Батыр – елдің серкесі

Батыр – елдің серкесі
ашық дереккөз
Батыр – елдің серкесі

Саңырық батырға мемориалдық ескерткіш-белгі ашылды 

Өткен сенбіде Тараз қаласындағы Тәуке хан мен Саңырық батыр көшелерінің қиылысындағы алаңқайдан жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қол бастаған Саңырық батырға мемориалдық ескерткіш-белгі ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қала тұрғындары, қонақтар көптеп қатысты. Оның ашылу рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков сөз алды. – «Таулар алыстаған сайын биіктейді» демекші, уақыт өткен сайын батыр бабаларымыздың жасаған ерлігі еселене түсуде. Ұлы батырларымыздың туған жері, туған елі үшін жасаған батырлықтары мен ерліктерін қадірлеп, қастерлесек қателеспейміз. Өйткені, олар ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ өлкемізді, құтты қоныс атамекенімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғай жүріп, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Батырдың ұрпақтары мен зиялы азаматтардың іскерлігі нәтижесінде жаңадан бой көтерген бұл нысан батырға деген құрметтің белгісі. Бұл нысан алдағы уақытта Тараз қаласының көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз, – дей келіп, «Саңырық батыр» ескерткіш-композициясының құрылысына демеу білдіріп, қолдау көрсеткен «Саңырық батыр» қоғамдық қоры мен өз үлестерін қосқан барлық азаматтарға облыс басшылығының атынан ризашылығын білдірді. Мемориалдық ескерткіш белгіде Аңырақай соғысы бейнеленген. Онда қазақтың ақын қызы Күләш Ахметованың өлеңі берілген. Мүсін авторы – Қырғызстанның белгілі сәулетшісі Әбдісапар Қалматов. Ескерткіш «Саңырық батыр» қорының және жеке азаматтардың демеушілігімен орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатында белгілі қоғам қайраткері Ізбасар Балтағұлов, академик Оразалы Сәбден, «Саңырық батыр» қорының президенті Еркінбек Құлжабай, Сенат аппаратының жауапты қызметкері Кеңесбек Демеш, «Шымыр ата» қоғамдық кеңесінің облысымыздағы төрағасы Оңласын Есіркепов сөз алып, батыр бабамыздың өршіл рухы жайлы кеңінен сөз қозғады. Мұнан соң «Бабур» мейрамханасында батыр рухына арналып ас беріліп, құран оқылды.

Әділбек Баққараұлы, «Ақ жол».

Тараз.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар