Қаражаттың игерілгені – істің ілгерілегені

Қаражаттың игерілгені – істің ілгерілегені
ашық дереккөз
Қаражаттың игерілгені – істің ілгерілегені

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жіберілген кемшіліктерді тез қалпына келтіруді талап етті

Тапсырманың тыңғылықты, жұмыстың жүйелі атқарылуы айналып келгенде қаржыға тіреледі. Бөлінген қаражаттың игерілгені – істің ілгерілегенінің белгісі. Ал игер, еңсер, ұтымды түрде ұқсат деп бөлінген қаржы белгіленген мерзімде өз орнымен жұмсалмаса, қазынаға қайтарылуы тиіс. Селекторлық режімде өткен аппараттық кеңесте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осылай деді. Негізі жиында 2015 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы облыс бюджетінің қозғалысы, ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізуге байланысты жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарының жайы және балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын тиімді ұйымдастыру мәселелері қаралды. Бірақ, көтерілген үш мәселенің тақырыбы әртүрлі болғанымен, шешімі ортақ. Кәрім Нәсбекұлының сөзімен айтсақ, кемшіліктер қайталанбауы үшін айтылған сыннан қорытынды шығару керек. Ал мін түзелсін десек, мәселеге жол бермеу қажет.

Игерілмеген қаржы қазынаға қайтарылады

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаевтың мәлімдеуінше, жоспар бойынша есепті кезеңде облыс бюджетінің кірістері 61 миллиард 569,4 миллион теңгені құрауы керек болған екен. Бұл жұмыс 100,9 пайызға артығымен орындалып, 62 миллиард 94,7 миллион теңге кіріс түсіпті. Жоспарланған 62 миллиард 330,6 миллион теңгенің 59 миллиард 235,4 миллион теңгесі игерілген, ал 3 миллиард 95,2 миллион теңгесі игерілмеген. Сырттай қарағанда, бес пайызда тұрған ештеңе жоқтай көрінуі мүмкін. Бірақ, оның артында атқарылмаған жұмыс, орындалмаған тапсырма бар.

Жалпы, қаражат сомалары өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1,9 есеге төмендеп, игеру көрсеткіші 4,4 пайызға артып отыр. Жергілікті бюджет шығыстарын игеру бойынша Байзақ ауданы (99,3 пайыз) алда тұр. Екінші және үшінші орында – Қордай, Т. Рысқұлов аудандары. Ал Тараз қаласы – 91,3, Талас ауданы – 90,9, Сарысу ауданы – 90,8 пайыздық көрсеткішпен төменгі орындарға жайғасқан. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, ішкі істер департаменті, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ішкі саясат басқармалары облыстық бюджеттің қомақты сомаларының игерілмеуіне жол берген.

«Елбасы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде осы мәселеге айрықша тоқталғанын білесіздер. Игерілмеген қаржыны игере алатын облыстарға беру керек деп кесіп айтты. Жұмыс істей алмасаңыздар, ол қаржыны қайтарып беріңіздер. Айдың аяғына дейін кемшіліктер жойылмаса, тәртіптік шара қолданамыз», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Аталған басқармалар басшылары қомақты сомалардың уақтылы игерілмеуі себебін талдау жасап түсіндірді. Қаржының бір бөлігі мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы кеш шығуына байланысты игерілмегенін, тағы бірі үнемдеуден артылғанын айтты. Өңір басшысы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы және басқа да мекемелердің басшыларына, Тараз қаласы және аудан әкімдеріне мамырдың аяғына дейін кемшіліктерді жоюды тапсырды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақовқа әркім өз міндетін дұрыс атқаруы керектігін қатаң ескертті. Қолда бар мәліметке сүйенсек, игерілмеген қаражаттардың 46,9 пайызы – «Даму» бюджеттік бағдарламасы арқылы берілген. Нақты айтсақ, есепті кезеңде бағдарлама шеңберінде бөлінген 8 миллиард 866,5 миллион теңгенің 7 миллиард 415,8 миллион теңгесі игерілген. Игерілмеген қомақты сомалар Тараз қаласы әкімдігіне, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына тиесілі. Аудандардан алда тұрғаны – Шу (127,2 миллион теңге), Жамбыл (105,8 миллион теңге), Талас (95,4 миллион теңге).

Жұмысты үйлестіре алмаған басшы орнын босатады

Сәтсіздік пе, былтыр біздің облыстың көрсеткіші республикалық межеден төмен болды. Бірнеше жыл бойы жоғары нәтиже көрсетіп келген Т. Рысқұлов, Меркі секілді аудандардың жолы болмады. Бақылау күшті болды ма, әлде басқа жағдайлар әсер етті ме, көрсеткіштері күрт төмендеп кетті. Соның әсері ме, биыл Меркі ауданынан түлектердің 58,8 пайызы ғаны ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріпті. Тестке қатысу деңгейі төмен аудандардың алдында әдеттегідей Қордай (46,1 пайыз) тұр. Шулық оқушылардың 56,2 пайызы жалпы орта білімді аттестаттайтын әрі жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін сынаққа қатысуға ниет білдіріпті. Жалпы, облыстық білім басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, 8879 мектеп бітірушінің 6003-і, яғни 67,6 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспақ. Оның 235-і «Алтын белгіге», 68-і үздік аттестатқа үміткер. «ҰБТ көрсеткіштерінің төмендеуіне объективті, субъективті себептері болады», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы. «Жекеменшік және мемлекеттік жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдерінде білім алған мамандар қазір облыс мектептерінде жұмыс істеуде. Басым көпшілігі – оқуды сырттай бітіргендер. Білім сапасының төмендеуіне осы жайттар да себеп болуда. Кейбір білім ошақтарында директорлар, білім бөлімі басшыларының жұмысты үйлестіре алмауының кесірінен көрсеткіш төмендеп кетуде. Ал кей жағдайда нәтиже баланың талабына байланысты болады», – деп түсіндіреді Сұлушаш Құрманбекова. Иә, көп жағдайда мәселені кадр шешетіні анық. Білім қызметкерлерінің Тамыз кеңесінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мектеп басшыларына осыны қатал ескертіп, кадр таңдауда Тараз қаласындағы №45 классикалық гимназияның директорының тәжірибесіне сүйену керек екенін баса айтқан болатын. Аппарат кеңесінде Кәрім Нәсбекұлы осы проблеманы тағы көтерді. «Жуалы ауданында Орджоникидзе гимназиясы және Тараз қаласындағы қазақ-түрік мектеп-интернаттары мен №45, 41, 1 гимназиялары бірнеше жыл қатарынан жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. Басқа мектептер кемшіліктермен жұмыс жасауда осы мектептердің тәжірибесіне сүйенгені дұрыс шығар. Жалпы, мынандай талап қоямын. Қай ауданда білім бөлімінің басшысы жұмысты үйлестіре алмайды, сол орнын босатады. Мектеп директорларына да айтарым сол. Кемшілікті жою үшін оның себебін анықтау керек. Диагнозын анықтамаса, ауруға ем қонбайды», – деді облыс әкімі. Облыс әкімі мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу деңгейінің төмендігіне көз жұма қарауға болмайтынын ескертті. «Былтыр Қордай ауданында түлектердің 47,2 пайызы қатысты. Биылғы көрсеткіш одан төмен, 46,1 пайызды құрап отыр. Тұрғындарының саны ең көп аудан – осы Қордай. Масаншыда – 825 орындық, Бұлар батыр ауылында – 600, Сортөбеде – 300, Кенен ауылында – 600, Гвардейск кентінде – 1000, Қақпатаста – 200, Алғада – 180, Красный партизанда – 300 орындық мектеп соғып бердік. Заманауи үлгіде, барлық пән кабинеттері жабдықталған. Егер балалар оқымайтын болса, тестілеуге қатыспаса, сапалы білім алуға ұмтылмаса, онда несіне жаңадан білім ошақтарын ашып жатырмыз. Тұрғындарға осыны түсіндіру керек қой. Балалар біздің болашағымыз емес пе?!», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Педагогтардың Тамыз кеңесінде облыс әкімі Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының ректорларына білім сапасы төмен мектептердің жай-күйін саралау үшін білім басқармасымен бірлесе жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Аппарат кеңесінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің басшылары атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, білім ошақтарында қалыптасқан ахуал туралы қозғады. Өңір басшысы Байзақ, Т. Рысқұлов аудандары әкімдерінен жіберілген кемшіліктер бойынша қандай шаралар қолданылғанын сұрап, аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне тестілеу өткізуге дайындықты тағы да пысықтауды тапсырды. Жауапты сынаққа жауапкершілікпен қарауға шақырды. Биыл ҰБТ 2-6 маусым аралығында өтеді. Облыс бойынша 10 ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункті бейнебақылау камералары, ұялы телефон дабылын тұншықтырғыш, металіздегіш, видеотіркегіш құрылғылармен жабдықталған.

Жан жадыратар жазғы демалыс

Мектеп бітірушілерден басқасы күн санап, оқу жылының аяқталатын кезді асыға күтіп жүр. Санаулы күндерден кейін жан жадыратар жазғы демалыс басталады. Демалыс дегені болмаса, оны да тиімді ұйымдастыру білім саласы қызметкерлеріне жүктелетіні белгілі. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың сөзіне сүйенсек, қазір балалардың жазғы демалыс және сауықтырылумен, еңбекпен, басқа да түрлі шаралармен қамтылуын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сұлушаш Сәтбекқызы биыл жазғы демалыс кезіндегі шараларға 1-10 сыныптарда оқитын 182004 оқушыны жүз пайыз қамту жоспарланғанын айтады. Оның 85 пайызы жазғы сауықтыру және демалыс шараларына, 15 пайызы еңбекпен және түрлі тәрбиелік шаралармен қамтылатын көрінеді. Оған жергілікті бюджеттен 243 миллион 216 мың теңге қарастырылыпты. Бір айта кететіні, Байзақ, Жуалы, Қордай, Меркі, Т. Рысқұлов, Шу аудандары осы мақсатта жұмсалатын қаражатты өткен жылмен салыстырғанда кем жоспарлаған. Маусым айының басында сауықтыру лагерьлері алғашқы ауысымдағы жұмыстарын бастайды. Демалыс кезеңіне санаулы күндер қалғанымен Таластағы «Жұрындысай», Меркідегі «Жұлдыз», Т. Рысқұлов ауданындағы Ә. Молдағұлова атындағы лагерьлердің, Қордайдағы «Балауса» демалыс орнының дайындығы талапқа сәйкес емес. Ал Тараз қаласына қарасты «Рауан», «Болашақ», мемлекеттік емес «Кооператор», «Тау самалы», «Жұлдыз» сауықтыру лагерьлері дайындық жұмыстарын жоспарға сай орындауда. Алайда, мұнымен іс бітпейтіні белгілі. Балалардың санитарлық-гигиеналық, техникалық қауіпсіздігі сақталып, тиімді әрі пайдалы демалыс ұйымдастыру үшін әлі талай шаралар атқарылуы керек. Облыс әкімі осы мәселе бойынша жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, кеңесте қаралған үш мәселеге қатысты тиісінше қаулылар қабылдады.

Ардақ Үсейінова,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар