Ұлы дала ұлағаты

Ұлы  дала ұлағаты
ашық дереккөз
Ұлы дала ұлағаты

халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен сөз болды

Елдің елдігін айқындап, мерейін асыратын торқалы той Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы әне-міне дегенше келіп те қалды. Жиырма ғасырлық тарихы бар Тараз шаһарында аталмыш мерейлі датаға орай ұйымдастырылған «Қазақ хандығы мыңжылдықтар тоғысында: тарихи сабақтастық және қазіргі кезең» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция түйінделді. Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: «Біз көне Еуропа елдерінің тарихын бес саусағымыздай білеміз. Өкінішке қарай, төл тарихымызды дәл солай игере алмадық. Бүгінгі шара барысында ұлы дала философтары айтқандай, өтіріктен қорқып, шындықты айтайық, тарихтың ақиқаты әділдік таразысына салынғанда ғана құны басым болмақ» деп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Бишімбаев пен Оразкүл Асанғазина да ниеттес, тілектес екендіктерін ақжарма көңілдерімен байқатты.

Мәні мен мазмұны терең конференция жұмысы басталардың алдында ТарМУ ғалымдары ұйытқы болған «Ұлы көштің жолымен» атты тарихи-археологиялық экспедициясы аясында түсірілген деректі фильм көрсетілді. Экспедиция мүшелері төрт ортағасырлық қаланың, бес тарихи-мәдени ескерткіштің орнында болғанын осы бейнесюжеттерден көрдік. Экспедицияның басты жетістігі – Керей ханның қыстағын табуы. Халық Төлегенов қарияның жол бастауымен табылған Хан тауындағы қыстау ортағасырлық құндылықтардың шежіресі іспетті. Қыстаудың Керей ханның мекені болғанын «Керейдің сайы» немесе «Керейдің шатқалы» деп аталуынан білуге болады. Пленарлық баяндамаларға кезек келгенде алғаш сөз алған тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков «Қазақ хандығының қалыптасуының этникалық негізі» тақырыбында сөз қозғады. Ол өз сөзінде хандықтың құрылуын, оның даму, қалыптасу үдерісін айшықтап айтып берді. Сонымен қатар, Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолына айрықша тоқталып өтті. Қазақ хандығының территориялық аймағын өзі жасаған картамен, хандардың кескін-келбетін өзінің салған суреттерімен баян етті. Мұнан соң сөз алған Германия елінен келген Бонн университеті, шығыстану институтының профессоры Нұрлан Кенжеахмет: «Мұхаммед Шайбани мемлекеті және Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының Қытай деректемелерінде аталуы» тақырыбында баяндама жасады. Ол сөзінде «Темірлік жылнамаларда Орыс хан елі Тұқмақ немесе Тоқмақ ұлысы деп аталса, ХV-ХVI ғасырлардағы моңғол-қытай дереккөздерінде Шығыс Дешті Қыпшақ немесе Ақ орда жалпылай Тоғмағ немесе Тохэма деп аталды. Бұдан бөлек, Ақ орда шығыс деректерінде Тұқмақ деп аталудан сырт, Өзбек ұлысы немесе Өзбекстан деп те мәлім болды. Өкінішке қарай, Өзбек немесе Өзбекстан атауын қазір көбінесе Әбілқайыр хандығына теліп жүр. Тарихшылардың көбі 1446 жылы Сығанақты Әбілқайыр басып алған соң, бүкіл Дешті Қыпшақ оның қоластына бірікті деген пайымда. Осы арада ескере кететін жайт, 1428 жылы Әбілқайыр Чимги Тұрада (қазіргі Ресейдің Тюмень қаласы маңында) хан тағына отырғаннан Сығанақты басып алғанға дейін оның билігі Барақ ханның бұрынғы иелігіне жүрмеген. Оны Махмұд хан билеген. Осыны ескеру керек» – деп, біраз жайттан хабардар етті. «Жұртшылыққа белгілі қазақтардың «Алаш» деген атауы да бар. Ақиқатында, «Алаш баласы» ұғымы болуы тиіс. Аңыздарға иек артсақ, қазақтың барлық тайпалары Алаш тұқымынан тарайды. Ал, шынында, осы мезгілге дейін Алаш этнонимінің пайда болуы әлі жұмбақ. Қазақстан өзге құрамына ноғайлар, өзбектер, қырғыздар, түркімендер, қарақалпақтар, тіпті қалмақтар кіретін «Алаштың алты баласы» ұғымының қалыптасуы ежелден бастау алған және оның тамыры ежелгі түріктерге немесе Алтын Орда кезеңіне жайылады. Қазір Кавказ ноғайлары бізді Алаш деп атайды. Керейдің өлімінен кейін билік 1470 жылы билік Жәнібектің қолына өтеді. Жәнібек шейіт болған соң хандық билікке Бұрындық келеді. Кейбір зерттеушілер оның есімін шежіре жазушылар дұрыс бермегенін, анығында оның есімі, қазақ тіліндегі айтылуына сәйкес Мұрындық. Осы шындыққа жанасады. Бір қызығы ноғай (татар емес) мұрынды олар «бұрын» дейді, ал мұзды «бұз» дейді. Қалай аталса да Бұрындық (Мұрындық) хан қазақтың көшпелі мемлекетінің негізін нығайтуда маңызды рөл атқарды. Одан кейінгі қазақ хандары әулетін жалғастырушылар – Жәнібек ханның ұрпағы болды» деген профессор Бүркітбай Аяғанның пікірі де бірқатар ақиқаттың бетін ашқандай болды. Жалпы бұл конференция барысында көптеген елімізден, шет мемлекеттерден келген ғалымдар тұжырымды пікірлерін ортаға сала білді. Қазақ хандығының құрылған датасына қатысты толғамды тұжырымдар айтқан тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың пікірлері де көңілге қонды. Секциялық жұмыстар да өзінің оңды нәтижесін берді. Көшелі шара барысында тың ойлар көбірек айтылғаны көңілді тоғайтты. Мұндай жиындардың мерейтойға дейін әлі талай ұйымдастырылары анық. Ең бастысы бұған дейін де мұндай жиындардың ондағанын көрдік. Бастысы ТарМУ секілді жинақы, тың тақырыптармен өтсе дейміз. Конференция жұмысы кеше түйінделіп, тиісті қаулылар қабылданды.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар