«Арландардың» айбары

 «Арландардың» айбары
ашық дереккөз
«Арландардың» айбары

Ресей боксшыларын 9:1 есебімен ұтқан «Астана арландары» финалда «Куба                                      қабыландарымен» кездеседі

Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалдық кездесулері мәресіне жетті. Бокс мамандары топшылағандай ақтық сынға «Куба қабыландары» мен «Астана арландары» жолдама алды. Бостандық аралдарының өкілдері Мексика құрамасын 10:0 есебімен ойсырата ұтса, «Астана арландары» «Рашн боксинг тим» ұжымына еш мүмкіндік қалдырмай, 9:1 есебімен тізе бүктірді. Елордамыз Астана төрінде өткен екі күндік кездесудің алғашқысында С1 салмақ дәрежесіндегі боксшылар шаршы ринг төріне көтерілді. Алдымен жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов Вадим Кудряковтың меселін қайтарды. 56 келідегі «арланымыз», ұлттық құраманың көшбасшысы Қайрат Ералиев қорғаныста айрықша қимылдарымен көзге түсті. Тікелей соққылары мен апперкоттары Андраник Григорянды састырды. Қайраттың да мерейі үстем. 64 келідегі Самат Бәшенов Авак Узалянды, 75 келідегі Мейірім Нұрсұлтанов Сухроб Сидиковты оңай жеңсе, 91 келідегі Вадим Кудухов бірнеше рет рұқсат етілмеген тәсіл қолданып, шынтақпен соққы жасағаны үшін рингтегі төреші кездесуді тоқтатты. Левит сегізінші жеңісіне төртінші раундта қол жеткізді. Алғашқы күннің нәтижесі бойынша «Астана арландары» финалға қарыс қадам ғана қалды. Есеп – 5:0. Келесі күні «Астана арландарын» жерлесіміз Олжас Сәттібаев финалға шығарды. 52 келідегі жамбылдық боксшы Карен Арутунянды қиналмай ұтты. Бұдан кейін рингке шыққан 60 келідегі Закир Сафиуллин Артур Субханкуловтан, 69 келідегі ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов Якуб Нуриевтен айласын асырса, 81 келідегі бүкіләлемдік бокс сериясының дебютанты Нұрдәулет Жарманов Эдуард Якушевке жол берді. Ал алыптар айқасында рингке көтерілген Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко сериядағы тұсаукесер кездесуін нокаутпен аяқтады. Екінші раундта Ваняның шірене тартқан оң қолы Руслан Шамаловтың иек тұсына дөп тиді. Соққының жойқын болғаны соншалық, Шамаловтың өзі рингтің бір бұрышына жантая кетсе, аузындағы тіс қорғайтын капасы басқа бұрышқа ұшып кетті. Иә, «Астана арландары» айқын жеңіске қол жеткізді. Есеп – 9:1. «Астана арландары» финалда «Куба қабыландарымен» кездеседі.

Табиғат Абаилдаев,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар