Федор Васильевич Иванов «Даңқ» орденінің толық иегері еді
Бірінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Васильевич Иванов 1896 жылы дүниеге келді. 1918 жылы қызыл әскер қатарына өз еркімен қабылданып, Колчактың армиясына қарсы ұрысқа қатысты. Екі жылдан соң батыс майданына ауысады. Қолбасшы В.Блюхердің 51-атқыштар дивизиясының сапында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жамбылдық жауынгер Кеңес одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бес жыл ақ гвардияшыларға қарсы шайқасып, оралған ол денсаулығын түзетіп, Жамбыл қаласында еңбекке араласты.
Бір майданның жорық жолдарынан өткен жауынгер ел басына күн туғанда қолына қайта қару алып, батыр қала – Сталинградты қорғауға аттанды. Қиян-кескі ұрыстарда үш мәрте жараланған жауынгер 1944 жылға дейін госпитальда емделіп, сапқа қосылған оны Украина даласында тағы да қан майдан күтіп тұр еді. 24 наурыз күні Федорлардың бөлімшесіне Проскуров қаласына таяу жердегі Буг өзеніне өткел орнатып, кеңес жауынгерлерін шығынсыз өткізу туралы бұйрық беріледі. Жаудың беті қайтқанымен жан алып, жан беріскен сұрапыл соғыс өзен үстінде болды. 127-атқыштар дивизиясының Буг өзеніндегі қиян-кескі шайқастағы жеңісі Ұлы Отан соғысы тарихында ерекше жеңістердің бірі ретінде бағаланды. Федор Васильевич ұрыста талай фашистің көзін жойды. Сондағы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін омырауына тағып, взвод командирінің көмекшілігіне тағайындалды. Коммунистік партия қатарына қабылданды.
Чехославакияның Дуклия деревнясынан 18 шақырым қашықтықтағы оңтүстік-батыстағы биіктікке бекінген жау кеңес жауынгерлерін қарға адым жер аттатпауға ант бергендей ажал оғын себелеумен болды. Осы сұрапылда взвод командирі оққа ұшып, оның орнын басқан Федор құрамды шабуылға бастады. Мықты бекініс құрғанымен фашистердің тас-талқаны шықты. 20 cолдаты мен 7 пулеметі жойылды. Биіктікті алған соң, взвод командирі қорғаныс шебін шұғыл ұйымдастыра білді. Өйткені, жау қайта шабуылға шығуы мүмкін еді. Солай болды да. Кеңес жауынгерлері негізгі күш келіп жеткенше екі шабуылды тойтарып үлгерді. Осы шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін взвод командирі, старшина Федор Ивановқа 1944 жылдың 22 қараша күні ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені тапсырылды. Жауды өз ұясына қарай тықсыра қуған кеңес әскерлері Еуропа елдерін басқыншылардан азат ете бастады. Чехославакия, Польша жау жендеттерінен тазартылған соң, Германия шекарасында тағы да қан майдан басталды. Аспан айналып жерге түскендей болған шайқаста командир оққа ұшып, басшылықты Федор қолына алады. Жауынгерлерді бастап, алға ұмтылған ол Лещин деревнясының фашистер қорғаныс шебіне айналдырған шеткері үйіне жетіп, ішке автоматтан оқ жаудырып кіріп келеді. Тұтқиылдан жасалған шабуылдан жаудың 40 солдаты мен офицерінің көзі жойылды. Бірнеше пулемет пен басқа да қару-жарақты олжалаған Ф. Иванов бастаған жауынгерлер соңдарынан келе жатқан негізгі құрамға осылай жол ашып берді. Ерлік ескерусіз қалмайды. Федордың жасаған жанқиярлық осы ерлігін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы лайықты бағаланды 1945 жылғы 27 маусым күнгі Жарлық бойынша І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталып, жамбылдық батырлар санын толықтырды. Ұлы Жеңісті жау ұясы – Берлин қаласында қарсы алған Федор Васильевич көп ұзамай Жамбыл қаласына оралды. Екі соғысқа қатысып, «Даңқ» орденінің толық иегері бола тұра ол қарапайым қалпынан айнымады. «Мен батырмын» деп кеудесін соқпаған. Өмірінің соңына дейін қаладағы нан зауытында күзетші болып еңбек еткені де батырдың қарапайым екенін айғақтап тұрғандай. Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл. Жыл басынан бері соғыс боздақтары мен елге аман оралып, өмірден өткен майдангерлерді еске алып, тағзым ету шаралары өтіп жатыр. Олардың қатарында Федор Васильевич те бар.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді