Үгіт-насихат жұмыстары сапалы ұйымдастырылуда

Үгіт-насихат жұмыстары сапалы ұйымдастырылуда
ашық дереккөз
Үгіт-насихат жұмыстары сапалы ұйымдастырылуда

ҚКХП атынан Президенттікке кандидат Т.Сыздықов Астана қаласында республикалық сайлауалды штабының мүшелерімен кездесіп, үгіт-насихат науқанының барысы мен аймақтардағы сайлаушылармен кездесу нәтижелерін талқылады.

39Кездесу барысында Тұрғын Ысқақұлы жалпы атқарылған жұмысқа қанағаттанып отырғандығын жеткізді. «Біз қазіргі кезде өзінің өзектілігін жоғалтпаған марксизм-ленинизм идеяларына негізделген менің сайлауалды тұғырнамамды жеткізе білдік. Халықтардың бейбіт өмір сүруі, төзімділік, жаңалыққа және өркендеуге ұмтылыс – бұл бірінші орында тұрған жалпы адамдық құндылықтар. Оларды алға тарту – жер бетіндегі бейбітшілікті қамтамасыз ету жолы болып табылады. Интернационализм мен отбасылық құндылықтардың маңыздылығын түсіну мемлекеттің ілгері дамуының кепілі болып келеді. Жас ұрпаққа бала кезінен бастап халықтарда тарихи қалыптасқан төзімділікті, шыдамдылықты, үлкендерді құрметтеуді қамтамасыз ету үшін жауапкершілік сезімдерін сіңіру қажет. Коммунистік халықтық партиясы қоғамдық дамудың материалдық теориясына негізделген фундаменталды қағидаларды өзінің қызметінде қатаң басшылыққа алып келеді», – деді ол. Т.Сыздықовтың пайымдауынша, оның ҚКХП атынан Президенттікке кандидат ретінде сайлау науқанына қатысуы халықтың назарын батыс мәдениетінің жағымсыз тұстарына аударуға мүмкіндік берді. Батыс құндылықтары әдетте жалған болып келеді және тек өзінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруды ғана көздейтін тұтынушы-адамды қалыптастыруға бағытталған. Бұл ақшаға табынушылықты тудырып, адамдардың жеңіл табыс алуына және адамгершілік қағидаларынан бас тартуына итермелейді. Батыстық тұрмыс салты мен мәдениеті тығырыққа тірелді. Сонымен бірге, Тұрғын Ысқақұлы айтқандай, батыстық жойқын мәдениетті тарату кинематограф өнімдері, компьютерлік ойындар, ғаламтордың әлеуметтік желілері, әдебиет және қоғамдық тамақтандыру салалары арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда ол: «Батыс мәдениеті тығырыққа бара жатыр және оған зорлық-зомбылықты, бассыздық пен жеңіл табысқа ұмтылысты насихаттау әсерін тигізуде», – деді ол. Өз кезегінде кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі А.Қоныров: «Кандидатты қолдау үгіт-насихат кампаниясының жоспары жалпы толық көлемде іске асырылып келеді. Барлық жоспарланған шаралар дер кезінде атқарылды. Осы тұрғыда мен біздің шаралардың бұқаралық ақпарат құралдарында, солардың қатарында республикалық телеарналарда кеңінен сипатталғанын айтқым келеді. Ғаламтордың әлеуметтік желілерінде де сапалы жұмыс жасадық және ол сайлаушылардың басым бөлігін Тұрғын Ысқақұлының сайлауалды тұғырнамасымен таныстыруға мүмкіндік берді», – деді. А.Қоныров сонымен бірге республикалық сайлауалды штабының қызметіне халықаралық бақылаушылардың назар аударғанын атап өтті. «Біздің республикалық және аймақтық штабтарымызға ЕҚЫҰ бақылаушылары келіп, Т.Сыздықов қолдаушыларының атқарып отырған жұмысымен танысты. Олар біздің сайлаушыларымызбен кездесуіміз секілді кейбір іс-шараларымызға қатысты. Халықпен жұмыс жасауға деген мақсатымыз бен ашықтығымызға куә болды», – деді А.Қоныров. Кандидаттың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмысының нәтижелері жөнінде баяндады. Штаб жетекшісі Н.Қадырқұлов қазіргі уақытта интернационализм, төзімділік пен шыдамдылықтың, ізгілік пен адамгершіліктің маңызы күннен-күнге артып келе жатқандығын алға тартты. Осы құндылықтар барлық мемлекеттердің өркендеуінің негізі болып табылады. Сонымен қатар Н.Қадырқұлов: «Үгіт-насихат науқаны аясында біздің кандидат кейбір облыстарды аралап, ол жерде студенттермен, оқытушылармен, өндіріс кәсіпорындарының басшылары мен жұмыскерлерімен әңгімелесулер өткізді. Оларды ҚКХП сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Т.Сыздықов сонымен бірге сайлаушылармен партия үшін маңызды сұрақ – коммунистік тұғырнамасын жетілдіру мәселесін талқылады. Студенттер мен жұмыскерлер біздің көзқарастардың ескіргені жөнінде пікірлерін айтқан кезде, Сыздықов коммунизмнің классиктерінің сөздеріне сілтеме жасады: «Диалектикалық материализмге негізделген марксизмнің күші мен өмір сүруге қабілеті тарихи даму жолымен дәлелденеді» деді. Ақтау қаласында ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың аймақтық сайлауалды штабы да жұмыстың алдын ала қорытындысын жасады. «Аймақтық сайлауалды штабы Т.Сыздықовты қолдауға бағытталған бірқатар шаралар өткізді», – деді Маңғыстау облысы бойынша партия комитетінің жетекшісі Р.Махамбетова. «ҚКХП атынан Президенттікке кандидат Т.Сыздықовтың сайлауалды кампаниясының жоспарына сәйкес біз сайлаушылар арасында сапалы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырдық. ҚКХП атынан Президенттікке кандидаттың сайлауалды тұғырнамасынан үгіт-насихат материалдары таратылуда Біздің қалалық штабқа ЕҚЫҰ халықаралық бақылаушылары мен журналистері, сондай-ақ, облыстың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері келіп кетті. Жалпы ҚКХП үгіт-насихат шаралары қандай да бір келеңсіздіксіз өткізілуде, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізілген және олар арқылы халыққа Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасының мазмұны жеткізілуде», – деді облыстық штаб жетекшісі. * * * Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Т.Сыздықов пен жас коммунистер тобы қызыл ленталармен әсемделген көгершіндерді аспанға ұшырды. Оларды ұшыру дүниежүзіндегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен өркендеуді, сондай-ақ, коммунистік идеялардың жаңа биіктерге көтерілуін сипаттайды. Шараның 40-тан астам қатысушылары құстардың ұшқанын қызыл жалаушалармен қарсы алды. Акция қатысушыларының алдында баяндама жасай келе, Т.Сыздықов бүгінгі күні бейбітшілік пен өркендеу идеяларын алға тарту жастарға түсінікті және айқын рәміздердің қажет екенін жеткізді. «Осы көгершіндердің ұшуы астарында, тек айқын және түсінікті рәміздер мен мақсаттар біздің жастардың қашықтықтардан өтуін және жаңа көкжиектерге жетуін білдіретін идея жатыр. Бейбітшілік құсы деп танылған көгершін, дүниежүзінің барлық жеріндегі ұрпақтардың өкілдеріне түсінікті интернационалдық рәміз болып табылады», – деді ол. «Осы сайлау науқаны арқылы коммунистер өздерінің қағидалары мен маркстік-лениндік ілім негіздерін жеткізе алды. Мен сегіз аймақта болып, 15 қалаға барып, сайлаушылармен 60-тан астам кездесулер өткіздім», – деп хабарландырды Т.Сыздықов акция қатысушыларын. Қызыл ленталар аспанда желбіреген сәтте, партияның жас өкілдері атынан В.Смирнов баяндама жасады: «Аспандағы көгершіндер біздің жас серіктестерімізді жаңа жетістіктерге жігерлендіреді. Біздің бірлігіміз қарапайым әрі баршаға түсінікті бейбітшілік пен тұрақтылық рәміздері төңірегінде күшейіп келеді. Біздің акциямыз ұрпақтар арасындағы тығыз байланыс пен үлкендерді құрметтеу идеясын сипаттайды. Осындай өзара түсінушіліктің маңызын асыра бағалау мүмкін емес. Біздің кандидат отбасылық құндылықтарды қолдап, батыс мәдениетінің жағымсыз тұстарына қарсы шығуда және біз оны барынша қолдаймыз», - деді В.Смирнов. Ұшып бара жатқан құстарды бақылай отырып, шараның қатысушылары оларға қызыл жалаушаларды бұлғап, интернационал гимнін де орындады. * * * Кандидат Т.Сыздықов аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілерімен скайп-конференциясын өткізді. Кіріспе сөзінде Т.Сыздықов үгіт-насихат науқаны жоғары дәрежеде жария және тең мүмкіндіктер жағдайында өткізіліп отырғанын жеткізді. «Осы сайлау науқаны арқасында біз бұқара халықтың назарын аударып, сайлауалды бағдарламаның негізгі акценттері мен қағидаларын жеткіздік», – деді Т.Сыздықов. «Сайлаушылармен алпыстан астам кездесулер өткізілді. Біз өзіміздің коммунистік тұғырнамамыз, марксизм-ленинизм идеялары, жалпы адамдық құндылықтар – бейбітшілік, тұрақтылық пен төзімділік, интернационализм мен халықтардың достастығы туралы әңгіме қозғадық. Көп уақытты халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ортақ өркендеу мен бейбітшілік үшін барлық халықтардың өзара әрекеттестікке тартылу қажеттігі туралы дискуссияларға жұмсадық», – деді жиналғандарға Тұрғын Ысқақұлы. Содан кейін, облыстық комитет жетекшілері жұмыс нәтижелері жөнінде баяндады. Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды штабының жетекшісі С.Ярлыгасымов, насихатшылардың 18 елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесу барысында кандидаттың бағдарламасы туралы баяндағанын жеткізді. Атырауда да жұмыс өз жалғасын табуда. Атырау облысы бойынша сайлауалды штабының жетекшісі Е.Даулетқазиев баяндағандай аймақта жүргізіліп отырған жұмыс жемісті. Ал ақтөбелік сайлауалды штабында 5 сенімді тұлға және 20 обком белсенділері, бүкіл облыс бойынша 120 насихаттаушы қызмет етіп келеді. Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы Ақтау қаласынан басқа үш елді мекенде – Шетпе, Форт Шевченко, Мұнайшы қалаларында кездесулер өткізгенін баяндады обком жетекшісі Р.Махамбетова. Сайлауалды штабының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Н.Қадырқұловтың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында тіпті алыс жатқан аудандар қамтылды. Осы уақытқа дейін 250-ден астам кездесулер және 15 000-ға жуық адамдар қамтылды. Белсенді жұмыс Қызылорда және Жамбыл облыстық сайлауалды штабтарымен жүргізілуде, олар облыс тұрғындары мен еңбек ұжымдарымен жүзден астам кездесулер өткізді. Республикалық штаб жетекшісі А.Қоныров елде 16 облыстық және 1 республикалық сайлауалды штабы қызмет етіп отырғанын, кандидаттың жүзге жуық сенімді тұлғаларының тіркелгенін, үгіт-насихат жұмысында 15 000-нан астам белсенділер мен насихаттаушылар тартылғанын баяндады. Басылымдар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидарға кандидат пен аймақты сайлауалды штабтарының қызметі туралы мыңнан астам ақпарат жарияланды. Сонымен бірге, Т.Сыздықовтың белсенділері халықаралық бақылаушылармен кездесулер өткізген – ЕҚЫҰ өкілдері барлық облыстық сайлауалды штабтары қызметкерлерімен кездесті. Республикалық штабта да ЕҚЫҰ басшысымен және сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссияның өкілдерімен кездесулер өткізілді. Сайлау науқаны қандай да құқық бұзушылықтарсыз, ұлттық заңнама мен халықаралық нормалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Ұқсас жаңалықтар