Салық жүйесіне жаңа серпіліс әкелді

Салық жүйесіне жаңа серпіліс әкелді
ашық дереккөз
Салық жүйесіне жаңа серпіліс әкелді

Елбасы ұсынған бес институттық реформаның қадамдарын іске асыруға мемлекеттік кіріс саласы қызметкерлерінің де қосатын үлесі аз емес. Мәселен, реформаларды жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның 37-іншісінен бастап 45-ші қадамына дайін салық және кеден саясатына, мемлекеттік кірістер саласына тікелей қатысты. Реформаның бір ғана 41-інші қадамында көзделгендей мүлікті жария ету және қаржыны заңдастыру ресімдерін оңайлату тетіктері ауқымды жұмыстарды қажетсінеді. Бұл орайда Мемлекет басшысы алдымызға айқын міндеттер қойып отыр. Жалпы, бүгінде Тараз қаласы бойынша заңдастырылған мүлік құны 5 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Осылайша 2014 жылғы 1 қыркүйектен басталған мүлікті заңдастыру акциясы жалғасуда. Қазақстанда бұл тектес шаралар осыған дейін екі мәрте жүргізілген болатын. Сондықтан бұл бағытта жинақталған тәжірибе жеткілікті. Экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, мүлікті және қолдағы бар капиталды жария ету инвестициялардың төмендеуі, сауда балансының түсуі секілді экономикалық жағымсыз жайлар орын алып отырған қазіргідей кезеңде қолға алынған құптарлық жәйт деуге болады. Өйткені бұл шара отандық экономиканың ішкі ресурстарын көлеңкеден алып шығуға қажетті қосымша резервтер десек қателеспейміз.Мемлекет осылайша елдегі және шет елдегі жеке меншік мүлік пен ақшалары бар азаматтарға тағы да тиімді мүмкіндік беріп отыр. Негізінен заңдастыруға ақша, бағалы қағаздар, елімізде және басқа елде тіркелген жылжымайтын мүліктер жатқызылады. Елімізде жүргізіліп жатқан мүлікті заңдастыру, жалпы халықтық декларациялау науқанының алғашқы қадамы. Қазақстан азаматтары мүмкіндікті пайдалана отырып, қолдағы бар дүниелерін осы акция аясында заңдастырып алғандары жөн. Өйткені 2017 жылы мемлекетімізде жалпы халықтық табысты декларациялау басталады. Бұл, халықтың нақты табысын есептеу арқылы салықты өндіру қорын кеңейтіп, көлеңкелі сауданы жүгендеуге септігін тигізері сөзсіз. Қолдағы бар капиталды және мүлікті жария ету өтініштері 2015 жылғы 30 қарашаға дейін қабылданып, 1 айдың ішінде қаралады. Ақша және бағалы қағаздарды заңдастыру үшін еліміздегі кез-келген екінші деңгейлі банктерге өтініш білдіруге болады. Мүлікті жария ету акциясының мерзімі аяқталғанша ұлттық және шетел валютасындағы ақша Қазақстан Республикасындағы кез-келген екінші деңгейлі банктерден азаматтар ашқан жинақтық шотқа немесе поштаның ұлттық операторларына салынуы тиіс. Айту керек, акция басталғалы бері Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына мүлікті заңдастыру туралы 655 өтініш түсті. Солардың ішінде 438 тұрғын жай, 141 тұрғын жай емес, 59 коммерциялық мақсаттағы нысандар жария етіліп, заңдастырылды. Мемлекет басшысы айқындаған бес халықтық реформаға сәйкес, бұл бағыттағы жұмыс жандана түсетін болады.

Жанар ӘЛІБАЕВА, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жеке кәсіпкерлерді тіркеу, ақпараттарын қабылдау және өңдеу орталығы бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар