан түспей келе жатқаны. – Дулат аға, Сіздің атақты «Қарғын» романыңыздағы Жасын образы туралы көп әңгіме айтылады. Біреулер ол Асқар Сүлейменовтің прототипі десе, енді біреулер ол Дулаттың өзі деп жатады. Бағила кім, оны да айта кетсеңіз... – Роман шыққан сексенінші жылдан бері осы әңгіме қозғалып келе жатыр. Әркім әртүрлі пікір айтады. Прототиптің Асқар екені ақиқат. Бірақ, Асқар ондағындай әрекеттерге бара ма, бармай ма, ол мәселе емес. Мәселе күрделірек. Асқар – кейде қатыгез адам. Тіпті, Омархан Қалмырзаев деген радионың дикторы бар, бәріміз коньяк ішіп отырамыз. Сол кезде темекіні алып, жанып тұрған қалпында Омарханның басына мыжып-мыжып өшірген болатын. Оның себебі не екенін білмейсің. Мен кітаптарды қалай оқу керек екенін, нені оқуға тиісті екенімді содан үйрендім. Асқар «Адамның басы үйдің шатыры емес, кез-келген нәрсені лақтыра беретін. Көрінген нәрсені оқыма. Бастың да сыйымдылығы, сендердің тіліңмен айтқанда, мегабайты бар» деп айтатын. Сол Асқардың көп мінездерінің жиынтығы осы шығармада. Бағила деген – ол ойдан шығарылған образ. Алайда бір қыз болды. Ұзақ бірге жүрдік. Асқармен тауға да, тасқа да бардық. Оңаша қыдырдық. Кейіннен осы сұрақ жиі қойылғаннан соң «Қарғынға» байланысты бағдарлама болды. Телеарнадағылар сол қызды көрсетіңізші деп қоймады. Содан мен «Егемен Қазақстан» газетіне барсаңыздар осындай қыз істеп жатыр» деп айтқанмын. Мен бармайтын шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем олар оны ерінбей тауып алыпты. Ал әлгі қыз ойбайлап: «Қойыңдар, телеарнаға беретін болсаңдар күйеуіммен ажырасып кетермін», – деп бой бермепті. Дегенмен сенің әріптестерің жанын қоймай, жас кезіндегі бір әдемі суретін сұрап әкетіпті. Енді Бағила деген Асқардың талғамына сай ойлап табылған кейіпкер. Басқа қыз Асқардың немесе Жасынның талабына келмейтін еді. Менің Жасыным осындай қызды ғана жақсы көруі ықтимал. Ол – тек қызды, әйел затын ғана емес, адамның жанын жақсы көру. Сыртқы бейнеменен ішкі ойдың гармониясы. Ол – Бағила. Бағиланы да мен Асқардың өзінің адамның атын естісе келеке қылып жүретініне байланысты алғанмын. Сол Асқар Бағила деген есімді келекелеп жүруі үшін ғана осы ныспыны таңдадым. Әйтпесе басқа атты таңдауыма да болар еді. Бұл шығарманы оқыған алғашқы оқырманым – Асқардың өзі. Машинкада басылған соң үйіне апарып бердім. Демалыс күндері қолына тиді. Дүйсенбі күні жұмысқа келсем, Асқар «оқып шықтым» деді. «Қалай екен?» десем, «Детектив оқығандай болдым» дейді. Өзі пікірге сараң еді. «Е, қалай екен деймін?» деп тергей түстім. Ол былқ етпестен «Шик» деді. «Әй, шик дей салмай әрі қарай айтсай, шигіңнің мәнін түсінейік» деймін мен де. Ол еш ойланбастан: «Айтылды. Түсінетін адамға сол жетеді», – деді де кетіп қалды. Осылай айта салады өзі адамды күйдіріп-жандырып. Шамалы уақыттан соң: «Анау Бағила деген бәлені қайдан тауып алғансың?» – деп сұрады. Мен күлдім. «Бопты, жарайды. Мені соған апарып тұрсың ғой». Айтқаны осы. Енді мен романның кейіпкерлерінің бәрін жұртқа таратып жүремін бе? (күлді). Кейін өзі тауып алады. Жалпы алғанда, бұл шығармаға елдің пікірі өте жоғары болды. Асқардың бір мінезі бар. Егер туынды ұнап жатса, қоңырау шалған кезінде сол шығармадан үзінді айтады немесе кейіпкердің есімін тіліне тиек етеді. Ол қоңырау соққан кезде «Сонымен, сары сиыр да соғысқа аттанды ма?» немесе «Бұл Әштен ғой» деп жиі қоңырау шалатын. Кейіпкерлердің табиғатын, есімін жақсы көретін. Әсіресе, әдебиетте жоқ аттарды айтуға құштар еді. Орыстарда: «Гончаровы найдутся, если будет Пушкин» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, Асқар болса, Бағила сияқты сұлу әйелдер де табылады. Бұл шығарманың негізгі кейіпкері – Асқар. Мен қалай өзім деп айтамын. Асқар деп қабылдау керек. «Алдағы уақытта ағылшын жерінде тұсауы кесілетін кітаптың атын әдейі «Қазақтар» деп қойдым» – Мұқағали Мақатаев пен Тоқаш Бердияровтың «Корольсіз шахмат» ойнап, өздерін іздегені секілді сіздің басыңызда өзіңізді іздеген оқиға болды ма? – Иә, неге болмасын? Өзіңді-өзің жек көріп кететін кезің де келеді. Адам ретінде өзіңе ренжитін кезің болады. «Не істеп жүрсің, нені бағалай білдің, нені бағалай алмадың, өмірің не болды, оның байыбына жеттің бе, жетпедің бе, қандай кітапты оқи алдың, қандай кітапты оқи алмай қалдың, оны қалай қабылдадың?» деген сауалдарға жауап іздейсің. Замандастарымыздың бірі алай, бірі бұлай болып кетті ғой. Солардың қадіріне жете алдым ба деп те ойлаймын. Бір-біріңді сағынасың. Қазір қатарластарымның көбісі дүниеден озып жатыр. Фәни жалғанда жүргендерінің өзін қонаққа шақырсаң, денсаулығы жоқ, кейде келе алмайды. Күні кеше ғана Астанада «Бақыт құсы» қойылғанда Төлен Әбдікке қоңырау шалып, келуін өтінсем, ол аурухана палатасында екен. Жүрегім зырқ ете қалды. Әшірбек Сығай да бақилық болды. Жас та болса сырласым еді. Әшірбек өмірден өткен соң кіммен сырласарымды білмей жүрмін. Бәрі де жақсы. Бірақ, Әшірбекпен сырласқандай болмайды. Ол барлық салада өзінің қалыптасқан пікірі бар азамат еді. Актер десең актер, саясат десең саясат, театр десең театр, әдебиет десең  әдебиет, драматургия десең драматургия туралы қалыптасқан өзіндік танымы, өткір пікірі жеткілікті еді жарықтықтың. Ондай адамдар аз. Достар бар, бірақ, Асқар мен Әшірбек сияқты ойларын тізбектеп, нақтылап жеткізе алмайды. Осы жағы өкінішті. Солай бола беретін сияқты. Қалихан да кетті арамыздан. Менің достарымның көбісі, Әшірбектен өзгесі менен үлкен болды ғой. Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Әнуар Әлімжанов бақиға аттанғанда өте жаман күй кештім. Олар бір-бірімен қарсы болса да бір-бір бәйтерек еді. Мен Тахаңа, Қалтай көкелеріңе, одан бөлек Әбдіжәмілге әлі күнге ренжимін. «Осы бір-біріңізбен ырылдасқанда не таптыңыздар? Төңірегіңізде жүрген біздер, жастар, қай жаққа шығарымызды білмедік. Біреуіңіз Ілиясты (Есенберлин), біреуіңіз Әнуарды жек көресіз. Осылардың бәрі Чехов айтқандай, «Какая убытка». Сол сияқты заманның өзі солай жалғасып, өтеді де кетеді екен ғой. Сол бір дауылды кез тарих толқынына кетті. Енді өмірде барды бағалай білу, қадірлеу ғана қалды деп ойлаймын. – Дулат аға, Англияға жиі шығып жүрсіз, шығармаларыңыз бірнеше шетел тіліне аударылды. Алдағы жылдары Нобель сыйлығын қазақ қаламгері алуы мүмкін болса, бір кандидат өзіңіз шығарсыз. Сіздің есіміңізді айтатындар бар. Бұған не дейсіз? – Өткенде бір білгір адам айтты. Кейіннен Бельгер былай деген еді. «Мен неміспін ғой. Маған бермейді» деп (күлді). Негізі мені атайды деп айта беру этикаға жатпас. Дегенмен, «Біз сізге тоқталып жүрміз» деп айтқан адам болды. Мен «Маған тоқталғанда Нобель маған беріле салатын Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы емес қой. Ана жақта комиссия бар. Олар мемлекеттің адамы араласса қайта қырсығып қалады» деп қысқа қайырғанмын. Енді қазіргі Англиядағы жасалып жатқан жұмыс, бағыт соған бағытталып отырған сияқты. Өйткені жыл сайын бір кітап, бір спектакль қойып отырамыз. Менің әдебиеттегі агентім Рахима келесі жылғы кітаптың тұсаукесеріне Нобельдің екі-үш лауреаттарын шақырамын деп отыр. Жалпы Нобель сыйлығына сол сыйлықтың лауреаттары ғана ұсынады. Өмірде бір ғана жағдай болған. Әлгі Италияның басшысы бар ғой. Атын ұмытып тұрмын. Сол Гитлердің досы болып еді. Сол ғана хат жазып, өзінің сарай ақынына алып берген. Алайда ол кезде заман, дәуір басқа етін. Ол кезде Италия мен Германия күшейіп жатқан шақ. Бір сөзбен айтқанда, саясат арқылы алынған сыйлық еді. Айтпақшы, алдағы уақытта Англияда тұсауы кесілетін кітаптың атын «Қазақтар» деп әдейі қойдым. Ұлт, ел екенімізді білсін. Нобель сыйлығы дейсіңдер, кім біледі оны?! Оған өмірім жете ме? Менің 75 жылдығымды Лондонда атап өту жоспарланып отыр. Бұл енді нақты. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Рахималар қазір Елизавета ханшайымға барып, талқылап, жетпіс бес жылдығыма аман болсақ шақырып көрмекші. Қазір ойлаймын, осының бәрі шіркін, елу жасымда басталғанда ғой деп. Мен Англияда жүргенде айтқан көптеген сөздеріме толассыз шапалақ соғылды. Фразаларыма риза болды. Станиславскийдің «Театр – киімілгіштен басталады» дегеніне қарсылығымды білдіріп, «Театр – драматургтың жазу үстелінен басталады» дегенімде тоқтамай қол соқты. Орысша білетіндер «Сіз орысшаны жақсы білесіз. Шығармаларыңызды қай тілде жазасыз?» дегенде: «Иә, мен орысша жақсы білемін. Кей шығармаларымды орысша жазамын. Бірақ, көркем шығармаларымды қазақша жазып келемін. Өйткені жазушы қай тілде түс көреді. Сол тілде жазуы керек» дегенімде де қошемет толастаған жоқ. Тағы бірі: «Естуімше, Сіздің «Жүз жылдық махаббат» деген пьесаңыз бар екен. Оның атын неге «Жүз жылдық махаббат» деп қойдыңыз? Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» деген шығармасы бар емес пе?» деп сұрады. Мен «Дәл сол шығармаға қарсы жазып едім. Өйткені ол басқа менталитет. Басқа әлем. Олардың елінде жүз жылдық жалғыздық мүмкін болатын шығар, біздің елде жүз жылдық жалғыздық болмайды. Мағжандар әрдайым ғашық болған. Жабаев тоқсаннан асқан соң да ғашықтық сезімін ірки алмаған» дегенімде оған да шапалақтан тау тұрғызды. Сосын барып әйелдер туралы сөз болып, менің шығармамда әйелдер бейнесі керемет болып шығатынын айтты. Мен оған «Бүкіл әлемнің ғалымдары күндердің күнінде жиналатын болса, галактиканың сырын ашуы мүмкін. Ал сол ғалымдар жиналып, қарапайым нәрсе саналатын бір кемпірдің жан дүниесін ашып бере алмайды. Сондықтан біздің жазып жүргеніміз – әйел затының жан дүниесін ашуға жасалып жатқан «разведка», «барлау» ғана дегенімде оған да қошеметтерін аямады. Әлгі жерде тағы бір азамат шығып: «Сонда тоқсан алты жасқа дейін ғашық болу деген мүмкін бе?» – деген сауал тастады. Бұл сауалға «Жүз жылдық махаббаттағы» тіркеспен жауап беріп көрдім: «Қызғаныш деген әйелмен бірге туып, әйелден кейін қайтыс болады», – деп едім, мұны да керемет қабылдады. «Айналайындар, тіл біліңдерші»... – Шығармаларыңызда жетімдер тақырыбы кездеседі. Өзіңіз соғыс жүріп жатқан кезде тудыңыз. Сол соғыстың әсері ме, әлде өзіңіздің тағдырыңыз ба арқау болған? – Соғыстың зардабы елуінші жылдарға дейін кеткен жоқ қой. «Осы біз соғысты көрген жоқпыз» деген повесті оқып алып, Тахауи Ахтановтың айтқаны бар еді: «Дулат-ау, біз соғысқа барып, офицер болғанымызды міндетсініп жүретін едік, мына повестен кейін өйтпейтін болдық. Біз өлетініміз өліп, тірі қалғанымыз қайтып келіппіз. Ал сендердің балалық шақтарың қайтып келмепті ғой. Мынау масқара ғой», – деген еді. Тағы бірде Қалтай: «Дулат-ау, бұл сенің өмірің емес, біздің өміріміз ғой», – дейді. Англияда да осы тақырып сөз болғаны бар. «Сіз осы тақырыпты жазыпсыз. Өзіңіз қай жылы туғансыз?» деген сарындағы сауал қойылды. Мен: «1942 жылы туғанмын. Соғыс біткен жылы мен үш жаста болған екенмін», – деп жауап беріп едім, «Сіз оны көрген жоқсыз ғой?» – деп қайта жауап күтті. «Көрген жоқпын. Демек, елуінші жылдарға дейін қырқыншы жылдардағы кедейшілік, жоқшылық елден кетпеген. Солай болған», – деп, өз ойымды білдірдім. Солай жазылған шығарма ғой ол расында да. Жорж Сименеоның айтатыны бар ғой: «Толстой егерде бір ұста туралы жазғысы келетін болса, ол міндетті түрде шеберханаға кіріп, оның жұмысын бақылайды. Ал мен қасынан өтем де, ысқырған дауыстардан-ақ оның жұмысы қаншалықты ауыр екенін сезініп жазамын», – дегені сияқты қырқыншы жылдардағы азынаған аязды, дауылды шақты елуінші жылдары түсінгендер жақсы біледі. Көп нәрсе өзгермегенін тез түсінеді. – «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деп жатады ғой. Саясатқа қаншалықты жақынсыз? – Саясатпен айналыспайын десең, күйіп кеткен соң амалсыз айналысуға тура келеді. Әрине, кәдімгі кәсіби саясаткер емеспін. Әйткенмен өзіме ұнамайтын, елдің, халықтың мүддесіне қайшы мәселелерге қарсы тұрамын. Оны айқын айтып та жүрмін. Жер, ел, тіл мәселесінде пікірім айқын. – Англияға барғанда неге өкіндіңіз, «ВВС» арнасының қырғыз редакциясына сұхбат беріпсіз... – Айналайындар, көп тіл біліңдерші. Мен соған өкіндім. Ағылшын тілі соншалықты қиын емес деседі. Қасымдағы адамдармен сөйлесе алмасам, юморымды өткізе алмасам, пікір алмаса алмасам неге өкінбеймін? Көп тіл білгендерің өздеріңе жақсы. Шіркін, ағылшын тілін орысша меңгергенімдей меңгергенімде ғой деген өкініш өрті өзекті шалды. «ВВС» туралы жаңа айттым ғой. Қазақ редакциясы «бізге керек емес» деп орыстарға қосылып кетіпті. Мен қырғыз редакциясына сұхбат бердім. Бұл да өкінішті. Біздің енжарлығымыз... – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар