Соғыс – үлкен қайғы-қасірет

Соғыс – үлкен қайғы-қасірет
ашық дереккөз
Соғыс – үлкен қайғы-қасірет

Итальяндық азамат Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан туысының қабірін Тараз зираттарынан іздейді

32 33Итальяндық азамат Доменик Муроло Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан туысы Грассели Викторионың қабірін Тараз қаласынан іздеуде. Еуропа елінің өкілі сонау сұрапыл жылдары қаза болған туысын Тараздан неге іздеп жүр? Ол іздеу салған жан біздің шаһарымызға қайдан келген? Бізді осы сауалдар қызықтырған еді. Доменик Муролоның туысы Грассели Викторио 1912 жылы 6 сәуірде Италияның Беллуно қаласында дүниеге келген және итальяндық армияның артиллерия полкінде сержант болып әскери қызметін өтеген екен. Соғыс кезінде, 1942 жылдың желтоқсанында Дон өзеніне жақын Ростов облысында КСРО территориясында ол тұтқынға алынады. Доменик Муроло өзінің іздестіру жұмыстарын 2011 жылы бастапты. Ол Мәскеудегі «Әскери мемориал» Қауымдастығына Грассели Викторио туралы ақпарат беруін сұрап хабарласады. Ондағылар оған Викторио тұтқынға түскеннен кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданындағы №29 тұтқындарды бір жерге жинап ұстайтын лагерьге ауыстырылып жіберілгендігі туралы хабар береді. Мұрағат құжаттары лагерьде әскери тұтқынның сырқаттанып, Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) жақын орналасқан дала госпиталіне жіберілгендігін көрсетеді. Ақыры Викторио 1943 жылы осы жерде қаза болады. Муроло жинақтаған мәліметтерге сәйкес, Грассели Викторио қалалық зиратқа жерленеді. – Мәскеудегі «Әскери мемориал» Қауымдастығының маған ұсынған құжаттарында «Жамбылдағы қорымда 72 итальяндық солдат жерленген» делінген болатын. Өкінішке қарай, Италия үкіметі ешқашан эксгумация және олардың денелері мен сүйектерін отанға қайтару туралы мәселе көтермеген. Сондықтан, бұл іздеу жұмыстары маған өте қиынға соқты. Соғыс – бұл үлкен қайғы-қасірет. Мен ақиқатқа жеткім келеді, туысымның қабірін тауып, топырағын Отанға жеткізсем деген арманым бар. Бұл – менің парызым», – дейді Муроло. Итальяндық азаматтың сұранысы бойынша облысымыздағы тиісті орындар берген жауапта Таразда 1943 жылы қайтыс болғандардың жерленгендігі туралы мәліметтердің жоқ екендігі айтылған. Мұнда тек 60-жылдары жерленгендер туралы ғана мұрағат материалдары бар екен. Ал Муроло көрсеткен құжаттарда туысының осында жерленгенін айғақтайтындай мәліметтерді кездестіру қиын емес. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мүмкін, ақиқатты білетін ардагерлер де бар шығар.

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар