Чемпиондар қанат қаққан ұя

Чемпиондар қанат қаққан ұя
ашық дереккөз
Чемпиондар қанат қаққан ұя

6 7Ел экономикасы өркендеген сайын спортқа құйылатын инвестиция да ұлғайып келеді. Әлбетте, сергектікті серігім деп қана қарамай, ел намысы сынға түскен додаларда мемлекет абыройын аспандататын азаматтарға қамқорлық жасалғаны жақсы. Мұндайда нәтиже де мардымды болмақ.

Осы орайда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының атқарып отырған жұмысы, көрсеткен нәтижесі де көңіл тоғайтады. 2003 жылдың наурыз айында іргесін қалаған мекемеде спорттың 8 түрі қамтылған. Атап айтсақ, жеңіл атлетика, жүзу, ұлдар және қыздар боксы, тап сондай санатта дзюдо, таэквондо, грек-рим күресі, еркін күрес және ауыр атлетика сынды танымал спорт түрлерінің саңлақтары дәл осы орталықта тәлім алып, шарболаттай ширығып, өңірдің, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Бүгінгі таңда аталмыш орталықта жүз қырық тоғыз спортшы спортпен шұғылданса, оның сексен алтысы – спорт шеберіне үміткер, елу екісі – ҚР спорт шебері, тоғызы – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, біреуі – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Орталық жұмысын жандандырған жылдан бастап Ернар Ибраимов жетекшілік ететін мекемеде төрт ҚР спорт шебері, он бес халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алпыс спорт шебері дайындалды. Өздерінің мықтылығын көрсетті. Олардың бірегейі ретінде даңқты спортшылар Бақтияр Артаевты (бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы), Ақжүрек Таңатаровты (еркін күрестен Лондон Олимпиада­сының қола жүлдегері), Ғани Жайлауовты (бокстан ел чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы), Елдос Сметовті (дзюдодан Азия ойындарының чемпионы), Жасұлан Қыдырбаевты (ауыр атлетикадан әлем чемпионы), Юлдуз Маматкулованы (бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері), Жәнібек Қандыбаевты (грек-рим күресінен жастар арасындағы Олимпиаданың жеңімпазы) айрықша атап өтуге болады. Бұдан өзге де боксшылар мен балуандар өңірдің де, елдің де абыройын биікке көтеріп жүр. Айтпақшы, Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында күміс медальмен күптелген жеңіл атлет Светлана Иванчукова да осы орталықтағы жаттықтырушылардың тәлімін алған, тәрбиесін көрген. Әлбетте, білігі мен білімі толысқан мықты жаттықтырушылар болмаса, нәтиженің де мығым бола қоймайтыны анық. Бұл ретте еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген бапкерлер Ғани Назымбетов (еркін күрестен), Мирасхан Қожахметовті (ауыр атлетикадан) және өзге де азаматтарды еңбегі ерен екендігін айрықша атап өтуге тиіспіз. Чемпиондар қанат қаққан алтын ұяда бүгінде жұмыс қарқыны қалыпты жағдайда жалғасып келеді. Тынымсыз еңбектеніп жатқан жеткін­шектердің алдағы уақытта еліміздің абыройын аспандатып, талай биік белес­терді бағын­дыратынына сеніміміз кәміл. «Адал еңбек – бәрін жеңбек». Иә, бүгінде шүмектеп тер төккен спортшы­лары­мыздың мерейі асып жүр. Алдағы уақытта да солай болатыны анық.

Айнұр Әбиірбек, студент.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар