Тісін тегін емдетеді

Тісін тегін емдетеді
ашық дереккөз
Тісін тегін емдетеді
ауыл тұрғындарына көрсетілер көмек осы Шалғай ауылдардың тұрғындарына тісін тегін емдетуге мүмкіндік туып тұр. «Камаз» автокөлігіне орналасқан жылжымалы стоматологиялық кабинет елді мекендерді аралап, медициналық көмек көрсету үшін жолға шықты. Стоматологиялық қызмет тегін көрсетілетінін ескерсек, бұл ауыл жұртшылығы үшін үлкен көмек болғалы тұр. Себебі, кейбір аудан орталықтарындағы емдеу мекемелерінде заманауи құрылғылар жоқтың қасында. Бар болған күнде, мамандар тапшы. Бәрінде бірдей емес, әрине. Қысқасы, тіс ауырғандардың бірқатары облыс орталығына шабылуға мәжбүр. Ал оған екінің бірінің жағдайы келе бермейді. Сондықтан, тұрғындар мұндай мүмкіндікті құр жібермесе керек. Рас, соңғы жылдары стоматологиялық қызмет көрсету аясы кеңіп келеді. Денсаулық сақтау басқармасының 2015 жылғы 15 ақпандағы №173-Ө бұйрығына сәйкес, наурыз айынан бастап облыстық стоматологиялық емханалық базасында Тараз қаласы мен облыс тұрғындарына тәулік бойы шұғыл медициналық-стоматологиялық көмектер көрсетілмекші. Жақында емханаға тіс ауруларына талдау-сараптау жасайтын «J7Morita Manufacturing Corporation» панорамдық стоматологиялық рентген қондырғысы, «Dixi» жүйелі сандық-визиографиялық қондырғымен жабдықталған «Planmeca Intra» рентгеннографиялық құрал сатып алынды. Аталмыш емдеу мекемесі бұған дейін балаларға ғана қызмет көрсетіп келген. Енді міне, облыс әкімінің 2013 жылғы 28 қарашадағы №3 қаулысы негізінде «Облыстық балалар стоматологиялық емханасы» «Облыстық стоматологиялық емхана» болып өзгертілді. Ал балғындар үшін облыстық балалар ауруханасының құлақ, мұрын, тамақ аурулары бөлімшесінде жақ-бет хирургиялық патологиясы бар балаларды стационарлық жағдайда емдеуге арналған 5 төсек орны ашылды.

Ардақ Жаңбыршы, журналист.

Ұқсас жаңалықтар