Әлеуметтің әлеуетін арттыратын реформа

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын реформа
ашық дереккөз
Әлеуметтің әлеуетін арттыратын реформа

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде өзінің Ұлт жоспары ретінде алдағы 5 институттық реформаны жұртшылыққа түсіндіріп берді. Әлқиссаны Елбасының сөзімен бастасақ: «Әлемдік экономиканың турбуленттілігіне жауап ретінде біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын дайындадық. Оның басты мақсаты жаңа жұмыс орындарын құру мен жаңа экономикалық өсім үшін іргетасты нығайтуда батыл да жедел іс-қимыл таныту болып табылады. Алайда, сыртқы қатерлер өсе түсіп отырғанын түсіну маңызды. Сыртқы қатерлермен күресте шамамыз жету үшін бізге ішкі жағымызды нығайту қажет. Осы жылдары қол жеткізілген таңқалдырарлық табыстарымыз бен игіліктеріміз мызғымайды деп есептеу үлкен қателік.

Мен ел алдындағы тұрған бес ауқымды ішкі міндеттерді көріп тұрмын. Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұланғайыр елміз. Сондықтан бізге Біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының барлығы біздің мемлекеттілігіміздің ХХІ ғасырдағы сын-қатерлері». Елбасы ұлт жоспарын табысты орындау үшiн қолайлы халықаралық климаттың қажет екенін атап өттi. Ол үшін еліміз әлемнің алпауыт мемлекеттері Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа одағы, Ислам әлемі елдерімен қарым-қатынасын одан әрмен жалғастырып, халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыс атқаратын болады. Сонымен қатар, Орталық Азияның көшбасшысы ретінде Қазақстан өңірдің экономикалық дамуын, қауіпсіздігін қолдауға һәм сақтауға күш салады. Мәселенің мәнісіне бажайлап қарайтын болсақ, жаңа реформа сарабдал саясаттың жаңа бастауы деуге болады. Елбасының бес институттық реформаны халықтық деп атауы жайдан-жай емес. Өйткені бұл – көпшілік қауым «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жаппай атсалысуға тиісті, мазмұны терең, маңызы зор шара. Бірінші кезекте, шағын және орта бизнес өкілдері белсенділік танытуы тиіс. Себебі, 2050 Стратегиясы ұлт алдына үлкен міндет: әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатын қойып отыр. Ал мемлекетіміздің қарышты дамуы қарымды кәсіпкерлердің ілкімді істерінің нәтижесінде ғана мүмкін болмақ. Кәсіпкерлік – ел экономикасының тамырына қан жүгіртетін, көсегесін көгертетін аса қажетті сала. Мәселен, Еуропа елдері мен АҚШ-ты алсақ, оларда орта және шағын кәсіпкерлік 90-80 пайыз үлесін алады. Ал, елімізде жоғарыдағы көрсеткішке қол жеткізу жолында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында кәсіпкерлерді тиімді шарттармен несиелеуді жалғастырып, бұл үшін алдағы үш жылда 155 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Мұның үстіне жаңа экономикалық саясат іске асып, инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған шаралар қолға алынбақшы. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жанданып, кең қанат жайып келе жатқан кәсіпорындар күн санап артып келеді. Бағдарлама шеңберінде 2010 жылдан бері 34 мың жұмыс орны ашылған. Ал 2014 жылға дейін 8 мың жаңа жұмыс ошағы өз қызметін бастады. Мұның барлығы отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызып, кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайтуға негіз болатындығы рас. Елбасы бес халықтық реформаның ішінде тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайтуды да тілге тиек етті. «Біздің қоғамымыздың көптүрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді Мәңгілік Ел құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық культі, толеранттылық, шын берілгендік пен патриотизм біріктіреді» - деді Президент. Расында да, бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің қашанда ырыздығы мол. Татулықтан асқан құндылық жоқ. Еліміз осынау баға жетпес байлығымен мақтана алады. Қазіргі таңда Қазақстанда 140-тан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың ішінде қазақ ұлтының үлесi 63,6 пайызды, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндар – 2, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немiстер – 1,1, басқа ұлт өкілдері 4,5 пайызды құрайды. Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» деп атап өтті. Бұл тарихи шындық. Себебі қазіргі таңда елімізде тұрып жатқан кез-келген ұлт өкілі өздерінің салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениетін дәріптеп және кеңінен насихаттап келе жатыр. Мұндай мүмкіндікті сыйлап отырған қазақтардың кең пейілдігі мен қонақжайлығын, сонымен қатар өзге ұлттардың әдет-ғұрпына құрметпен қарауды білдіреді. Жалпы Қазақстан неге көп ұлтты ел болып қалыптасты? Бұл сұраққа жауапты тарихты тереңнен зерттеп, өткенге ыждаһаттылықпен қарау арқылы таба аламыз. XV ғасырдың екінші жартысында Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрды. Кейін елді қолбасшылық өнері мен тарихта өшпес ізін қалдырған Қасым хан, Тәуке хан, Есім хан, Абылай хан тағы басқа көптеген тұлғалар биледі. Ата-бабаларымыздың арқасында халқымыз дүниежүзі бойынша ең бай да құнарлы ұлан-байтақ жердің иесі атанып отыр бүгінгі таңда. Дегенмен, батыр хандар билеп тұрған заманның өзінде қиын сәттер мен ел басына қауіп төнген кездер аз болмады. Осының салдарынан қазақ халқы басқа алпауыт елдердің қол астына кіруге мәжбүр болғанын тарихтан білеміз. 1731 жылы Ресейге қосылдық. Сол кезден бастап біздің жерге орыс ұлтының өкілдері қоныс аудара бастады. Кейін XX ғасырдың екінші жартысынан бастап тың игеру кезінде де қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерінің көшіп келуі толастамады. Тыңайған жерлерді игеру жұмыстарына Ресей, Украина сол кездегі Кеңес өкіметіне қараған мемлекеттерден келген адамдар қазіргі күнге дейін қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Елбасы өз Жолдауында «Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деп атап өтті. Қазақстан жүз жылдан аса уақыт өткеннен кейін өз тәуелсіздігін алып, егемен ел атанды. Экономикасы мен әлеуметтік жағдайы өрге жүзіп дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттердің сапынан орын алып отыр. Мұның бәрі де Елбасымыз жүргізіп отырған сарабдал саясаттың жемісі. Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде татулықтың талбесігіне ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың темірқазығына айналды. Бұл әлемде теңдесі жоқ құрылымның жиырма жылдағы жарқын жеңісі һәм жемісі. Сондықтан да болар Президент Жарлығымен биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бұл қадамның өзі Елбасының көрегенділігі мен парасат­тылығын тағы бір мәрте таныта түсті. Ұлт жоспары – әлеуметтің әлеуетін арттыратын реформа, мемлекетті одан әрі дамытып, тәуелсіздік тұғырын бекіте түсетін нақты қадамдар екені даусыз. Ұлт жоспары – әлемдегі бүгінгі тұрақсыздық жағдайында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін елдік құжат. Ұлт жоспары – ұлттың ерік-жігерін ұштап, заманның жаңа талаптарын қабылдай отырып, алға ұмтылуға жетелейді. Ұлт жоспары – ортақ жауапкершілік жүктеп, ұлы істерге бастайтын маңызды шара. Сондықтан да болашағымызды бағдарлап, кемел келешегіміздің көкжиегін айқындайтын ілкімді істе әрқайсысымыз жұдырықтай жұмылып өз үлесімізді қосқанымыз абзал.

Жандар АСАН, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты баспасөз қызметінің басшысы, PhD докторы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар