Шалқарға қарсылас шақ келмеді

Шалқарға қарсылас шақ келмеді
ашық дереккөз
Шалқарға қарсылас шақ келмеді

Алматы облысының Ұзынағаш жерінде өткен «Жыр алыбы – Жамбылым» атты республикалық оқушылар айтысынан жерлестеріміздің маңдайы жарқырап, олжалы оралды. Бұл жолы жыр додасына Жамбылдың жамбасы тиген жерге Байзақ ауданының Кеңес орта мектебінің 10-сынып оқушысы Шалқар Кеңесбек (жетекшісі Маратжан Юнисов) пен Сарысу ауданы Абылайхан атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Диас Қонысбаев (жетекшісі Талғат Құсайынов) облыстық айтыстан озып, жолдама алған болатын. Ал екі балғын оқушыны баптап, дауыстарын сақтап, жігерін қайрап сахнаға шығару айтыс өкілі маған (осы жолдардың авторына) жүктелді. Облыс әкімдігі білім басқармасы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін орталықтың директоры Шариякүл Кашкинова айтысты ұйымдастырушы тараппен сөйлесіп, жасөспірім айтыскерлер мен жетекшілеріне жасалатын жағдайдың дұрыс болуын қамтамасыз етті. Сонымен, Шалқар Кеңесбек алғашқы кезеңде Батыс Қазақстан облысының үміті Данияр Нысанғалиевпен сөз сайыстырды. Данияр салған жерден: Тұлпардай арындайын тынысы кең, Көрермен сөз тыңдауға кірісіп ең. Кіші жүздегі жауынгер жұрттан сәлем, Жау жоқта тіс шұқыған қылышымен, – деп еді. Шалқар: Жақсылар жаман ойды аластайды, Ізгі адам арзан оймен санаспайды. Кіші жүз деп бөлінбей беу, Данияр, Бір тұтас сөйлесеңші Алаш жайлы. «Жүзге бөлінгендердің жүзі күйсін» Деген сөзі Төленің Алашқа әйгі. Жүз жасаған Жамбылдың тойына кеп, Жүзге бөлініп жатқаның жараспайды, – деп сабасына түсірді. Одан әрі Шалқар: «Абайдың сөзін жөндеп ұқпағандар, Жамбылдың жырын жаттап жарытпайды» – деп үлкен ойлы, кең тынысты ақын екенін байқатты. Ақтық сында ақтөбелік Айболат Көшкінбаймен айтысқан Шалқар: «...Мектептерде Жамбылтану сабағы өтсе, Ол да үлкен игі іс ойлағанға, Жас ұрпақ жыр Жамбылды білмей тұрып, Ньютонды жатағаннан пайда бар ма?» – деп өзінің алғырлығын көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен Ш.Кеңесбек пен Д.Нысанғалиев аз ғана уақыт айтысып, бас жүлдеге таласты. Бұл жолы да Шалқар қарсыласының уысынан бас жүлдені жұлып алды. Сөйтіп, байзақтық белгілі айтыскер Алтынкүл Қасымбекованың мектебін көрген Шалқар Кеңесбек құрамында Жұмабай Шаштайұлы, Бауыржан Жақып, Надежда Лушникова бастаған қайраткерлер бар қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені олжалап, дипломмен және 120 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бұл жамбылдық оқушы ақындардың қатарынан екінші жыл бас жүлдемен олжалы оралуы. Ұзынағашта былтыр өткен республикалық «Жыр алыбы – Жамбылым» айтысында тараздық 10-сынып оқушысы Дидар Апбасовтың (Дидар менің төл шәкіртім. Е.Д) бас жүлдемен оралғаны жерлестердің есінде болар. Ал сарысулық 12 жасар Диас Қонысбаев Шығыс Қазақстан облысынан келген қарсыласы Ермұхамбет Мұрадовпен лайықты айтысып шықты. «..Ассалаумағалейкүм Ұзынағаш, Көркіңмен сенің мәңгі мақтанамын, Шора ағамның әніне салған кезде, Есенқұл атамызды еске аламын», «... Біз қазақ текті туған халықпыз ғой, Хандықтың 550 жыл тарихы бар, Біздердей мемлекет әлемде аз, 130 ынтымақты халқы бар» – деп жастығына қарамастан үлкен ойлы сөздерді айта білді. Дегенмен, Диастың үлкен деңгейдегі жүлдеге ілігуі алдағы жылдардың үлесіндегі олжа екені анық. Сонымен, республикалық дәстүрлі «Жыр алыбы – Жамбылым!» байқауынан олжалаған бас жүлде құтты болсын! Шалқардың да, Диастың да жұлдызды шақтары әлі алда деп сенеміз.

Есет Досалы, журналист.

Ұқсас жаңалықтар