Қаржы институты ретінде көрсете алды

Қаржы институты  ретінде көрсете алды
ашық дереккөз
Қаржы институты ретінде көрсете алды
7Рахым МЫҢБАЕВ, облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық саясаты айқындалған болатын. Кеңесте Мемлекет басшысы дүниежүзілік экономика қиын-қыстау жағдайға тап болған қазіргі уақытта елге жаңа жағдайға бейімделу керектігін, ол үшін экономикалық және заңнамалық сипаттағы жедел шаралар қажет екендігін атап көрсеткен еді. Үкіметке дағдарысқа қарсы іс-шаралар атқару жүктелген. Еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін қолдан келетін барлық шаралар жасалуда. Ауқымды жұмыстар облыс бойынша қазынашылық департаментінде де атқарылып жатыр. Жергілікті бюджеттегі мемлекеттік мекемелердің төлемдерін алдын ала бақылау және өткізу бөлімі өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президенті, ҚР Үкіметінің актілерін, ҚР бюджеттік заңнамасын, ҚР Қаржы министрлігінің және ҚР ҚМ Қазынашылық комитеті төрағасының бұйрықтарын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа алуда. Қазіргі кезде қазынашылық органдары еліміз бойынша 15 мыңнан астам республикалық және жергілікті бюджеттегі мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетеді. Мемлекеттік қаржыны тиімді басқару міндетін жүзеге асыру үшін ORACLE бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл жаңа жүйе қаржылық-экономикалық шешімдерді дұрыс қабылдауды және мемлекеттік бюджеттің барлық деңгейде атқарылуын бақылау әрекеттерін жүргізеді. Сонымен бірге, жүйе нақты уақыттағы бюджеттік құрылымдардағы аударымдарды тіркейді, олардың шығындарының мақсатты орындалуын қадағалайды. Бүгінде көптеген сарапшы мамандар Қазақстанда ТМД-дағы ең жақсы, талаптарға толық жауап беретін қазынашылықтың ақпараттық жүйесі жасалғандығын мойындап отыр. Қазынашылықты модернизациялау жобасы ТМД елдеріндегі жоба жетекшілері, Қытай, Словакия, Палестина, Моңғолия, АҚШ, Болгария елдеріндегі сарапшы мамандар тарапынан жақсы бағаға ие болды. Қазақстан тәжірибесінде қолданылып жүрген Қазынашылық жүйенің модернизациясы өте сирек модель ретінде де басқа елдердің тәжірибесінде қолдану ұсынылуда. Бүгінде аяғынан нық тұрған Қазынашылық комитеті өзін жақсы дамып келе жатқан қаржы институты ретінде көрсете алды. Ол мемлекеттік қаржыны жедел басқарудың, барлық деңгейдегі бюджеттің атқарылу процесіне қатаң бақылау жасаудың ақпараттық негізі болып табылады. Бұл әрине, білімді, өз істерін жақсы білетін қазынашылық қызметкерлерінің және мемлекеттік бюджетті атқаруды тиімді бақылауды қамтамасыз етудің арқасында жүзеге асып отыр. Қазіргі кезде қазынашылық комитетінің алдында бюджеттің атқарылуындағы құқықтық-нормативті актілерді дамыту, «Электронды қаржы министрлігі» және «Электронды Үкімет» құрудағы көптеген шараларға атсалыса отырып, ақпараттық қазыналық жүйесін одан әрі жетілдіру міндеттері тұр. Ал мемлекеттік бюджетті тиімді әрі мақсатты жұмсау жөнінде Елбасының берген тапсырмасы бүгінде іске аса бастады деуге болады. Кеңейтілген отырыста Президент бюджет шығыстарын оңтайландыруды дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі элементтерінің бірі ретінде атап өткен болатын. «Басталған жобаларды аяғына дейін жеткізіп, жаңа бастамаларды, ұсыныстарды жағдай жақсарғанға дейін шегере тұрамыз. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты. Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсырамын. Бұл ретте мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері еш өзгеріссіз қалуы тиіс. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының және аудандардың әкімдері де қатаң бюджет саясатын жүргізуі керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары аясында дамып келе жатқан қазынашылық ақпарат жүйесі, бюджетке бүгінгі салықтарды және басқа да төлемдерді аудару, бюджеттік шығыстарды жүргізу, қаржы ресурстарындағы жергілікті атқару органдары мен Қазақстан Республикасы Үкіметін басқаруды арттыру, мемлекеттік бюджеттің атқарылуындағы транспаренттілік бағыттарына негізделген. Басқаша айтқанда, дамып келе жатқан қазынашылықтың ақпараттық жүйесі – ел Президенті қойған мемлекеттік қаржыны тиімді басқару міндетін қамтамасыз етуге бағытталған. «Қазіргі біздің экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс. Келеңсіздіктер сыртқы нарықтың әсерінен болуда. Қазақстанның ішінде, экономикасында дағдарыс жоқ. Біз қиындықтарға қарап отырмай, олардың алдын алу үшін жедел шараларды қолға алдық. Оны халық біледі» деген Елбасы сөзін халық жылы қабылдап, қолдау білдіруде. Жалпы, барша қазақстандық еліміздегі қаржылық және саяси тұрақтылыққа, татулық пен тыныштыққа жүз пайыз сенеді. Әлбетте, халық сенімінен шығу үшін де қыруар жұмыстар жүргізілуде.

Ұқсас жаңалықтар