Елдің қалауы – тұрақтылық пен бірлік

Елдің қалауы – тұрақтылық пен бірлік
ашық дереккөз
Елдің қалауы – тұрақтылық пен бірлік
Бүгінде елімізде сандаған ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай тату келісім мен тұрақтылық жағдайында өмір сүруде. Бұл, біріншіден, бізге Тәңірдің берген сыйы – тәуелсіздігіміздің, екіншіден, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Қазақ жерінде еңбек етемін деген азаматқа кең жол ашылған. Олардың кәсіпкерлік құрылымдарын ашып, отбасын бақуатты етуіне мемлекет тарапынан тиісінше жағдай жасалып, қолдау-көмек те көрсетілуде. Біз де мұның игілігін көрудеміз. Түркменияның Мары облысынан отбасымызбен атақонысымызға көшіп келгенімізге қуанбасақ, еш өкінбейміз. Осында жұбайым Ысқақ екеуміз төрт бала тәрбиелеп өсіріп, әділбұлыққа жеткіздік. Бүгінде өзіміздің «Джумаев» атты жеке кәсіпорнымыз бар. Негізінен тігін цехымызда қазақтың ұлттық сырт киімдерін тігумен айналысамыз. Барлығы 10 ауылдасымызды жұмыспен қамтып отырмыз. Жеке кәсібімізді ашуымызға «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында «Даму» банкінен жеңілдетілген пайызбен несие алудың көмегі болды. Бұл бағдарламаның әлемдік қаржы дағдарысы бүйірден қысқанына қарамастан елімізде одан әріде жалғасатыны қуантып отыр. Демек аталмыш жоба әлі талай жанның тіршілігі көзін ашуына мүмкіндік бермек. Ең бастысы, еліміздің қандай қиындықтарға да төтеп беруге бағытталған әлеуетті стратегиялық жоспарлары жасалған. Осымен байланысты қазіргі таңда әлемде болып жатқан күрделі жағдайлардың қазақстандықтар үшін аса ауыр әсері бола қоймайтынына сеніміміз мол. Дейтұрғанмен, елімізде президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу дер мезгілінде қолға алынған оңды іс болды деген ойдамын. Меніңше, бұл - өмір талабы әрі халықтың тыныштығы, бірлігі, болашағы үшін қажетті шешім. Сондықтан да барша жамбылдықтарды үстіміздегі жылғы 26 сәуірде өтетін президенттік сайлауға сергектікпен, белсенділікпен, біліктілікпен атсалысуға шақырамын.

Аққалам ЖҰМАЕВА, жеке кәсіпкер.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар