Әскери борышын атқару үшін армия қатарына алынып, екі соғысты көрген, 96 жастағы қарт майдангер Өрісбек Сабыралыұлы Жуалы ауданының «Большевик» колхозында (Күйік ауылы) 1919 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Әкеміз Өрісбектің өмірі қилы заманға тап болған. Балалық шағы 1931-1933 жылдарда болған ашаршылық, ұжымдастыру, жаппай тәркілеу сияқты өте ауыр, қиын кезеңдермен тұспа-тұс келеді. «Ашаршылық жылдары есім кірген, 13-14 жастағы баламын. Жәкем (әкесін осылай атайды) және ауылдың ақсақалдары, бозбалалары күнде таңертең аштан өлгендерді жинап, жерлеу үшін атқа арба жегіп көшеге шығамыз. Мен арбалы аттың басын ұстап, атты айдап отырамын, үлкендер қаза болғандарды арбаға тиейді. Сөйтіп, әліміз жеткенше оларды молаға жерлейміз» деп сонау алыс күндерді еске алып отырады.
1939 жылы 12 қазанда сол кездегі Әулиеата қаласының темір жол бекетінен отарбаға отырып, әскери борышын өтеуге аттанады. Әскери эшелон Сталинград жерінен бір-ақ түсіреді. Бір айға жетер-жетпес уақытта 1939 жылы 30 қарашада Кеңес одағы мен Финляндия арасындағы соғыс басталып, майданға кіреді. Орыс-Фин соғысында күш тең емес еді. Кеңес әскерлері миллиондап саналса, финдік әскер бар болғаны 420 мың болған. Нәтижесінде, 1940 жылы 12 наурызда КСРО мен Финляндия арасында бейбіт келісімге қол қойылып, соғыс аяқталады. Бейбіт күн ұзаққа созылмайды. 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс оты тұтанды. Әкеміз Қызыл әскердің 422-атқыштар полкінің сапында Балтық теңізі жағалауы елдері майданына аттанады. Великие Луки, Каунас қалаларында болған соғыста қоршауда қалып, аз ғана күшпен жау шебін бұзып шығып, 515-атқыштар полкіне қосылады. Оның жаттығулар барысында көздегеніне оқты дәл тигізетінін байқаған басшылығы механикаландырылған зеңбірекшілер полкіне көздеуші етіп ауыстырады. Литва, Латвия, Эстония, Белоруссия, Украина елдерінде болған майдандарға қатысады. Фашистердің дайындығы мықты болғандықтан, 1941-1942 жылдары кеңес әскерлерін соғыста түрлі жеңілістер күтіп тұрған еді. Көптеген командирлердің жоғары әскери білімдерінің болмауы, қару-жарақ, оқ – дәрінің жетіспеуі, әскери техникалардың жетілмеуі, қосымша күштердің дер кезінде келмеуі сынды себептермен талай әскер қоршауда қалып, тұтқынға алынды. Балтық жағалауы елдерін неміс басқыншылары жаулап алып, өздерінің үстемдігін жүргізеді. Сондай шайқастардың бірінде командирсіз қалған санаулы жауынгерлермен бірге әкеміз де тұтқынға түседі. Тұтқын лагерінде мыңдаған кеңес азаматтарымен қатар азапты күндерді бастан өткереді. «Тұтқындарды ашықтырып, итке талатып, түрлі дәрі-дәрмектермен улап, түрлі тәжірибелер жасады. Әлсіреген жауынгерлерді пештерге өртегенін көріп, жанымыздан түңілдік», – деп отырады әкей. 1944 жылы тұтқыннан босатылған ол 1010 автоматшы атқыштармен Берлинді алу шабуылына қатысады. Фашистер шегіне отырып, Рейн өзенінде күшті қорғаныс шебін құрады. Онда нағыз қанды қақтығыс болады. – Қызыл Армия үшін өзеннен өту өте қиынға соқты, ат жалынан ұстап жүзіп, ағаштарды байлап салдар жасап, өзеннен арғы бетке өту әрекетін жасадық. Неміс зеңбіректерінің тоқтаусыз атқылауы кеңес әскерлерін көп шығынға ұшыратты. Бір кезде біздің «Катюшамыз» жау шебіне үсті-үстіне оқ жаудыра бастады. Немістер қорғанысын тастай қашты. Біздің жауынгерлер оларды Берлин қаласына 12 шақырым жақын орналасқан Шпрее өзеніне дейін қуып, Германия жеріне табан тіредік, – деп еске алады: «Неміс әскерлерінің ұзақ тіресуге шамасы жетпей, жеңіліс тапты. Жеңісті тойлау, Берлинге жетіп, айдаһардың іні Рейхстагты көру, көптеген кеңес жауынгерлерімен қатар, менің де маңдайыма бұйырыпты. Берлинде одақтың атақты қолбасшылары Жуков, Рокоссовский, тағы басқаларды көріп, тәнті болдық. Соғыс аяқталған соң да Берлин қаласында бір жыл күзетшілікте болдық. Тек 1946 жылы 6 маусымда әскери қызметтен босатылдым». Сегіз жыл не өлі, не тірі екені белгісіз, жырақта жүрген әкеміз елге «аман-есен келе жатырмын» деген жеделхат жібереді. Анасы Ұлбосын бұл тосын хабарды естігенде үш күн «басым ауырды» деп жатып, жантәсілім етіпті. Әкеміз ұзақ жүріп жеткенде тура анасының 40 күндігі өткізіліп жатыр екен. Қазаның үстіне түскен ол қатты есеңгіреп қалады. «Егер хабар бермей, бірден келгенімде ең болмағанда анамды тірі көрер ме едім» деп әлі күнге өкінішін айтып отырады. Елге оралғаннан кейін еңбекке араласып, «Ақкөл» колхозы, қазіргі Айша бибі ауылында бригадир болып, қайта қалпына келтіру жұмыстарына өз үлесін қосады. Әкеміз Өрісбек Сабыралиев – бүгінде Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Майдандағы ерлігі мен еңбектері үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталған.
Саягүл Сабыралиева.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді