Бозбала Көбей ауылдағы алғаш ашылған мектептен білім алып, кейінірек Әулиетадағы бір жылдық ветеринариялық арнайы курста оқиды. Сауаты бар жас сауатсыздықты жою ісіне де атсалысқан. Жаңа құрылған ұжымшарда мал дәрігері болып еңбекке араласады. Осы қызметте жүріп 1943 жылы Отанды қорғауға әскер қатарына алынады. Алдымен Ашхабад қаласында әскери оқу-жаттығу курсынан өткен бұлардың тобын Иран астанасы Тегеранға аттандырады. Волга өзені бойындағы елді мекендерді жаудан азат ету жорықтарында неміс диверсанттарының көзін жою операцияларына қатысады. Көрінбейтін майданның жауынгері Көбей Үкібаев арнайы топтың құрамында Монголияда да болады. Соғыс біткен соң да біраз уақыт әскери міндетін атқарып, елге 1946 жылы наурыз айында оралады. Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін І-ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен бірнеше жауынгерлік медалімен наградталады. Соғыстан тұралап қалған ел тұрмысын, экономикасын көтеру майданнан оралған ерлердің міндеті еді. Сауатты әрі майдан өтінде болып шыныққан Көбей Үкібаев Қаратөбе ауылдық кеңесінің төрағасы, 1949-1951 жылдары Қаракемер ұжымшарының, 1951-1952 жылдары Еңбек ұжымының, 1952-1957 жылдары Бесағаш, 1957-1962 жылдар аралығында Бесжылдық ұжымшарының төрағасы болып еңбек етті. Осыдан-ақ азаматтың аудандағы іргелі шаруашылықтарда басшылық қызметте болып, тұралап қалған шаруашылықтарды көтеру ісіне қажыр-қайратын жұмсағанын аңғарамыз. Осының ішінде Бесжылдық ұжымшарын басқарған жылдары жылқышы Жайшыбек Жанталиев құлын алуда қол жеткізген жетістігі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген еді. Бригадир Жақсылық Жұмашев, қызылшашы Күләш Тасыбековалар жоғары еңбек көрсеткішіне жеткендері үшін Ленин орденімен марапатталады. Шаруашылықтың білікті басшысы, үлкен ұйымдастырушы Көбей Үкібаев көп жыл қатарынан Жамбыл аудандық партия комитетінің мүшесі болып, қатарынан бірнеше рет аудандық Кеңестің депутаттығына да сайланған еді. Халық қалаулысы бола жүріп ауданның әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласқан тірлігінің өзі бір төбе. 1962 жыл оның өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Ол ойда жоқта көрші Байзақ ауданының бұрынғы Ровное кеңшарына қоныс аударады. Оның олай етуіне отбасылық жағдайы себеп болған еді. Тарқатып айтсақ, Көбей соғысқа бармай тұрып үйленген әйелі Айшанмен ұзақ уақыт нәресте сүйе алмаған екен. Сөйтіп, азаматымнан ұрпақ қалсын деген ақ ниетпен әйелі күйеуін өзінен көп жас кіші Жәмилә есімді қызбен қосқан. Бірақ, Көбейдің бұл тірлігін ескіліктің сарқыншағы деп ұққан әлдекімдер арыз боратып, ақыры бюроның отырысынан бірақ шығады. Ондағы мақсаттары – екі әйел алды деген айыппен партия қатарынан шығару. Бірақ, көпті көрген ағаларымыз ол кісіге көрші ауданға қоныс аударуға кеңес береді. Міне, осылайша еңбекке ептілігі мен етінің тірілігінің арқасында ол Свердлов ауданы жұртшылығымен де біте қайнасып кетті. Талай кеңшардың тірлігін түзеуге көп атсалысты. Алдымен 1964-1967 жылдар аралығында Ровное кеңшары директорының орынбасары қызметінен бастап, ұзақ уақыт бойы әр түрлі деңгейдегі жауапты қызметтерде болды. Ол қызметтерді абыроймен атқарып, жұртына қадірі артты. Жары Жәмила екеуі он перзентті дүниеге әкеліп, етек-жеңі кеңейеді. Ұл-қыздарды бағып-қағуда Жәмиләмен қатар Айшан да аянып қалмады. Бүгінде олар да ұшқан ұядан ұзап, өз отауларын тіккен. Жоғары білімді олар түрлі қызметтерде нәсібін тауып, еліміздің өсіп-өркендеуіне бір кісідей үлестерін қосып келеді. Соғыс және еңбек ардагері, екі орден мен онға жуық медальдардың иегері болған Көбей Үкібаевтың немерелері мен шөберелері тәуелсіз елдің бақытты ұрпағы ретінде өсіп-өніп жатыр. Соғыста қалдырған жауынгерлік ізі мен еңбек майданындағы жетістіктері кейінгі ұрпағына үлгі-өнеге болып қала бермек.
Есіркеп СЕРІКБАЙҰЛЫ.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді