Екі дүркін Азия чемпионы

Екі дүркін Азия чемпионы
ашық дереккөз
Екі дүркін Азия чемпионы

Бегімхан Әділбековтің арманы асқақ

Ұлттық спортты ұлықтаушы палуандар Жамбыл өңірінен де көптеп шығып жатқандығына жұрт куә. Солардың бірі – Мойынқұм ауданының тумасы, қазақ күресінен Азияның екі дүркін чемпионы Бегімхан Әділбеков. Ел сенімін ақтау ердің ісі екендігін жүрегімен сезініп, санасына сіңіріп өскен ауыл баласы өмірлік ұстанымын бір сәтке де естен шығарған емес. Ол 1987 жылы Кеңес ауылында дүниеге келіп, он бір жылдық білімін сонда аяқтайды. Үйінің кенжесі, ата-анасының еркесі болғандықтан алдындағы бауырларына арқа сүйеп өссе де, әу бастан-ақ жігіттіктің жүгін жеке дара көтере білу қажеттігін жақсы ұғынған. 90-жылдардың басындағы қазақ ауылдарының жай-күйі әлі де ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Ол тұста жастардың мүмкіндіктеріне жол ашып, негізін қалайтын үйірмелерді дамытпақ түгілі, күн көрудің өзі үлкен мәселе боп тұрды емес пе? Бірақ, бұл ауыл жастарының арманына шек қоя алмаса керек. Бегімхан, өз замандастары сияқты өмірі өнегелі алдыңғы буынды үлгі тұтып, олардың жетістіктерін назарда ұстады. Солардай «болмаса да, ұқсап бағуға» тырысқан арманшыл жас ойдағыдай білім алып, бос уақытында баскетбол ойынымен әуестенді. Өнерге де жаны жақын болған азамат «Жігіт сұлтаны», «Мәнерлеп өлең оқу» байқауларына қалмай қатысып жүрді. Мектепті ойдағыдай аяқтағаннан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «Алғашқы әскери дайындық» мамандығына оқуға түседі. Күнделікті жаттығуларды жібермей қатысып, болған жағдай есіне түскен сайын шынығуын үдете берді. Табандылықтың түбі табысқа әкелетіні хақ. Алған бетінен қайтпаған Бегімханға спорттық бәсекелерде бағын сынаудың сәті түседі. Оның алғашқы жеңісі – 2006 жылы Түркістан қаласында өткен жастар арасындағы «Тайқазан» жүлдесі үшін республикалық додадағы чемпиондығы. Ізін суытпай, көптеген кездесулерге қатысып, қанжығасы майланбай қайтпайтын. Санаулы уақыттың ішінде көрсеткіштері көңілдегідей болғанмен, әлі де ұмтылар деңгей алдыда еді. Алайда, жоғары оқу орнының дипломы қолға тиген соң, оның аңсары ауылға ауа берді. Кеңестің шаңын жұтып, сағынышын басқан соң Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Уақыт өте келе, өзі білім алған мектепте педагог-ұйымдастырушы қызметін атқарып, «Жас Отан» жастар қанатының жастар арасындағы белсенді тірліктердің басында жүрген. Көкейінен күресті қайта қолға алу туралы ой кетпей жүрген ол алдымен ауылдың спортын жолға қоюды өзіне іштей міндеттеп жүреді. Қазақша күрестің майын ішкен азамат болғандықтан, кейінгі жастарды өз жолымен тәрбиелеуге ниеттеніп, үйірме ұйымдастыруды жоспарлайды. Жоспарды жүзеге асыру үшін алдымен ең болмағанда бозкілем қажет. Демеушілер табыла қоймаған соң, өзіне әрекет етуге тура келеді. Бірақ, қаражат табу жолын бөгегендіктен,үйіндегі жалғыз сиыр мен Түйе палуан жарыстарынан жеңіп алған теледидарын сатып, тәуекелге бел буып Алматыға жол тартады. Арнайы кілемді ауылға алып келген соң, жергілікті әкімге жолығып, жаттығатын бөлме тауып беруін сұранғанда, ол құлшынған жастың жалынын жықпай, бірден көмек қолын созыпты. Осылайша, спортшы ауыл әкімдігінің алақандай бір бөлмесінде-ақ талай жеткіншекті ұлттық спортқа баулып, ата-аналарының алғысына бөленеді. Жасөспірімдердің қызығушылығы оянғаны соншалық, бір күнде 40-50 бала жаттығуға келіп, төрт қабырғаға сыймай қалатын болған. Уақыт өте келе шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, ауылдың атын шығара бастайды. Жерлестерінің мақтанышына айналған Бегімханға тілектестер көп болды. Ұлдарын жетектеп әкеліп, «өзіңдей қыл» дегендер көбейді. Айналадағы адамдардың сенімі күшейген сайын спортқа деген ынтасы өрши түскен палуан көптеген жарыстарға қалмай қатысып, ізбасарларын дайындауға да уақыт тауып жүрді. 2013 жылы Мойынқұм аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасуға ниеттеніп, полиция полковнигі, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Жанайдар Иембердіұлы Мойынқұмның мақтанышын бірден қатарға қабылдайды. Ал өткен жылы Азия чемпионатында бағын сынаған Бегімхан тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеп, жеңіс туын желбіретті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен Азияның екі дүркін чемпионы атанған Бегімхан бүгінде тәртіп сақшысы бола жүріп, спортты да санасынан шығарған емес. Жалыны тасыған жастың ендігі арманы – еліне адал қызмет жасап, «генерал» болу. Ендеше, іске сәт!

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар