«Ұлтым басқа болғанмен – тілім қазақ»

«Ұлтым басқа болғанмен – тілім қазақ»
ашық дереккөз
«Ұлтым басқа болғанмен – тілім қазақ»
форумға қатысушы отандастарымыз осылай дейді Қазақ осы дала дейтін, күн дейтін, Қазақ осы өнер алды тіл дейтін. Қазақ осы қарасың ба, ақсың ба, Қоңырсың ба жатырқауды білмейтін, – деп Қадыр ақын жырлағандай қазақтың құшағы қашаннан досқа айқара ашық. Содан да шығар Қазақстан аумағында жүз отызға жуық ұлттың тату-тәтті өмір сүріп отырғаны. Олардың түрі бөлек болғанымен, тілектері, арман-мұраттары ортақ. Сондай-ақ, елімізде өмір сүріп отырған өзге ұлт өкілдерінің қазақтың салт-дәстүріне, өнеріне, тіпті, қазақ тіліне деген ықыластары да ыстық. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері мен өңіріміздегі этномәдени орталық өкілдері арасында «Ұлтым басқа – тілім қазақ!» атты форум өтті. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мен маңыздылығын кеңінен насихаттау және өңірдегі түрлі этностардың ана тілдерін дамытуға қолдау көрсету, сонымен қоса, еліміздегі татулық пен азаматтық келісімді нығайту мақсатына негізделген шараның мәні зор. Оған облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктерінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары, этномәдени орталықтардың өкілдері, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт азаматтары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білімгерлері, тіл жанашырлары қатысты. Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: «Қытай философы Конфуций «Егер маған ел билігі тиер болса, мен бірінші тіл мәселесін қолға алар едім. Өйткені, тіл бірлігі жоқ жерде пікір бірлігі болмайды, пікір бірлігі болмаған соң жұмыс алға баспайды» деген ой айтқан екен. ЮНЕСКО-ның мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда әлемде алты мыңнан астам тіл бар. Ал әр екі апта сайын бір тіл жоғалып, жойылып отыратын көрінеді. Кеңес кезеңінде біздің ана тіліміз – қазақ тілі де сол жойылып кетіп отырған тілдердің қатарынан табылуға сәл қалған еді. Бірақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тіл мәселесі түбегейлі өзгерді. Қазір қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Ана тіліміз күн санап қарқынды дамып келе жатқанының сіз бен біз куәсі болып отырмыз. Біздің облыста алты мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде білім алуда. Бес мыңнан астам өзге ұлт бүлдіршіндері қазақ тіліндегі балабақшаларда тәрбиеленуде. Осыдан олардың мемлекеттік тілге деген құрметін көруге болады. Әлбетте, біз үшін ең алдымен ұлтаралық татулық керек. Елбасымыз айтқандай, болашақ білімді ұрпақ тек қазақ тілін ғана емес, сонымен қатар, орыс тілі, ағылшын тілін де жетік меңгеріп өссе, ол ел ертеңі үшін ерен еңбек етері сөзсіз. Қазір әрқайсымыз кем дегенде екі тілде еркін сөйлей аламыз. Бұл біздің рухани байлығымыз, – деді. Бұдан кейін форумға қатысушылар сахнаға шығып, ақындардың қазақ тілі жайлы жырларын нақышына келтіріп жатқа оқи бастады. Шараны да бастан-аяқ өзге ұлт өкілдері ашып, жүргізді. Қазақтың қара домбырасымен орыс қызы Дария Соловцова «Туған жер» әнін әуелетсе, түрік ұлтының өкілі Ридван Маханбетов «Жаса, қазағым» әнін шырқағаны көпшіліктің ризашылығын оятты. Кәріс жігіті Руслан Югайдың қазақтың қара домбырасы мен «Ерке сылқым» күйін күмбірлетіп тартқанда сүйсінбеген жан болмады. Одан соң, бар халықтың достығы мен татулығын сипаттайтын «Аналар тілегі» композициясы залдағы бар жұрттың жүрегінен орын алғаны аңғарылмай қалмады. Ондағы жер ананың монологындағы «Уа, жарық дүниенің иесі – адамзат саған не керек? Жер ме керегі? Міне, мен Жермін! Анамын! Жер Анамын! Мен сенің бәріңе де бірдеймін. Мен сендердің қырғи қабақ ала көз болғандарынды қаламаймын. Маған керегі сендердің ынтымақтарың, ырыс-берекелерің, еңбектерің... ...Бақыт дегеннің өзі аспаннан нөсермен қоса жауатын дүние емес. Ол өзі біріңді-бірің сыйлаудан туатын адамгершілік қарым-қатынас. Қазақстанды мекендейтін бар халықтың достығы мен татулығы мен үшін нағыз бақыт» деген жолдардан тұратын монолог расында еліміздегі барлық ұлт өкілдерін бірлікке бастап тұрғандай әсер қалдырды. Сонымен қатар, ұлты неміс болса да, жан, рухы қазаққа айналып кеткен Герольд Бельгерді еске алуға негізделген қойылым да кеше ғана өмірден өткен, қазақтың тілі үшін аянбаған, қайталанбас тұлғаның бейнесін көз алдымызға әкелгендей болды. Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы бүлдіршіндерінен құралған бишілер «Достық» композициясы арқылы түрлі ұлт өкілдерінің киімін киіп, бір шаңырақ астындағы ұлттардың достас­тығын ұсынса, әртүрлі этнос өкілдері қатыс­тырылған «Қазақ тілі – ғажап тіл» атты бейнеролик ана тілдің болашағының маңыз­ды­лығынан сыр шертті. Шара соңында дархан даламыздың сұлу да бай таби­ғаты суреттелген «Жаса, Қазақстан!» атты флэшмоб ұйымдастырылып, Руслан Мамытов­тың «Жаса, Қазағым!» әнінің шыр­қал­­ғаны да игі шараның көркін келістіре түсті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар