Еркін елдің ертеңі – жастар

Еркін елдің ертеңі – жастар
ашық дереккөз
Еркін елдің ертеңі – жастар

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні облысымызда 282 816 жас бар. Яғни, жастар жалпы өңір халқының 26,0 пайызын құрап отыр. Оның ішінде Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларында 110 481 адам болса, қалған 172 335 жастарымыз аудандар мен елді мекендерде өмір сүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі аппарат кеңесінде мәлім етілді. Облысымыздағы үш жоғары оқу орнында  21218 жас, ал техникалық және кәсіптік оқу орындарындарында 29 мың 922 жас білім алуда. Екі мыңға жуық жас Отан алдындағы әскери борышын өтеу үстінде. Осыларды тіліне тиек еткен облыс  әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев өңіріміздегі жас мөлшері 14 пен 29  аралығын құрайтын тұрғындардың жай-күйіне жан-жақты тоқталып өтті. Өткен жылы 488 маманға 91,3 миллион теңге көтерме жәрдемақы, 151 маманға 405,3 миллион теңге несие қаражаты берілген. Биыл бұл көрсеткіш артады деген ниеттеміз.  Айталық, ағымдағы жылы «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 468 маманға 109,3 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы ретінде әлеуметтік қаржы қаралса, тұрғын үй сатып алу үшін 484,6 миллион теңге бөлініп 163 маманға 0,01 үстеме пайызбен бюджеттік несие беру қарастырылып отыр. Аталған жоба аясында аудандарға қажетті мамандықтарға талдау жүргізіліп, нәтижесінде Қордай, Мойынқұм, Талас, Шу аудандарында педагогика, медицина, әлеуметтік сала, мәдениет, спорт, мал дәрігері, ауыл шаруашылығы мамандарының қажеттілігі анықталып отыр.

Біздегі мәліметтер бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 15-24 жас аралығында 5,2 пайыздан 4,6 пайызға, 15-28 жас аралығында 7,4 пайыздан 7,0 пайызға дейін төмендеп отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 мамырдағы мәлімет бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту уәкілетті органдардың ықпалымен 1852 жас жұмысқа орналасқан. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы бойынша 2195 адаммен әлеуметтік келісім-шарт жасалынса, оның ішінде 939-ы жастар (43,0%) болып табылды. Бағдарлама бойынша 513 жас бос жұмыс орындарына орналасса, 7 адам 1-ші бағыт бойынша жөндеу жұмыстарына қатысты, 131 жас кәсіптік оқытумен қамтылып, оқуларын аяқтаған 72-сі жұмысқа орналасты, ал 92 жас әлеуметтік жұмыс орындарына және 312 түлек жастар практикасына жолданып отыр, – деген Еркебұлан Құралбаев өткен жылмен салыстырғанда республикалық және жергілікті бюджеттерден жастар тәжірибесіне  бөлінген қаражат көлемі азайып отырғанын айтып өтті. Оның айтуынша, 2014 жылы республикалық бюджеттен 264,9 миллион теңге қаржы бөлініп, 1884 жас, жергілікті бюджеттен 98,6 млн.теңге қаржы бөлініп, 778 жас Жастар тәжірибесіне жолданған. Ал осы жылы республикалық бюджеттен небәрі 72,53 миллион теңге, ал жергілікті бюджеттен 112,1 миллион теңге қаржы бөлінбек. Сондай-ақ, Еркебұлан Есенғалиұлы ағымдағы жылы облысымыздағы ТарМУ, ТарМПИ, ТИГУ секілді үш жоғары оқу орнын 7000-ға жуық, ал, облысымыздағы орта арнаулы оқу орындарын 10 мыңға жуық студент бітіріп жатқанын атап өтті. Осы орайда ол биылдан бастап, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірушілердің нақты жұмысқа орналасуы туралы мониторинг республикалық деңгейде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы жүргізілетіндігін ескеріп, оқу бітіруші жастардың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндіктер ашу үшін, жергілікті бюджеттен Жастар тәжірибесі бағдарламасына қаражат көздерін қарастырудың қажеттілігі бар деп санайтынын жеткізді. Өз баяндамасында Е. Құралбаев жастардың қылмысы өткен жылмен салыстырғанда біршама кемігенін айтты.  Үстіміздегі жылдың І тоқсаны бойынша жастар қолымен 514 қылмыс жасалынса, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда жастар қылмысының жартысын ғана құрайды екен. – Облыс жастары арасындағы діни ахуал да басқарманың басты назарында. Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы және облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің имамдарымен осы бағытта бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанындағы медреседе 50-ге жуық жас діни білім алып жатса, шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқан жастар саны – 35-ті құрап отыр. Қоғамда тағы бір алаңдатушылық тудырып отырған жастарға қатысты мәселе – жас отбасылар арасында некелерін ойланбай бұзатындардың жыл санап көбеюі. 2014 жылы 6994 жас некелерін қиса, олардың 20,3 пайызы яғни 1420-сы некелерін бұзған, – дей келе, Еркебұлан Есенғалиұлы жұма күндері мешітке лық толатын жамағаттың көпшілігі жастар екендігін ескере отырып, барлық деңгейдегі мешіттерде имамдар отбасы құндылығы мен жауапкершілігі турасында жиі түсіндірулер жүргізсе деген ниетін білдірді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндамашыдан ауылдық жердегі жастардың жай-күйін сұрады. Бүгінгі таңда облыс аумағында мемлекеттік жастар саясатын жүйелі әрі нәтижелі жүргізу мақсатында барлығы 255 маманды құрайтын 12 жастар орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, аудан әкімдіктерінің спорт бөлімдеріне қарасты 106 спорт нұсқаушысы ауылдық елді мекендерде қызмет етіп отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде жүзеге асыруға толық мүмкіндіктің бар екендігін көрсетеді, – дей келе Еркебұлан Құралбаев ауылдық жерлердегі жастардың жеке кәсіппен айналысуға ынталы екендігін жеткізіп, алайда, олардың кепіл-мүліктерінің жоқтығына байланысты несиеге қол жеткізе алмай отырғанын алға тартты. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы баяндамашыдан нақты мысалдар келтіруін сұрап, аталған мәселеге байланысты оған тиісті басқармалармен бірлесе отырып жұмыстар жүргізу керектігін ескертті. Сондай-ақ, облыс басшысы дін мәселесіне тоқталып, шетелде оқып жатқан отыз бес жастың қай ағымда білім алып жатқанын, олардың қаншауы елге оралғанын қадағалап отыру керектігін еске салды. Осы ретте Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев онлайн жүйеде байланысқа шығып, ауданнан шетелде оқып жатқан бес жастың бірі жуырда елге оралғанын, тексеріс барысында оралған азаматтан ешқандай діни теріс көзқарас байқалмағандығын айтып өтті. Сонымен қатар, облыс басшысы жастар саясаты мәселелері басқармасының жұмысының әлі де болса нәтижесіз екендігін алға тартып, бірқатар түйінді мәселелердің шешілуі бойынша сынға алды. «Біздің болашағымыз – жастар. Біз оларға қандай тәрбие берсек болашағымыздың да іргесі сондай берік болмақ» деген Кәрім Нәсбекұлы өңіріміздегі жоғары оқу орындарындағы бітіруші түлектердің жұмыспен қамтамасыз етілу деңгейін, студенттердің құрылыс жұмысына атсалысуларын пысықтады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев облыс агроқұрылымдарын ірілендіру турасында жан-жақты сөз қозғады. – Бүгінгі күні облысымызда жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша  17635 шаруа қожалығы тіркелген болса, оның 12495-інде жер көлемі 100 гектарға дейін ғана екен. Демек, олардың 71 пайызы ұсақ шаруашылықтар. Осыдан екі жыл бұрын басқарма тарапынан «2013-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру» бағдарламасы әзірленіп, облыстық мәслихатпен бекітілген болатын, – дей келе Абдалы Тоқбергенұлы ұсақ шаруашылықтарды ірілендірудің негізгі төрт бағытына тоқталды. Облыс әкімі жуырда ғана өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те ірілендіру жүйесіне баса назар аударғанын айтып, аудан әкімдіктері «2013-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру» бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал жасау мақсатында салық органдары мамандарымен бірлесе отырып, шаруа қожалықтарына іріленген шаруашылықтарға қолданылатын салық режімдері туралы белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, баяндамашы Абдалы Нұралиев алдағы уақытта «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заңы қабылданғаннан кейін ірілендіру үрдісі жылдам жүретініне сенім білдірді. Алқа отырысының соңында облыс әкімі басқарма басшыларына жүктелген жұмыстарды тиянақты әрі нақты түрде орындауды тапсырды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар