Тұрақты даму тетігі

Тұрақты даму тетігі
ашық дереккөз
Тұрақты даму тетігі
Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысын мен де толығымен қолдаймын. Ассамблея – бүгінде шын мәнінде кеңесе ойласып, кеңінен пішетін парасатты ұйымға айналып отыр. Сан алуан халықтың басы қосылған бұл ұйымның тілегі де бір, мақсаты да ортақ. Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы олардың бұл бастамасын да сондай жанашыр жүректен шыққан тілек деп қабылдадым. Баршаға белгілі, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 2015 жылғы 14 ақпандағы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын толығымен қолдайды. Уақыт талабынан туындап отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болып, қазақстандық қоғамда оң пікірлер туғызуда. Халықаралық ахуал шиеленіскен, әлемде қақтығысты жағдайлар туындаған және жаһандық экономикадағы дағдарыстық құбылулар орын алып отырған уақытта ішкі саяси тұрақтылық қам­тамасыз етіліп, әлемнің ең дамыған елдерінің тобына кіру мақсатында Елбасының «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын және «Нұрлы жол» бағдарламасын табысты іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Мемлекет басшысының дана әрі мықты көшбасшылығының арқасында Қазақстан халқы еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы барлық қиындықтарды абыроймен еңсерді. Елбасы тәуелсіздік жылдарында дамыған нарықтық экономикасы, халықаралық қоғамдастықтағы беделді ұстанымдары бар табысты мемлекет құра білді. Сондықтан да, қазақстандықтардың бүгінгі таңдағы барлық жетістіктерін: тұрақты эко­номикалық өсуді, демократияның дамуын, ұлтаралық келісім мен әлеуметтік игілігін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстыруы заңды. Қазіргі таңда Қазақ елі дамудың жаңа сатысына аяқ басуда. Осы орайда, белгіленген реформаларды одан әрі жүргізуге бағытталған бағдарды табысты жүзеге асырудың сөзсіз шарты болып табылатын тұрақтылықтың маңызы зор. Мен, кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу елімізде бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал ететіндігіне сенімдімін.

Мұратбай ЖОЛДАСБАЕВ,  Парламент Сенатының депутаты

Астана қаласы.

Ұқсас жаңалықтар