ҚОРДАЙДАН ШЫҚҚАН ҚАҺАРМАН
Аманқожа Тәтібеков қан майданда үш мәрте Ленин орденіне ұсынылған еді Менің алдымда оқушы дәптеріне бала қолымен жазылған жолжазба күнделік.
«...3 июльде Фрунзеден самолетке мініп Москваға ұштық. Домодедово әуежайынан түсіп, метромен жүрдік. Ертеңінде пойызбен Орлов қаласына жол тарттық. Бұл жерден электричкаға мініп, Малоархангельск стансасына келдік. Бізді бір бейтаныс орыс жігіті күтіп алып бастап жүрді. Автобуспен майдангерлер жиналған жерге келдік. Омырауы ордендерге толы бірнеше қарт кісі әкемді танып, құшақтап көрісті. 5 июльде майдангерлердің кездесу жиыны өтті, сондағы мектепте мемориалдық тақта ашылды. Паркте суретке түстік, сосын бәрімізді автобуспен «Заветы Ильича» деген колхозға әкелді. Бұл әкемнің соғысқан жері екен. Осындағы 136 солдат бірге жерленген орынға гүл шоқтары қойылды. Ертеңіне тағы да соғыс болған жерлерді араладық. Оның бірінде әкемнің позициясы орналасыпты. Әкем көзіне жас алды. Мен сол жердегі қалың өскен қара бидайдан бір уысын ескерткішке үзіп алдым. Қалың тоғай ішіндегі бір алаңқайға келіп тоқтадық. Мұнда үлкен ескерткіш бар екен, алдында мәңгілік алау жанып тұр. Бұл жерде де митингі болды, бір минут үнсіздік жарияланды. Мен ескерткішті айнала қарап шықтым, оның бір жақ бүйірінде «бұл жерде қаза тапқан 14000 жауынгер жерленді» деп қашалып жазылыпты...»
1978 жылы Шарбақты мектебінің төртінші сынып оқушысы Сағатбек әкесімен бірге оның соғысқан жерлеріне барғанын осылайша хатқа түсіріпті. Әрине, ол кезде тоғыз жастағы бүлдіршін бұл сапардың мәніне тереңнен бойлай қоймаса керек. Соның өзінде кешегі қан қасаптың қасірет іздері оның балаң пайымынан қалыс қалмағаны аңғарылады. Бұл сапарға оның әкесі Аманқожа Тәтібеков өзі құрамында соғысқан 2-ші гвардиялық, Қызыл тулы, А. Невский орденді зениттік-артиллериялық дивизия ардагерлер кеңесінің арнайы шақыртуымен барған болатын.
Жауынгерлік жолын 1939 жылы Қызыл әскер қатарында Фин соғысынан бастаған Аманқожа, 1941 жылы жазда Брест түбіндегі артиллериялық полкте болған екен. Енді бірер айда әскери қызмет мерзімін аяқтап, елге қайтамын деп жүргенінде соғыс басталды. Артиллерия нысандары (ауыр зеңбіректер мен зениткалар) шекарадан және майдан шебінен оншақты шақырым ішкері орналасатын болғандықтан олар тосыннан төнген алапат шайқастан аман қалды. Брест қамалында болғанында ондағы өліспей-беріспей, қаһармандықпен шайқасқандармен бірге опат болар ма еді, кім білсін? Соның өзінде олардың артиллериялық бөлімдері ауыр шығынға ұшырады, кей тұста тоз-тозы шыға кері шегінуге мәжбүр болды. Көптеген сарбаздар ажал құшты, жараланғандары емделіп, қайтадан қатарға қосылғандары бұл арада жойылып кеткен немесе басқа құрамаларға біріккен өз бөлімшелерін таппай, шұғыл жасақталып жатқан жаңа әскери бөлімдерді толықтырды. 268-ші артиллериялық дивизияның зенитшісі, қатардағы жауынгер Аманқожа Тәтібеков соғыстың осындай бастапқы алмағайып күндерінде алғашқы ерлігін жасап үлгерген еді. 6 шілдеде немістердің әуе шабуылы кезінде зениткамен «Юнкерс-77» шабуылдаушы ұшағын атып түсіреді. Осы ерлігі үшін Ленин орденіне ұсынылғанымен, жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталады. Сержант шені беріліп, зенита расчетінің командирі болып бекітіледі.
Екінші ерлік бір жыл өте 1942 жылдың мамыр айында жасалады. Полк комсоргі кіші политрук Кривошаповты құтқару жолында жеті бірдей неміс автоматшыларын өлтіргені, кіші лейтенант Чабановтың партбилетін ұрыс даласынан алып келгені, соғыстың қызған сәтінде біздің қару жау қолына түсе қалғандай болса, олардың пайдалана алмауы үшін зенитка затворларын Северный Донецк өзеніне тастап жасырып, осы ерліктері үшін тағы да Ленин орденіне ұсынылады. Бірақ ол мерзімінде иесіне тапсырылмайды да, оның орнына берілген екінші Қызыл Ту ордені арада көп жылдар өткенде, 1970 жылы артынан іздеп табады.
1942 жылы 25 қазанда Аманқожа бұған дейін қызмет еткен дивизия негізінде 1042-ші полк құрылып, ол Мәскеудегі Чернышевский казармаларында жасақталып жатқан жаңа артиллериялық дивизия құрамына енгізіледі. Жау бар күшті Сталинград бағытына үйіп-төгіп жатқан қысталаң да жауапты шақта әскерлерімізді осылай оңтайландырып, тың күштермен нығайту қажет болды. Жаңа дивизияны құруға небәрі бір апта уақыт кетті. Ол кіші калибрлі зениткалық төрт артиллерия полкінен тұрды. Әр полкте үш батареядан және пулемет ротасы болды. Дивизия бөлімдері 3 қарашаның түнінде Киев вокзалынан жекеленген эшалондармен майданға жөнелтілді.
Жаңа дивизияның құрамында да Аманқожа талай қанды шайқастарға қатысып, ерлік үлгілерін көрсетті. 1942 жылдың қазан, қараша айларында Сталинград үшін болған ірі шайқастарға қатысты. Мұнда Аманқожаның расчеті барлығы он бес жау ұшағын атып түсіреді. Ал 1943 жылы 6-7 шілдеде жаудың тағы екі ұшағын, бір барлаушы ұшағы мен «Мессершмидт-109» истребителін атып құлатады. Осының екіншісінде біздің «П-2» бомбалаушы ұшағын жау шабуылынан құтқарып қалған еді. Осы ерлігі үшін полк командирінің орынбасары майор Николаев орудие командирі Тәтібековтің Ленин орденіне ұсынылатынын жариялайды. Бірақ, бұл жолы ешқандай награда берілмейді.
1944 жылғы 24 маусымда біздің 13-ші армия шабуылға шыққан кезде II Беларусь майданында Аманқожа ауыр жараланады да госпитальда біраз емделіп шыққан соң толық сауығуға оған алты айға демалыс беріледі. Елге жіберілген жаралы солдаттың демалыс уақыты біткенше соғыс та аяқталады. Сөйтіп, үшінші дәрежелі мүгедектікпен запасқа шығарылады.
Осылайша, соғысқа дейін үш жыл, қан майданда төрт жыл солдат шинелін иығынан, қаруын қолынан түсірмеген, алапат шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін үш мәрте Ленин орденіне ұсынылып тұрып, оның орнына Қызыл Ту ордендерін алған Аманқожа да ұлты басқа болғаны үшін сыбағасы кемітілгендерден десек қателеспейміз. Өйткені, соғыс тарихында жаудың бір танкісін немесе ұшағын атып түсіргені үшін Кеңес Одағының Батыры атанған талай орыс жауынгерлері болғанын білеміз. Басқаны былай қойып, даңқты гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, жау ордасына алғашқы Жеңіс жалауын қадаған Рақымжан Қошқарбаев, жаужүрек партизан Қасым Қайсенов, өз өңірімізден шыққан атақты мергендер Ыбырайым Сүлейменов пен Әбіл Нүсіпбаев та асқан ерлік жасағанымен, кезінде Батыр атағына ұсынылмады, ұсынылса да нақақтан берілмеді емес пе. Әйтпесе, ондаған жау ұшағын атып түсіріп, жүздеген фашистерді жер жастандырған зенитка орудиясының командирі қордайлық Аманқожа Тәтібековтің ерліктері де ең жоғары атаққа лайық емес деп кім айта алады?
Әңгімеміздің басындағы оқушы күнделігіне қайта оралайық. Оны жазған сол кездегі балақай бүгінде соқталдай азамат, білдей бір мекеменің басшысы. «Қордай» ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» директоры Сағатбек Тәтібеков осыдан отыз жеті жыл бұрын ата-анасымен бірге әкесінің соғысқан жерлерін аралаған сапарын ерекше сезіммен еске алады.
– Бұл алапат шайқас болған Орлов–Курск иініндегі Малоархангельск қаласында дивизия ардагерлерінің 35 жылдан кейінгі кездесуіне барғанымыз болатын, – деді ол. – Әкем соғысқан жерлерін аралап, бірқатар қаруластарымен қауышып мауқын басқан сол сапардан қайтарда Николай Рожнов деген майдангер досы Мәскеудегі үйіне қонаққа шақырды. Ол да әкеммен бір полкте зенитка расчетінің командирі болған екен. Бір күн бойы Мәскеуді армансыз араладық, суреттерге түстік. Сол кезде мәскеулік майдангердің менен бірер жас кіші Дима деген немересі бізбен ілесіп жүрген еді. Бүгінде сол Дима – Дмитрий Иванович Рожнов мемлекет қауіпсіздігі қызметінде. Биыл жыл басында ол КГБ мұрағатынан менің әкеме қатысты бір құжаттарды көргенін айтып хабарласты. Әттең, көшірмесін алуға болмапты, «бұларға қарағанда сенің әкең үш мәрте батыр!» дегеніне қарап, әкемді марапатқа ұсыну құжаттары болар деп топшылаймын.
Бұдан соң 1980 жылы дивизия ардагерлер кеңесінен тағы да шақырту келеді. Бірақ бұл кезде денсаулығы сыр бере бастаған Аманқожа оған бара алмайды. Арада екі жыл өткенде соғыста алған жарақаты салдарынан алпыс бес жасында қайтыс болады.
Майдангер өмірден өтсе де батыстағы қаруластары оны ұмытқан жоқ. Жақында Аманқожа әулетінің Қордайдағы қара шаңырағына Мәскеуден қалыңдығы кереқарыс, айшықтап безендірілген үлкен кітапты салып жіберіпті. Ол 2-ші гвардиялық зениткалық-артиллериялық дивизияның Мәскеу, Сталинград қорғанысынан басталып жау ордасы Берлинге дейінгі жорық жолдарының фотошежіресі екен. Онда осы дивизияның орденді жауынгері, гвардия сержанты Аманқожа Тәтібековтің де бірнеше суреттері басылыпты.
Майдангер мүгедектігіне қарамай зейнет жасына дейін колхозда әртүрлі жұмыстар атқарып, зайыбы Зейнеш екеуі төрт бала өсіріп, тәрбиеледі. Қымбаткүл мен Гүлнәр – тігінші, Асқар – мәдениет қызметкері, әкесі туралы осынау деректерді бізге жайып салып отырған Сағатбек болса орман шаруашылығының маманы.
– Әкемнің жауынгерлік ордендері мен медальдары, суреті бұрынырақта облыстық мұражайға қойылған, – дейді ол. – Сәтін салса жазда Мәскеуге барып, Дима айтқан құжаттарды көріп қайтсам деймін. Онда күтпеген құнды деректерге кезігермін деп ойлаймын...
... Иә, арада жетпіс жыл өтсе де сұрапыл соғыстың құпиясы толық ашылып болған жоқ-ау.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді